• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Қыркүйек, 2023

Нұржан Сманов: Депутаттың шашбауын көтергеніме өкінемін

3789 рет
көрсетілді

Қытайдың Ханчжоу қаласында жазғы Азия ойындары түңлігін түрді. Келесі жылы өтетін Париж жазғы Олимпиадасына жолдама бөліске түсетін бұл доданың да бәсі жоғары. Содан кейін де Азия құрлығының жазғы Олимпиадасы деп айтылады. Жанкүйерлер боксшыларымыздан орасан жеңіс күтеді. Өйтетін себебі есеміз кетіп жүр біздің. 2018 жылы Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарында боксшыларымыз тек 2 күміс медальді місе тұтып, еңсемізді түсірген-ді.

Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы Азия ойындарына алғаш рет 1994 жылы қатысты. Жапонияның Хиросима қаласында өткен құрлық аламанында боксшылардан тұңғыш болып Нұржан Сманов  чемпион атанды. Бокстан Азия ойындарының тұңғыш чемпионын сөзге тартып, өткен шақтың бедеріне көз салып, келер күннен қандай қайран күтетінін сұрап сұхбаттастық. «Азия ойындарын ойласам, өкініш өзегімді өртейді», деді Сманов салған жерден. Тәуелсіз Қазақстанға бокстан Азия ойындарының алтын медалін алғаш болып тарту еткен саңлақты жегідей жеген нендей өкініш екен деп мұнысына абдырап қалғанымыз рас.

– Нұржан мырза, Қытайда жазғы Азия ойындары басталды. Боксшылардың жеребесі тартылды. Боксшыларымыз олимпиадалық 7 салмақ дәрежесінде рингке шығады. Сіздің есім-сойыңыз аталғанда тәуелсіз Қазақ еліне жазғы Азия ойындарының тұңғыш алтын медалін тарту еткен ерен еңбегіңіз оралады. Әрине сізден кейін санаулы сәттерден соң жеңіс тұғырына көтерілген Қанатбек Шағатаевтың да алтын медаль олжалауы біз үшін ыстық. Десе де уақыт жағын мөлшерлегенде сіз алғаш болып финалда жекпе-жек өткіздіңіз.  Сол бір жарқын сәттерге оралып, әсерлі шақты әңгімелеп берсеңіз.

– Әрине, барлығы да күні кешегідей көз алдымда, жадымнан ешқашан өшпейтін жарқын сәттер. Тәуелсіз Қазақстан елінің спортшылары тұңғыш рет жазғы Азия ойындарына қатысты. 1945 жылы атом бомбасы түсіп, қаланың 90 %-ы  жермен-жексен болған мекен ғой Хиросима. Арада 49 жыл өткенде біз осы қалаға бардық. Жапон халқының еңбекқорлығын, отансүйгіштігін шаһардың гүлденгенінен көріп ерекше әсерлендік. АҚШ-та, Еуропа елдерінде, Азияның басқа мемлекеттерінде бұған дейін де түрлі додаларға барғанбыз, бірақ менде 1994 жылы Хиросимаға келгендегідей әсер бола қойған жоқ. Енді сұрағыңа келейік. Әрине жекпе-жектер жеңіл соқты, бәрін оңай еңсердім деуге келмейді. Азия құрлығында да тегеурінді қарсыластар болды. Оның үстіне 1994 жылдың қаңтар айында Азия чемпионаты өтіп, біздің жігіттер 5 алтын медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте көш бастап мықтылығын көрсеткен еді. Содан кейін жазғы Азия ойындары қазан айында өтті, осы құрлықтағы әр елдің боксшылары біздің жігіттер  дегенде бір тырнағы бүгулі болатын.  Біздің құрамаға жүктелген міндет – командалық есепте бокстан 1-орынға  тұрақтау. Бірақ біз ол межеге жете алмадық, екінші орынды місе тұттық. Өзім 67 келі салмақ дәрежесінде 4 жекпе-жек өткіздім. Бірінші айқаста филиппиндік боксшыны ұпай санымен ұттым. Екінші жекпе-жекте  түрікменстандық боксшыны да ығыстырдым. Алда – жартылай финал, қарсылас өзбекстандық боксшы. Екеуміз рингте үнемі ырғасып, бір-біріміздің  айламызды да меңгеріп алғанбыз. Азия ойындарының жартылай финалында өзбек Нариман Атаевты да тізерлетіп финалға жеттім. Енді бір талпынсам, жазғы Азия ойындарының алтын медалі уысыма түседі. Финалға тың дайындықпен шықтым, Таиланд боксшысына рефери 1-раундтың өзінде үш рет ногдаун ашты. Айқын басымдықпен ұтып, алтын медальді еліме тарту еттім.

