Таяуда Алматыда өткен «Kazakhstan Growth Forum-2023» басқосуында бизнес үшін заманауи сын-қатерлер мен еліміздің суырылып алға шығуына кедергі болып отырған факторлар кеңінен талқыланды. Жиналғандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы туралы ойларын ортаға салды. Былтырғыдай емес, бұл жолғы Жолдаудың саясатқа емес, негізінен экономикаға бағытталғанын ел бағамдап үлгеріпті. Жолдау барысында көп көңілінен шыққан бағыттардың бірі – әскери-өнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық беріліп, назар аударылды. Бұл міндет өз қауіпсіздігімізді қорғауымыз үшін қажет. Тап осы бағытта біздің басқа елдерге тәуелді екеніміз, нақ осы фактор егемендігімізге үнемі сырттан қауіп төндіретіні жиі айтылып жүр. Саммит барысында қорғаныс саласына басымдық беру мыңдаған шағын кәсіп көзін ашуға мүмкіндік беретіні де айтылды.
Алатау бөктерінде өткен саммитке қатысқан «J.P. Morgan» өкілі, макроэкономист Анатолий Шаль мұнайдың бүгінгі бағасы сұраныс пен ұсыныстың теңгеріміне көбірек байланысты екені, қазір оның құбылмалы сипатқа ие екенін айтты. «Біз мұнайды пайдаланудың ең жоғары шегінен 2023 жылдың жаз айында өтіп кеттік. 2024 жылы мұнайға сұраныс баяулайды, Ресей де, Сауд Арабиясы да 2023 жылы атап өткен өндіріс көлемін және экспортты қысқартуды бірте-бірте қысқартады», деп түсіндірді ол.
Осы ретте макроэкономист дамушы нарықтар және Қазақстан үшін де өзекті бес тәуекелді атап өтті. Оның айтуынша, тәуекелдің алғашқысы – жоғары пайыздық мөлшерлеме кезеңі. «Дамушы елдердің ірі экономикалары сол кездегіден жақсы жағдайда, олар қауіпсіздік жастықтарын жасады, икемді валюта бағамын қолданады, бюджет тапшылығы нарықтың барлық сегментінде сезіліп тұрады», деп атап өтті сарапшы. Анатолий Шальдың пікірінше, «теориялық тұрғыдан еліміз үшін өзекті екінші тәуекел негізгі сауда серіктестері – Қытай мен Еуропаның тек циклдік баяулаумен ғана қиыншылықтарды бастан кешіруімен байланысты». «Сіздердің экономикадағы 2023 жылы оң өсім таңғалдырды, бірақ бізге оның ұзақмерзімді перспективада қалай дамитыны белгісіз. Бұл – Қазақстан кіммен саудаласуы керек деген көзқарас тұрғысынан белгілі бір тәуекелдер», деді сарапшы.
Оның айтуынша, ішкі нарықтағы оң өзгерістерді әзірге ІЖӨ-нің жүгін «жеңілдететін жағдай» деп бағалауға болады, бұл басқа нарық көздеріне назар аударға мүмкіндік береді. Үшінші тәуекел, сарапшының пікірінше, барлық дамушы нарық үшін де, біздің ел үшін де өзектісі – АҚШ-тағы құлдырау қаупінің жоғары болуы. «2024 жылы Құрама Штаттардағы рецессия қаупі біздің субъективті бағалауымызда жоғары деңгейде қалып отыр. Доллардың нығаюынан, құбылмалылықтың жоғарылауынан дамушы нарықтар зардап шегеді. Қазақстан үшін өте өзекті – рецессия жағдайында мұнайға сұраныс азаяды және мұнай бағасының төмендеуі әбден мүмкін», деп атап өтті Анатолий Шаль.
Оның тізіміндегі төртінші тәуекел – мұнай бағасының ұзақмерзімді динамикасы. «Біз 2030 жылға қарай жанар-жағармайға сұраныс тәулігіне 1 миллион баррельге азаяды деп ойлаймыз. Бұл ретте мұнайға деген сұраныс арта береді, өйткені авиация өнеркәсібі мен мұнай химиясы шикізатты көбірек тұтынады», деп түсіндірді спикер.
Оның сөзінше, мұнайға сұраныс арту үшін компаниялар өндіріске инвестиция салуды жалғастыруы керек. Банк сарапшылары мұнай секторындағы 300 жобаға зерттеу жүргізіп, жобаларға салынған инвестиция табысты болып қалуы үшін мұнай бағасы қандай болуы керек екенін анықтады. Нәтижесінде, 2030 жылға дейін барреліне 60-100 доллар аралығында болатыны анықталған. «Қазақстан үшін 100 доллар өте қолайлы болар еді, 60 доллар – жақсы, өмір сүруге болады, бірақ абай болу керек», деп түсіндірді сарапшы.
Сондай-ақ саммит барысында еліміздің қандай экономикалық модельді ұстанатыны түсініксіздеу болып отырғаны да айтылып қалды. Мемлекеттік капитализм жұмыс істемейді, өйткені мемлекет басқару тұрғысынан өзінің тиімсіздігін көрсетті. Экономикалық либерализмнің англосаксондық моделі үшін қарапайым тілмен айтқанда, «экономиканы өлтіру» қажет. Ал Еуропадағыдай корпоративтік әлеуметтік мемлекет құру үшін күшті кәсіподақтар керек. Ал ол бізде жоқ. Сингапур моделі үшін адамдар үкіметке адал болып, оны тиімді мемлекеттік аппараттың орнына қолдайтын технократиялық заңдылық болуы керек.
