• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Қыркүйек, 2023

Зерендінің зерегі, құйылып тұрар өлеңі

626 рет
көрсетілді

Қорғанбек Аманжол – алдымен ақын. Ол, көркем мінезді ұстазымыз Зейнолла Қабдолов айтпақшы, поэзия бақшасында сөз өнерін ардың ісі, «Өлең – өмір, өмір – өлең» деп білген жан. «Қос бөлмелі қор­жын там, қарағайдан қиылған, Төбесі бар жата­ған, Тағдырымдай бұйырған» деп өлеңінде өрнектегендей, сол қор­жын тамнан от алып, Отанына танылған Қорғанбек туын­дылары бүлкілсіз бүтін дүниелер десек, асырып айтқандық емес.

Қарғадайынан ой-санасына өлең ұялаған талапкер мектепте қатарластары сөзбен әрең сәлем арнап жүргенде, ол шығарманы өлеңмен жазып, ұстазда­рының ілтипатына бөленеді. Сол тұстағы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті мен жастар ұйымы талантты оқу­шыларды танып-білу үшін Отан туралы шығармаға бәйге жариялайды. Елімізден жүздеген талапкер қатысады. Оза шапқан тоғыздың қатарынан Қорғанбек те табылады. Өлеңдері газетке басылады. Бү­гінгі көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, сол кездегі жастар га­зетінің сайыпқырандарының бірі Кә­дірбек Сегізбаев «Кішкентай жүрек­тердің үлкен ықыласы» деген мақаласын «Ле­ниншіл жастар» газеті жариялап, Көкше ұланына ерекше көңіл аударып, зор сенім артады.

Қорғанбек Алматыға келіп, атына қанық үлкен­дерді сырттай көргенде, жастар бас­ы­лымындағы ағаларына имене қол бергенде төбесі көкке жеткендей болады. Осы қалаға келіп оқысам деген арман асаудай ала қашып, үміт жетелеп кеткені және бар. Арман алға озып, сол үміт 1970 жылы Алматыға ат басын тіретеді. ҚазМУ-дің журналистика бөліміне құжат өткізейін деп барса, өзі секілді бота тірсек, жанарлары жалтылдаған бозөкпелер аз емес екен. Кезек алып сәл тұрады да, вокзалдан келе жатып, Жазушылар одағы дегенді көзі шалған. Бұл арадан таяқ тас­там екенін көңіліне түйіп алған. Кезегі жеткенше барып келуге бекінеді. Әлгі еңселі ғимараттың екі қабат емен есігін әрең ашып, имене басып ішке кіреді. Солға бұрылып дәлізді бойлап келе жатқан. «Жалын» журналының редакциясы деген жазуды оқығанда жүрегі тайдай тулап кетіп, сәл бөгеліп барып, ішке кірсе қара құрым қияқ мұртты, кең маңдай жігіт «Сен қай бала едің?» деген сұраулы жүзіне берген жауабы «Көкшетауданмын!» болады. Сәл күлімсіреген қияқ мұрт қия тартып: «Көкшетауда қазақ қалып па еді өзі?» дегенде, балаң жігіт жалт қарап, намысын қамшылап, турашылдығына басып: «Бар болған соң келіп тұрмын ғой!», дейді жұлып алғандай. «Мына жігіттің көзінде от бар секілді, әй, Жарасқан, киелі табалдырықты алғаш аттап тұр-ау шамасы, қолындағы дәптер толған өлең болу керек, жарайтыны болмауы мүмкін емес, біреуін қазір кетіп бара жатқан нөмірдегі топтамаға салып жіберелік», дейді. Үш айдан кейін «Менің мұңым» деген өлеңі журналға шығып, курстастарының алдында беделі өседі. Сөйтіп, деканнан әділдік сұраймын деп «әділет» деген жанама атқа ие болса, мына өлеңнен кейін ақын болып шыға келеді. Қара сөздің қас шебері мен өлең сөздің өрен жүйрігі Мұхтар Ма­ғауинмен, Жарасқан Әбдірашевпен солай жүздесіп, кейін ағалы-інілі болып кетеді.