Мен ұлттық құрама сапында 15 жыл жүрдім, бірақ дәл осы Хиросимадағы Азия ойындарына барған кездегідей деңгейде бола алмаған екем. Нағыз зар күйіме түсіп, бабым кемерінен асқанын сонда бағамдадым. Жазғы Азия ойындарының үздік боксшысы деген марапатты да маған берді. 22 жасымда өзімнің  мықтылығымды дәлелдедім. Бірақ...

– Сөзіңізді бөлейін, расында да сіздің одан кейінгі тағдырыңызда спорттағы тоқырау белең алды, жарқырап көріне алмадыңыз. Әлем чемпионаты, 1996 жылы Атланта жазғы Олимпиадасында да жүлдеге жетпедіңіз.

– Ол кезеңді ойласам, ішімді бір өкініш буғанда бүріп жібергендей болады. Әрине, ол үшін ешкімге кінә артпаймын, айыпты өзгеден іздемеймін, албырт шақ  жастығымыздың желігінен көрем.

– Қандай келеңсіздік орын алып еді?

– Ұлттық құраманың капитаны ретінде командамызды бастап Хиросимадан Алматыға ұшып келдік, халықтың ыстық ықыласы мен кең құшағына ендік те кеттік. Президент Н.Назарбаев Алматыда қабылдап, құттықтады. Шымкент облысы деп аталады ол кезде, өзіміздің  өңірге келдік. Мұнда да күнде думан, күнде той, елдің ықыласында қисап жоқ енді. Өзім бозбала шағымнан құрама сапына қосылдым, жаттығудан қол үзбейтін едім. Бірақ дәл осы Хиросимадағы Азия ойындарынан кейін айылымызды босатыңқырап жібергенімді кеш ұғынып, бармағымды шайнап қалдым. Сөз басындағы өкініш дегеннің бір ұшы осында жатыр.

– Алда Азия ойындарынан да маңызы жоғары, мәртебесі биік әлем чемпионаты, жазғы Олимпиада ойындары бар еді ғой, неге ерте босадыңыз?

– Соны ойласам, әлі де өкінемін, 1995 жылы Парламент Мәжілісіне сайлау науқаны басталды. Шымкент облысы әкімінің орынбасары кандидат болып тіркеліп, үгіт-насихат жүргізуші топқа мені де қосқысы келетінін, беделімнің қажет екенін айтып өтініш білдірді. Ет пен терінің арасындағы желігі желкілдеп тұрған 22 жастағы түбіт мұрты тебіндеген жас жігітпін. Үлкеннің сөзін аяқасты етуге арым жібермей келісім бердім. Мен «бір-екі кездесуіне қатысармын, одан кейін қолқалай қоймас» деп ойлаған едім. Оған қоя ма, бір ай бойы ел аралап уақыт өткіздік, жаттығу жайына қалды. 1995 жылдың мамыр айында бокстан әлем чемпионаты Германияның Берлин қаласында өтті. 1996 жылы жалауы желбірейтін Атланта жазғы Олимпиадасына жолдама таратылатын байрақты дода. Бірінші жекпе-жекте америкалық боксшыны айқын басымдықпен ұтып,  екінші айқасты түрік боксшысына есе жіберіп тауым шағылды. Депутаттыққа кандидаттың  шашбауын көтеріп жүремін деп жаттығудан қол үзгенімнің  «арқасында» бабымды жоғалтқанымды сол кезде ұғындым, маңдайыма таяқ болып тиді. Кім болса да маңыма жуытпай келісім бермей жаттығуға кетіп қалуым керек еді. Егерде мен 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарындағыдай бабымда болғанымда Берлиндегі әлем чемпионатынан кемінде күміс медальмен оралар едім. Өкінбегенде қайтесің. 

