Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, күйші Таласбек Әсемқұловтың шығармаларының 6-8 томдарының тұсаукесер рәсімі өтіп, республикалық Таласбек сыйлығының жеңімпаздары жарияланды. Аталған томдықтар – қаламгердің көптомдық шығармаларының жалғасы.
Аталған іс-шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова, Таласбектің жары, белгілі мифолог Зира Наурызбаева, ақын Ербол Алшынбай, тағы басқа замандас достары мен шәкірттері қатысып, пікірлерін ортаға салды.
Автордың Тәттімбетке қатысты «Талтүс» романы Сорос-Қазақстан қорының «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» әдеби бәйгесінің лауреаты атанғанын әдебиетсүйер қауым білсе керек. Жазушының көзі тірісінде жарық көрген аталған кітабын 2019 жылы «Shelley Fairweather Vega» (Шэлли Фейруэзер Вега) ағылшын тіліне аударып, ол «A Life at Noon Мұрағатталған 29 тамыздың 2019 жылы» деген атпен Индиана Университетінің «Slavica Pub» баспасынан шықты. Сонымен қатар роман «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында БҰҰ-ның ресми тілдеріне аударылған.
«2013 жылы Таласбектің көзі тірісінде ІІІ томдық жинағын құрастырып, жас кезінде Таласбекті қолдап, шығармашылықтарын талдап пікір жазған, кейіннен бір-бір баспаның тұтқасын ұстаған інішектеріне кіріп шықтым. «Ағаларың 2015 жылы 60 жасқа толады, әлі күнге дейін бір ғана кітабы шықты, мерейтойына сыйлық жасамаймыз ба?», деп едім. Ешқайсысы қозғалмады.
2014 жылы Таласбек Әсемқұлов дүниеден озды. Адал шәкірттері мен басқа да жастар жұмылып, 2015 жылы 10 томдық дайындадық. «Қазақ энциклопедиясы» баспасының сол кездегі бас редакторы Нұрымжан Мауытов қолдап, 2016 жылы 5 том шықты, міне, тағы 3 том қосылды.
Сонымен 10 жыл бұрын басталған жоба іске асты. Екі том таңдамалы аудармаларын кейінге қалдырдық, өйткені авторлық құқық мәселесі қиындау екен. Жарты жыл серб жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Иво Андрич қорымен хат жазыстым, бірақ рұқсат ала алмадым. Дәлірек айтқанда, олар рұқсат береді, бірақ ол аударған жазушының аты мұқабада тұру керек. Көптомдықтың мұқабасында Таласбектің аты ғана жазылып келеді ғой. Екінші томда жапон Кобо Абэ және сол қатарлы жазушылар. Құқық мәселесі тым ұзаққа созылатын болды. Сондықтан әзірге осы 8 томмен тоқтадық. Осымен дегенім, Таласбектің жас кезінде талай қолжазбасы жоғалды. Олар табыла ма екен?..», дейді жазушы мұраларына бас-көз болып, жинақтап бастырып жүрген жары Зира Наурызбаева.
Республикалық деңгейде дәстүрге айналып келе жатқан Таласбек сыйлығының «Үздік әдеби шығарма» аталымын Әлихан Жақсылық есімді жас талаптың «Крестен түсіру» әңгімесі иеленді. «Таласбектану» бойынша үздік мақала аталымын Алтынбек Мерсадық «Үлкен уақыттың мәтіні» еңбегі жеңіп алды.