Құжат өтіп, сынақ тапсырып жүреді. Мектепте неміс тілі жөнді оқытылмайды. Бірақ аттестатқа байқаусызда баға қойылып кеткен. Осы жайды факультет деканы, айбынды Тауман Амандосовқа өтініп айтса, көне қоймады. Шапшаңдығына басып: «Әділет қайда?», дейді. Қарақошқыл жүзі түтігіп. Тасқа түсіп тұрған кезі. Тарлан Тауман ағайымыз да осал емес, таяғын бір толғап жіберіп, ұшып тұрады. Талапкер есікті сыртынан жабады. Өтініштен түк шықпайтынына көзі жетеді. Емтиханға барын салып дайындалады. Күш-жігері тығырықтан шығарғандай болады. Оқуға түседі. Алғашқы танысу жиналысында ұстаз Амандосов «Аман­жолов!» дегенде сәл кі­діріп, дидары нұр­ла­нып, жылы жымиып, таяғына сүйеніп тұрып, «Әділет бар ма екен, Аман­­жолов?», дейді. «Бар екен, аға!». «Ен­де­­ше, құтты болсын!» деп бірінші құт­тықтаған Тау­ман ағасы Қор­ған­бек­тің әділет іздеген хикаясын курстастарына жайып са­лады.

Студенттік шақ қайта оралмас, өмірі естен кетпейтін гүлдәурен ғой. Әсіресе шығар­машылыққа ұмтылған, «сен тұра тұр, мен атайын» дейтін теңіз толқындылар үшін, тіпті жөні бөлек. Сол бір шақта, от болып жанып, шоқ болып күйетін сәтті өлең өрнегінде: «Студент, шіркін, қосылушы ма еді санатқа? Сезімің албырт лапылдап кетер заматта. Жүрегімізді ұстап, бір-бір Прометейге ұқсап, Жетуші ек ұшып Оралхан менен Сағатқа» деп, тағы бір жерде болмысы бүтін Марат Қабанбаевты да еске түсірген екен. Ол Прометейлер – Оралхан Бөкеев пен Сағат Әшімбаев еді, жастар газеті «Лениншіл жастың» тұтқасын ұстаған мықтылардың ішінде бірегейлері еді.

Жоғары оқу орнынан кейін біздің Қорғанбек қала жағаламай, таныс саға­ламай, Құдай берген талант шын болса, қай жерде де қауыз жаруға тиіс деп, алтын бесік ауылға бет түзейді. Аудандық газетте шыңдалып, облыстық басылымда ыждағаттылығымен сенімге ілініп, басшылардың қатарынан табылады. Өлеңді құйындай құйылта жүріп, газеттің қара мақаласын жаза жүріп, әдебиет әлемінің жауһар жанрларына бойлап барады. Алматыда жарық көріп жатқан сүбелі кітаптар туралы талдау мақалалар жазып, жұртшылықты хабардар етіп отыруды дәстүрге айналдырады. Көркем прозаға да қалам тартады. Өлеңдерінің қатарында ол да жарияланып жатады.

Ол кезде ел ішінде жүрген қаламы қа­рымды, ойы ұшқыр азаматты астанаға алдыру үрдісі орныққаны бар. Оның басында Шерхан Мұртазадай арыс тұрғаны да ақиқат. Соны жаңғырту үлгісімен қай жағынан да қабілеті мығым, бүгінгі білімдар Тұрсын Жұртбайдың демеуімен, атақты Мұхтар Мағауиннің ықыласымен сонау Көкшеден «Жұлдыз» журналына шақырып алынады. Шығармашылық орта ой-өресіне соны серпін беріп, тың дүниелер жазуға жол ашады.

Алыптар өнегесі дәстүр болып орнық­қан «Egemen Qazaqstan» келген соң өлеңмен қатар, эпикалық поэмаларға желі тартып, ұлтымыздың жақсылары туралы эссе-мақалалар, көркем әдебиет туралы ой-толғамдар жазып, бірінен соң бірі жарық көреді, оқырман жұрттың алғысына бөленеді. Бұл – Аманжоловтың өмір жолындағы бір белесі еді.