– Нариман Атаев екеуіңізді  жанкүйерлердің бітіспес қарсылас деп тануына 1995 жылдың күзінде Ташкентте өткен лицензиялық турнирдің финалы да әсер еткен сияқты. Естуімізше, сізді өзбек боксшысы дуалау арқылы ұтты деген де сөз айтылады. Осы қаншалықты рас?

– Рас деп айту үшін біріншіден Нариман мені бақсы, құшынаштың алдына жетелеп барған жоқ. Бірақ  қауесет деуге де қимайсың. Неге? Атаевты мен жазғы Азия ойындарының жартылай финалында талассыз ұттым, оған ешкім шүбә келтіре алмайды. 1995 жылдың наурыз айында Орталық Азия елдерінің боксшылары арасында халықаралық турнир болды. Мен Нариманды қуып жүріп сабадым, бірақ төрешілер белден бүгіп, көпе-көрнеу өзбекке жығып берді. Күздегі айқас үшінші жекпе-жек болғалы тұр. Атаев мені ұта алмайтынын біледі. Финалда жолымыз түйісті. Рингке беттеп келе жатқанымды білемін, әрі қарай санам сансырап, ұйықтап қалғандаймын. Жекпе-жек қалай өтті, есімде жоқ. Киім ауыстыратын бөлмеде жуынғанда ғана  қалың ұйқыдан оянғандай күй кештім. Ташкент Шымкентке жақын, ағаларым, таныс-білістер де осы жекпе-жекті барып тамашалады. Кейін ағамнан естідім, олар көрермендер отыратын  жерден орын таппай шеткерірек жайғасып тамашалапты. Сонда дәл Атаев екеуміздің финалдық жекпе-жегіміз басталарда залға бақсының киіміндегі әйел адам келіп қалтарыстау жерге жайғасып,  жоралғысын жасапты. Жекпе-жектің соңғы раунды аяқталып, рингтен түскенімізде өзбек боксшысы құстай ұшып барып кемпірдің қолын сүйіп, алғысын айтыпты. Дуалау, оқыту дегенді білмейміз, бұл жақта тым қанатын кеңге жайған екен сол кезде мұндай жоралғы. Жекпе-жегімнің жазбасын кейін қосып көрсем, рингтегі Смановты танымай қалдым. Атаев олай да, былай да атойлап келіп соққының астына алады, мәңгіріп жүрмін рингте. Екінші, үшінші раундта ғана есімді жиғандай, оянғандай болыппын, бірақ бәрі кеш еді. Осылай Ташкент төрінде оған жол бердім.

– Одан кейін де сіз халықаралық турнирлерге қатысып,  жүлделі орыннан көріндіңіз. Бірақ 1996 жылғы Атланта жазғы Олимпиадасында медальға сынық сүйем жетпей сүріндіңіз. Оған да сол дуаның әсері болды ма, жоқ басқа да себеп пе?

– Өзбек боксшысының дуалауының әсерінен дей алмаймын, Атланта жазғы Олимпиадасының алғашқы айналымында австралиялық боксшыны айқын басымдықпен ұттым, екінші айналымда пәкістандық  қарсыласымды да есеңгірете ұрдым. Үшінші жекпе-жегімде әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс медаль иегері кубалық Хуан Эрнандеспен жолым түйіседі. Әрине, жеңілдім, бойы да ұзын, тәжірибесі де мығым, солақай Эрнандеске ұпай санымен есе жіберіп жүлдесіз қалдым.

Жоғарыда айтқанымдай, мен қызық қуып, думан тілеп, жиынның ортасынан табылғанша, одан гөрі жаттығудан қол үзбей тер төксем,  Олимпиаданың медалі бұйырар ма еді деген өкініш бар. Бірақ бұйырғаны осы шығар.