• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қыркүйек, 2023

Жамбылда 10 су қоймасы салынады

276 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары тіршілік нәрінің тапшылығы еліміздің қай қиырында болсын өзекті мәселеге айнала бастағаны мәлім. Тіпті ғалымдар алдағы уақытта ағын су тапшылығы ғаламдық дең­гей­дегі проблемаға айналуы ықтимал екенін жиі айтып жүр. Сол үшін де өңірлерде өткір мәселені жедел шешудің маңызы зор.

Ағын су мәселесін оңтайлы реттеудің жолдарын бүгіннен бастап қарастыру керек. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің кейінгі күндері ағын су проблемасын шешудің балама тетіктерін табуға ай­рық­ша назар аударуы сөзімізге дәлел болса керек. Өйткені шіліңгір шілде ке­зін­де диқандар ағын судан тарықпауы қажет. Биыл орын алған олқылық келесі жылы қайталанбауға тиіс.

Жергілікті атқарушы билік өңірдегі су тапшылығын жою жұмыстарына мықтап кірісе бастады. Нақтырақ айтар болсақ, Жамбыл облысында су жүйелерін қалпына келтірудің жол картасы әзірленді. Жол картасы аясында 2023-2025 жылдары өңірдегі 257 су шаруа­шылығы нысанына қайта жаң­ғыр­ту жұмыстарын жүргізуге айрық­ша ба­сым­дық берілмек. Бұл жұмыстарды өңір басшысы тікелей өз бақылауына алмақ.

Әзірленген жол картасына сәйкес өңір­де атқарылатын жұмыс ауқымы ора­сан зор. Облыс әкімінің салаға жа­уапты орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, бүгінге дейін 257 нысанның 56-сына жобалық-сметалық құжаттама сараптаманың қорытындысына сәйкес дайындалып қойған. Бұдан бөлек, 113 каналдың сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады.

Өңірдегі 257 су шаруашылығы нысанын қалпына келтіру, әрине, оңай шаруа емес. Табанды еңбек пен жанкештілікті қажет ететін жұмыс. Деректерге сенсек, бұл жұмыстарды толық аяқтау үшін қа­зынадан 40 млрд теңге шамасында қара­жат керек. Жергілікті атқарушы би­лік осы мәселені шешуге белсене кіріс­пек.

«Өңірдегі жұмыстар жол картасына сәйкес жүргізілуі тиіс. Жетіспейтін суды қосымша су көздері арқылы қамтуды көздеп отырған жайымыз бар. Бірінші кезекте су тапшылығы бар аудандар назарымызда болады. Әлгіндей санаттағы аудандарда жерасты суын алу үшін 646 ұңғыма қазу жоспарланып отыр. Қазіргі кезге дейін 103 ұңғыма қазылып, 3,8 мың гектар алқапқа су жет­кізілді. Сонымен қатар жергілікті бюд­жет есебінен сыйымдылығы 5,3 млн текше метрді құрайтын 10 жаңа су қоймасын салу көзделген. Бүгінгі таңда 3 су қоймасының құрылыс жұмыстары басталды», дейді өңір басшысының орынбасары Қ.Мәдібек.

Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген кезде Премьер-министр Әлихан Смайылов дәл осы ұңғыма қазу жұмыс­та­рына айрықша назар аударған еді.

«Ұңғымаларды қазу жұмыстары шаруа қожалық жетекшілері үшін эко­но­ми­калық тұрғыдан тиімсіз екені түсі­нік­ті. Өйткені оған қомақты қаражат жұмсалады. Шамамен өңірдегі шаруа қо­жа­лықтардың 70 пайызының жері 50 гек­­тарды құрайды. Тіпті Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі тарапынан ұң­ғыма бұрғылау жұмыстарын 50 па­йыз мөлшерінде субсидиялау тура­­­­лы ше­шім қабылданса да, шаруаларға оңай соқ­пағаны ақиқат. Сол үшін де жер­гі­лікті бюджет есебінен қосымша тағы да 30 пайыз субсидиялау туралы шешім қабылданды. Осылайша, алдағы уа­қыт­та бұл жұмыстарды субсидиялау 80 пайызға жеткізіледі», деген Үкімет бас­­шы­сының сөзі шаруаларға дем берген еді.

Расында да, ұңғыма қазу жұмыстары Үкімет тарапынан да, жергілікті атқару­шы билік жағынан да қолдау тапқаны диқандар үшін жағымды жаңалық екені даусыз. Шаруалар бірнеше жыл бойы көтерген мәселенің енді сәтімен шешіле бастағаны көңіл қуантады. Жерасты су қорын пайдалану арқылы да салада қалыптасқан проблеманың белгілі бір бөлігін шешуге мүмкіндік мол.

Қалай алып қарасақ та, ағын су мә­селесіне келгенде айыр қалпақты ағайын­дарға деген тәуелділікті төмен­де­ту бағы­тында ауқымды жұмыстар атқа­­рылуы керек. Өңір басшысы да осы проб­лемаға ден қойып отыр. Деректерге сенсек, осы күнге дейін өңірдегі суар­малы судың 85 пайызы Қырғыз Рес­пуб­ли­касынан келетін болған.

«Ағын суға тәуелділікті азайту үшін 2019 жылдан бастап облыстың 6 ауданында халықаралық банктер несиесі есебінен 69 мың гектар алқапта жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол жобалардың әкімшісі су ресурстары коми­­тетінің «Қазсушар» мекемесі екені бел­гілі. Бүгінде жоба аясында 20,5 млрд теңге игеріліп, 33,9 мың гектар суар­­­малы алқапқа су жеткізу көрсеткіші жақсарды. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен жаңадан 3 су қоймасын салу және 1 гидрологиялық бекетті қайта жаңғырту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда «Ақмола», «Ырғайты» және «Қалғұты» су қоймаларының құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттаманы да­йындау үшін республикалық бюджеттен 243,4 млн теңге қаражат бөлініп, тиісті құжаттары әзірленіп жатыр.

Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймасын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 761 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Жуалы ауданында орналасқан «Теріс-Ащыбұлақ» және Қордай ауданындағы «Қарақоңыз» су қоймаларында қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге рес­пуб­ликалық бюджеттен жобалау-смета­лық құжаттамаларды әзірлеуге 92,7 млн теңге қарастырылды.

Бұдан бөлек, «Тасөткел» су қойма­сын­да 2020 жылдан бастап қайта жаң­ғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, сметалық құны 3,2 млрд тең­гені құрайтын су қоймасындағы жұ­мыс­тар­дың 60 пайызы аяқталды. Сондай-ақ «Жасөркен» гидробекетін қалпына келтіру мақсатында Үкімет резервінен тиісті қаражат бөлінді, құрылыс жұмыстары басталды», дейді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы алғанда өңірдегі су қойма­ла­рының денін қайта жаңғыртудан өткі­зе­тін уақыт келіп жеткені анық. Қа­лай десек те шіліңгір шілдеде ағын судың азабын тартқан шаруалар алдағы жылы мұндай қиындықты бастан өткіз­бе­уі керек.

Өңір басшысының орынбасары облыс­та он бірдей жаңа су қоймасы салынатынын айтып отыр. Жаңадан салынатын су қоймаларының мүмкіндігі қандай? Жалпы, өңірдегі су қоймалары мен бөгеттерге жөндеу жұмыстары уа­қы­тылы жүргізіліп тұра ма? Облыстағы қоймалар қандай мақсатта пайдаланы­лып жатыр? Бұл сауалдарға облыс әкім­дігі табиғи ресурс­тар және табиғат пай­да­лануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев жауап берді.

«Облыс әкімдігінің табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгерімінде жалпы саны 113 су қоймасы мен бөгеттер тіркелген. Оның 76-сы су қоймасы болса, 37-сі бөгеттер санатына жатады. Жалпы алғанда 113 су қоймасының жобалық сыйымдылығы 136,6 текше метрді құрайды. Осы жылдың вегетациялық кезеңінде су қоймаларында 100,5 млн текше метр су жиналды. 15 қыркүйектегі дерекке зер салсақ, нақты қалған су көлемі – 27,3 млн текше метр. Жоғарыда айтып өткен су қоймаларының 42-сі егін шаруашылығына пайдаланылса, 27-сі балық және егін шаруашылығына, 14-і балық шаруашылығы үшін пайдаланылып жатыр. Сондай-ақ бесеуі егістік алқап пен балық шаруашылығында қолданбайтын су қоймалар санатына жататынын да айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, 24 су қоймасы өзектерді сумен қамтамасыз етуге, ал бір қойманы эко­ло­гиялық мақсатта пайдаланып жүр­міз», дейді облыс әкімдігі табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды рет­теу бас­қар­масының басшысы Олжас Баққараев.

Басқарма басшысы келтірген дерекке сүйенсек, су тасқынының алдын алу, егіс алқаптарын дер кезінде су­мен қамтамасыз ету мақсатында су қой­ма­ларын жөндеу жұмыстары жыл сайын бел­гіленген жоспарға сәйкес жүр­гізіледі. Ал осы жылы жергілікті бюд­жет есе­бінен басқармаға қарасты 13 су қой­ма­сын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Оның бірқатарында жұмыс дер кезінде аяқталған.

«Бүгінгі таңда 10 су қоймасында жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 3 су қой­масында, нақтырақ айтар болсақ, Меркі ауданындағы «Ақермен-2», Талас ауданындағы «Қазақбай», «Қарашатта» жөн­деу жұмыстары кестеге сәйкес жүр­гі­зіліп жатыр. Сонымен қатар өңір­де жергілікті бюджет есебінен сыйым­ды­лығы 5,3 млн текше метрді құрайтын 10 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отырғаны белгілі. Қазіргі таңда Андас-1, Андас-2, Андас-3 су қоймаларының құрылысы басталды. Жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр», дейді О.Баққараев.

Басқарма басшысының айтуынша, салынуға тиіс қалған 7 су қоймасының жер учаскесінің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы 7 жаңа су қоймасының бесеуі – Тұрар Рысқұлов ауданында, біреуі – Байзақ, біреуі Меркі ауданында салынады екен.

«Су кодексінің қағидаларына сәй­кес теңгерімдегі 10 су қоймасына көп­фак­­торлы зерделеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Бұл жұмыстарды жүр­­гізу үшін осы жылы облыстық бюд­жет­тен 59,5 млн теңге бөлінді. Одан бөлек, теңгерімге қабылданған «Жас­өркен» гидрологиялық бекетіне Үкімет резервінен 405,2 млн теңге қара­жат бөлініп, қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары басталды», дейді басқарма басшысы.

Биыл орын алған құрғақшылық ал­дағы уақытта қайталанбауы керек. Өңір басшысы Е.Қарашөкеев те бұл мәсе­леге айрықша назар аударып отыр. Облыс әкімі тамшылатып және жаңбыр­ла­тып суарылатын алқаптың көлемін арттыру қажеттігін айтып та жүр. Соңғы деректерге сенсек, өңірдегі су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап 2021 жылы 40 мың гектар болса, осы жылы 57,2 мың гектарға жеткен.

Қалай десек те облыста ағын су мә­се­­лесін шешу жолында бірқатар жұ­мыстың қолға алынғаны анық. Енді жаңа­дан салынатын су қоймалары уақы­ты­лы аяқталса, диқандар үшін басты қуаныш сол болмақ.