Соңғы жылдары бүкіл еліміз бойынша құрылыс жұмыстары аса қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен құрылыс сапасына қатысты сын көп. Мердігер компаниялар өз міндетіне алған жұмысты ала-құла атқарады. Соған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің күн тәртібінде құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасын арттыру, оған мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі озық үлгілі құралдарды өндіріске енгізу, саланы цифрландыру мәселелері өткір тұр.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков құрылыс сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берді.
Спикер атап өткендей, экономиканың басқа салалары арасында құрылыс 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ең жоғары өсімді көрсетіп, нақты мәнінде 15,7%-ға ұлғайды. «Саладағы оң көрсеткіштерге қарамастан, жалпы дамудың баяулауына және тежелуіне әкеп отырған бірқатар фактор бар», деді министрлік өкілі.
Бірінші кезекте, бұл құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасы, мемлекеттік бақылауды күшейту және қатаңдату жөніндегі жаңа құралдар, саланы цифрландыру.
«Өңірлерде қала құрылысын дамытуды жүйелі жоспарлаудың болмауына және құрылыс салынған аумақты сәулетшілердің дұрыс жобаламауына байланысты орын алған кемшіліктер жұмыс істеп тұрған инженерлік желілер қуатының шамадан тыс жүктелуіне, сөйтіп, бұзылуына, істен шығуына, әлеуметтік нысандардың, рекреациялық аймақтардың қолжетімді қашықтықта орналаспауына, жол инфрақұрылымындағы кептелістерге алып келеді», деді Б. Жүнісбеков.
Сондай-ақ әкімдіктер жұмыс жобасын әзірлеу және бекіту кезінде Бас жоспардың жобалық шешімдерінен негізсіз ауытқуларға, жобаны заңсыз түзетуге жол береді. Осыған орай, 2020 жылдан бергі кезеңде комитет сәулетшілерге түрлі бұзушылықтарға жол бергені үшін 218 әкімшілік хаттама толтырды.
Сапаны қамтамасыз ету үшін ендігі жерде осы жылдың 5 сәуірінде қол қойылған жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын енгізу жөніндегі заң шеңберінде бірыңғай қала құрылысы сараптамасы қолданылатын болады. Тиісті өзгерістер 2024 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Кешенді қала құрылысы сараптамасынан өту қағидасы жобалық шешімдердің бастапқы құжаттардың шарттарына, сондай-ақ қала құрылысы және техникалық регламенттерге, сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін белгілеуді көздейді. «Қала құрылысы сараптамасынан өтпеген және оның оң қорытындысын алмаған барлық деңгейдегі қала құрылысы жобалары бекітуге және одан әрі іске асыруға жатпайды», деді ӨҚМ комитеті төрағасының орынбасары.
Әзірленіп жатқан Құрылыс кодексі шеңберінде жоспарлау кезінде өртке қарсы қызмет шаралары, санитарлық-қорғау аймақтары, инсоляция, сейсмикалық қауіпсіздікке қатысты және тұрғындардың қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да талаптар нормаларының қамтылуы қатаң қадағаланады.
Жобалау үдерісі бірыңғай цифрлық мемлекеттік платформаға енгізіледі, ол ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және заманауи трендтер мен технологияларға сәйкес келеді. Осы мақсатта арнайы ақпараттық жүйе әзірленіп, қазіргі уақытта оны міндетті пайдалануға қатысты нормативтік тұрғыда бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір айта кетерлік жайт, бұрынырақта жобалық-сметалық құжаттамаларды инженерлік желілерсіз және аумақты абаттандырусыз әзірлеуге жол беріліп келген болатын. Осы келеңсіз тәжірибені жою мақсатында Комитеттің 2023 жылғы 12 қаңтардағы № 4-нқ бұйрығымен бірыңғай жобалық-сметалық құжаттаманың жекелеген бөлімдерін кешенді түрде әзірлеуге қатысты мемлекеттік стандартқа тиісті толықтырулар енгізілді. Енді құрылыс қаңқасы инженерлік, коммуникациялық және абаттандыру нысандарымен бірге жобаланатын болады.
Айта кеткен жөн, комитет саланы цифрландыру ісін де қауырт қолға алып жатыр. Жақында құрылыс рәсімдерінің ашықтығын арттыру мақсатында құрылыс субъектілерінің күнделікті жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беретін «e-Qurylys» бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік функцияларды автоматтандырады, атап айтқанда, мұнда техникалық қадағалаудың орталықтандырылған электрондық есеп беру базасы, лицензиаттардың, техникалық қадағалаудың, инженерлік-техникалық қызметкерлердің және сарапшылардың аттестациясының бірыңғай тізілімі шоғырландырылады.
Өкінішке қарай, 2018 жылдан бері құрылыс сапасын мемлекеттік бақылау жүйесі мәжбүрлеу шараларын жедел қабылдау мүмкіндігінсіз, тек қана профилактикалық сипатта болып келген. Бүгінгі таңда әкімдіктердің құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік инспекциясының тексерулері тек азаматтардың арыз-шағымдары бойынша жүргізілуде, ал салынып жатқан нысандарды тексерумен қамту 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында небәрі 9 пайызды құрапты, 11 001 нысан бойынша 1186 тексеру жүргізілген.
Міне, осы көрсеткіштің өзі-ақ құрылыс жұмыстарына мемлекет тарапынан қалыпты бақылаудың жоқтығын білдіреді. Содан келіп құрылыс жұмыстары жүйесіз жүргізілуде. Тұрғын үй кешендерінің бейберекет салынуы, қала халқы үшін аса қажет түрлі инфрақұрылымдардың жетімсіздігі, олардың құрылыс талаптарына сай жобаланбайтыны туралы аз айтылып келе жатқан жоқ. Осы кемшілікті жоюды құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті қатты қолға алған сыңайлы. Мәслихатқа қатысушылар тарапынан болған осындай, бірыңғай проблемалық, оң шешімін күткен сауалдарға ӨҚМ Қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясаты департаментінің Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Е.Құлышев, ӨҚМ Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас сарапшысы Ә.Шұғаев жауап берді.