Екінші белесіне келер болсақ, Қор­ғанбекті алда ақын дедік. Иә, ақын, ақын болғанда тынысы кең, әр күн сайын шабыты шалқып, қырандай қалқып, қаламы тас қайраққа қайралған болат қанжардай өткірленіп, шумақтар лек-лек жосылып, қоңыр үнімен оқығанда қоңыраудай сыңғырлап, мың құбылып жатты. Оған қай өлеңін дәйекке алсаң да құйылып, табиғатты мың құбылта әсерлі бейнелеп, туған өлкесін, оның ішінде көрікті Көкшені көл-көсір етіп суреттейді. Сыңсыған шыршалар, сұқтандырар кө­ріністер, Оқжетпес, Жекебатырлар, сыл­дырлаған бұлақтар, баяу толқып, қайнап шығып жатқандай шымырлаған көлдер – бәрі де көз алдыңнан кинолентасындай сырғиды. Оқып көрелік. «Сыр тыңдашы, туған жер – Көкше мекен, Кіл жаһұттан кім сені екшеді екен... Жүзі көркем арулар іске берік, Айнакөлдің әндеткен жиегінде... Жағалауда тізілген қарағайға, қыздар ерке қиылып қарамай ма, Төгілтіп қолаң шашты тарамай ма, Жылы кеште жанында Оқжетпестің, Наз етіп сыр шертпей ме туған айға?». Бұл – Көкшетау көрінісі. «Төрт ауыл» өлеңінде сол ауыл­дар­дан тараған бауырларын түгендеп, «Төрт ауыл – төрт бауырым, бірдейсіңдер,.. Сендерсіз мені, сірә, кім дейсіңдер?», деп ынтымаққа ұйыған, берекеге бас қойған жұртына шын ілтипатын жеткізеді. Зерек ақын көркем көріністі Зерендісіне келгенде Құлагердей көсіле шабады, небір толқынысты теңеулерді табады. «Ақан да мұнда ән салған, Балқадишаның жайлары. Біржан да саған тамсанған, Зеренді қарағайлары» деп, одан соң: «Осынау бақи ғұмырдың, Жалғаса берсін тойлары. Ұмытпа жырын ұлыңның, Зеренді қарағайлары», дейді кіндік қаны тамған киелі топырағына.

Бүкіл Қазақ жерін, табиғатын, жақсы­лар мен жайсаңдарын тебірене толғаған ақын қазір өзі тұрып жатқан Алатау баурайындағы Талғар туралы толғауында тарихқа тереңдеп барып, өткен мен бүгінді ұштастыра келіп, «Тарихымды танымауым ұят-ты... Жетісудың қалалары-ай жер­ұйық, Қорғас, Қойлық, қолтықтасқан Алмалық... Кәрі Талхиз жас Талғарға жалғасқан», дейді.

Ана құдірет дейміз. Оның қасиетін бауырынан ұзап шыққанда біліп, әттең-ай дейтін тұстар аз болмайды. Оны Қорғанбек те абитуриент кезінде сезіп, елдегі анасына өлеңмен хат жазыпты: «Аңғармай тағдыр салар қиын жүгін, Болған соң жалғызың да, сүйіктің де, Анажан, сенсіз өмір қиындығын, Мен бұрын ой жүгіртіп біліппін бе?!» деп ақиқатты алға тартады. Арнау өлеңдерінің де айтары аз емес. Бар тұлғаны түгел түгендемесе де, айтулылары мен азамат замандастарын әдемі кестелейді. Махамбет пен Абай, жұртым деген, ұлтым деген Әлихан, ұрпағым деген абыз Ахмет, «Оян!» деді-ау Міржақыптың мір тілі» деп жырлаған Дулатұлы, «Жүз емес-ау, болса, сірә, он Мағжан» табылса, халықтың мұңсыз күн кешетінін алға тартады. Ақсұңқар Сәкендей (Сейфуллин) сымбаттының қилы өмір жолын қозғап, соңғы түйінде: «Сынды-ау сағы қапыда-ай, Сыр сандығы тоналып..., Халқы бірақ перзентін, қалдырар ма қапада. Сәнін бер деп Сәкеннің, Айналды ақ батаға» десе, Бауыржан батырға арнаған өлеңінің соңғы байламында: «Асыл Бауке! Асқар асу бел едің, Қазағымды қайратыңмен жебедің. Кер заманда кеудемізді бастырмай, Кердеңдерді кергітпеген сен едің... Желпініп ек шығамыз деп ұшпаққа, Әттең, әттең, қазақ әлі қыспақта. Ереуіл сал, Ер Баукеңнің рухы, Ел тұтқасын алаяққа ұс­татпа!» деп өткеннің сабағын ұқ, бүгін­нің жолбикелеріне жол берме дегенді меңзейді. Заңғар заңгер Салық ағаны «Зиманов заман сөзін толғағанда, Зиялы бар қауымның қазығысыз... Әрқашан жүгінетін арға ғана, Беретін әділдікпен барға баға» деп сомдаса, ұстазы саналатын Мұхтарға (Мағауин) ілтипатын: «Менің Мұхтар ағатайым, Мәңгілік, Өзіңізге жарасады Мен!.. деген» деп, ал Мақаш Тәтімовтей ұлтын түгендеген азаматтың: «Қазақтың ырыс дастарқанын ең ұлы Парламент» дейтін керемет сөзін дәйекке келтіріп, «Оянған қазақты ойландыру ұлы мұраты» болғанын жетеңе жеткізеді. Тіпті «Егеменнің» Ер ағасына (Смайыл) «Иә, нар ағам еді, Жанынан шуақ тараған еді. Ісіне мығым, Сөзінде шығын болмайтын. Қайран да қайтпас Шерағам, Қайсар сабаз Ерағам» деп інілік құрметін көрсетеді. Қазір ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің Ержұман Смайыл атындағы үлкен аудиториясының қабырғасында көрнекті тақтаға бедерленіп, көрнекілік ретінде ілініп қойылған бұл өлең де оның ақын­дық һәм азаматтық алымын айқын­даса керек.

Қорғанбек Аманжол соңғы жылдары айтулы ақын Несіпбек Айтұлы үлгісінде поэма жанрында өнімді еңбек етіп келеді. Қазақтың қорғаны болған қаһарман ұлдарының, сөзі мен ісінде алшақтық жоқ нағыз арыстардың бейне-болмыстарын сала-сала етіп эстетикалық талғаммен толғайды.

«Қанай–Абылай» тарихи дүние. «Ту баста Абылайды хан көтерген, қам­қоры қарауылдың шешен Қанай» деген Мағ­жанның екі жол өлеңін эпиграфқа алып, «Қазақта сөз қалдырмай қазып айтып, Азаптан алып талай шыққан еді?» деп төкпелеп, сөзге тоқтаған замандағы үш жүздің игі жақсыларының бітімін бар қасиетімен сомдай келе, ұлт ұлағаты «Арқасы-ау сондай алып бабалардың» деген түйін жасайды.

«Хан Кене Қазағымның қаһары еді... Хан Кене еркін елдің ерлігі еді, Намыстың туы болып желбіреді» деп басталатын, «Қазақ әдебиеті» газетінің үш бетінде кең жарияланған «Хан Кене. Арлан-Шамай» туындысында ақын еркін көсіледі, батырлар мен ақылман абыздардың ұлтты қорғап, жұртты сақтау ісіндегі соқпақтарды баяндай келіп, «Қа­сиет, қасіретін тең арқалап... Елім деп арпалысқан боздақтар-ай, Алашың әлі күнге алаң қабақ» деп әлі сақтанбасаң болмайды, талмаусыраған Хан Кене тағдыры соны меңземей ме деген сауалды көлденеңдетеді. Сол секілді «Шер кешу» поэмасы – кеңестік кезеңнің бұғауында жүрсе де, қазақ жетекке ерген жұрт емес, жетелі ел деп, ертең құзғындай төнер қатерге басын тігіп, «ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітап жазып, ұлт жақсыларын атап, Хан Кенені даралаған, артынан «буржуазияшыл ұлтшыл» деген дақпыртты өзіміз теліп, содан жалалы болып, саналы ғұмырын арнап алған ғылыми атағынан айырып, айдалып кетіп, соның зардабынан мына жалған дүниеден ерте «аттанған» есіл ер «Ермұқан Бекмаханов – ұлылардың қатарында тұратын тұлға» (Б. Момышұлы) туралы. Поэмада тапталған киелі ұлт тарихын түгендеу жолында Алаш рухында қызмет еткен арыстың тек-тамырына шолу жасап, арпалысқа толы күндерін, мойнына ілген кінәнің дәлелсіздігін дәлелдейтін сәттерін, соңында аққа тек Құдайдың ғана жақ болатынын тілге тиек етіп, соңында халықтық жолда қаймықпай өткен ұлттың ұлы сөз алып:

«Айырар ақ-қараны төреші кім?

Көз сүзбес қоғам бар ма әсіреге?!

...Жорықты жолдарында Хан Кененің,

Жырлаудан ақиқатты танбап едім.

Ұлытау жотасында ұлар құстай,

Ұшпаққа жетпей қалған зар көремін...

Сібірдің өкпе тескен суығы емес,

Жазылмас жан жарасы – шер кешуім!», депті жұдырықтай ет жүректі шымырлатып. Бұл өткен ғасыр ортасындағы шер кешу болса, отыз жылдан кейінгі сілкіністе: «Шабайықшы көп жыл тыныш жаттық деп, Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне» деген арғымақ текті, түркі рухты, оны «АЗиЯ» кітабы арқылы дәйектеген, «Арғымақтарда» «Көтеріл, Қыпшақ?!» деп атой салған аруақты ақын (Асқар Егеубай) Олжас Сүлейменов туралы

«Тағы да қазақ мазалы,

Тағы да қазақ азалы,

Атомнан жетіп ажалы...

Ұлы Абай туған Шыңғыста,

Ұрпаққа ғұмыр тым қысқа...

Қарауыл, Қайнар, Дегелең,

Ортайды неден кенерең?

Өзіне қыршын қол салып,

Керілмей қалды керегең»

деп тағы бір шер кешуді таразылаған «Олжас» поэмасы дер едік.

Жалпы, Қорғанбек жиырмаға тарта кітаптың авторы. Атап айтар болсақ, әр жылдары «Зеренді қарағайлары», «Сабат», «Мешітті ғалам», «Жырлаймын Көкшетауымды», «Алапа» секілді жыр жинақтарын, «Зұлмат пен Ғибрат», «Біржан бұрмалары», «Ақиреттік аманат», «Қызыл сызық», «Айсберг астындағы ағыстар» әдеби-эссе кітаптарын оқырмандар жақсы қабылдағанын білеміз. Халқымыздың қадірлі қасиеттері, өнер өрендері, олардың туып-өскен өңірі, ұрпақтары, ақын-жазу­шылардың сөзбен салған әдеби портреттері, шығармашылық лабораториялары сөз болады. Тағдырлы Шәкәрім, көрнекті ақындар Хамит Ерғалиев пен Жұбан Молдағалиев, жазушылар Әзілхан Нұршайықов, кісілігі мен кішілігі әрқашан тең түсетін Қалмұқан Исабаев, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази, Мұхтар Мағауин, жыр тұлпарлары Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жұ­мекен Нәжімеденов, Еркеш Ибраһим, ғалым Сейіт Қасқабасов, Мақаш Тәтімов, жур­налист Бекболат Әдетов, өзге де руханият саласының жүйріктерін жүйелі жаза білді.

Әлем әдебиетінің мықты прозалық кітаптарын қазақ тілінде сөйлету ісінде де Қорғанбек Аманжолдың өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Оған бір мысал келтірер болсақ, дүние жүзіне танымал классик Г.Мелвиллдің «Моби Дик немесе Ақ кит» романын осыдан бірнеше жыл бұрын ұлт тілінде сөйлетсе, сол көркем шығарма екінші қайтара жарық көрді. Мұнымен қатар грузин қаламгері Гиви Сихарулидзенің көлемді новеллалар жинағын қазақ тіліне қотарды.

Бір адамның рухсыз болуы – сор. Ал тұтас ұлт рухынан айырылса – қасірет. Рухы сынғандарда намыс болмайды. Ондай адамдарда ұлт та болмайды... Сатып та кетеді» деп ескертумен өткен Шерхан Мұртаза ағамыз айтпақшы, жеті белестің биігіне көтерілген Қорғанбек Аманжол да сол рухсыздықтың тамырын тереңге бойлатпау мақсатында жан-жақты қалам тербеп келе жатқан азамат. Біз ақын туралы алғаш сөз бастағанда қаламгерлер негізінен дүниенің құлы емес, ұлттың ұлы болуды мақсат ететінін айтқан едік. Өмір жолын, шығармаларын байыптай келе, біздің ақынымыздың осы үдеден шыққанын аңғардық. Бұл оның рухының ояу екенін көрсетеді. Мұндай асыл қасиет Зерендінің зерек ұлына, өлеңі мөлдір бұлақтай бұлқынып құйылатын арлы азаматына ғана тән қасиет деп білеміз.

 

Сүлеймен МӘМЕТ