Саммит барысында AIX тақырыбына назар аударып, бізге түсініксіздеу көрінген біраз жайтқа жауап алғымыз келді.
Себебі ел назарындағы қос биржаның есептерін қашан жариялайтыны, АҚШ-тың санкциясына ілініп қалған «Polymetal International plc» Джерси аралынан біздің елге қандай жолмен келіп қалғаны журналистер үшін ең қызықты тақырыптардың бірі болатын.
Естеріңізде болса, 2023 жылдың тамыз айының басында «Polymetal International plc» Джерси аралынан Қазақстандағы Астана халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) қайта тіркеудің «сәтті аяқталғанын» хабарлады. Оның алдында АҚШ-тың 2023 жылдың мамыр айында топтың ресейлік компаниясы «Полиметалл» АҚ-ты SDN санкциялар тізіміне енгізген. Редомициляциядан кейін AIX биржасы Полиметалдың негізгі биржасына айналды.
Тим Беннетт, ең алдымен, Полиметалды қайта құру туралы түсіндіріп берді. Бұл шешім тек биржаның емес, сонымен бірге OFAC (Office of Foreign Assets Control)-пен бірге әкімшіліктің шешімі екенін айтты. «Бұл транзакция ешқандай жағдайда санкцияларды бұзбайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тау-кен саласын дамыту керегін айтты. Транзакция кезінде санкциялар ешқандай жолмен бұзылмаған. Біз мұны мұқият бақылап отырдық», деп атап өтті ол.
Екінші мәселеге, AIX есептері туралы пікір білдіруге құзыреті жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, қаржылық есеп осы жылы – 2023 жылы жариялануы керек еді. «Жыл аяғына дейін жарияланбаса, міндетті түрде тексеремін», деп уәде берді.
Беннетт АХҚО рөлі қандай екені туралы да өз көзқарасымен бөлісті. Ол капитал нарықтары тұтастай алғанда елдің инфрақұрылымы, «қаңқасы» екенін, қаржы орталығының рөліне тура осылай деп баға беретінін айтты.
Белгілі отандық экономист, CSI стратегиялық бастамалар орталығы тобының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов Президенттің жуырдағы Жолдауында қазіргі Үкіметке жүзеге асыру қиын көптеген міндет қойылғанын атап өтті. «Алдыңғы циклде қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесінің мәдениеті сенімсіздікке, мемлекеттік басқару жүйесіндегі – мемлекеттік қызметшілер арасындағы қақтығыстарды ұдайы ынталандыруға негізделді. Әрине, мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына және жұмыс сапасына әсер етті. Ал қазір ондай ынталандыру болмаса да ешкім ешкімді бір-біріне қарсы қойып жатқан жоқ, бірақ сол мәдениет инерциясы сақталып отыр.
Іс жүзінде мемлекеттік басқару жүйесі бір-біріне деген сенімсіздік режімінде жұмыс істеуін жалғастырып келеді. Мұның бәрі реттеуші ресімдерге жүктеледі. Мемлекеттік органдар көп нәрсені шектен тыс реттеу арқылы халыққа сенімсіздік таныта бастады. Тиісінше, халық пен бизнес бұл сенімсіздікті мемлекетке қайтарады», дейді Олжас Құдайбергенов.
Экономистің айтуынша, Президенттің барлық бастамасы дұрыс жүзеге асуы үшін мемлекеттік басқару жүйесі өзгеруі керек. Мемлекеттік аппарат біртұтас, жақсы үйлестірілген команда ретінде жұмыс істеуі керек. «Бірақ әзірге сенімсіздік мәдениеті жарияланған бастамаларды жеңіп жатыр», деп санайды сарапшы.
Сарапшының сөзінше, мемлекеттік реттеудің қазіргі жүйесі тым қатал. Мысалы, банктерді реттеу тәсілі оларды бизнеске несие бермеуге мәжбүрлейді. Содан кейін банктер ШОБ субъектілеріне неге несие бермейді деген шағымдар айтылады. Бұл тек қаржы секторына ғана қатысты емес, барлық саладағы мемлекеттік реттеуді жұмсарту қажет. «Мүмкін біреулер әлеуметтік наразылықты тежеу үшін бағаны уақытша ұстауға мәжбүр, бірақ орташа және ұзақ қашықтықта бұл жұмыс істемейді», деп атап өтті экономист.
Тағы бір панельдік сессияда «Kusto Group» басшысы Еркін Тәтішев те Қазақстанның дамуы тақырыбына тоқталды. Кәсіпкердің пікірінше, трансформация мен нарықтық экономикаға көшу барлық салаға, соның ішінде мемлекеттік басқаруға да әсер етуі керек.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығымен айналысатын «Kusto Group» холдингінің басшысы еліміз маңызды көлік хабына айналу үшін Көлік министрлігі қажет екенін айтты. «Вагондар мен теміржол рельстерінің пайдалану мөлшері 30 жылдан асып кетті. Транскаспий халықаралық тасымалдау бағытын айтпастан бұрын «Бізде не бар?» деген сауалға жауап іздеу керек. Әзербайжанда 14 паром бар. Бізде жоқ», деп атап өтті ол.
Еркін Тәтішев бізге күшті, белсенді азаматтық қоғам керек екенін, ауылдан бастап, қоғамдық пікір мен бизнес басшыларына дейін осы ел мен жерге иелік көзқарастың қалыптасуы қажет екенін айтты. Күшті азаматтық қоғамы жоқ елдерде үкімет әрқашан тиімсіз екенін және жұмыс істемейтінін, популизмнің күшеюінен, әлеуметтік мәселелерді тез әрі түбегейлі шешуге уәде беретін саясаттан қорқатынын жеткізді.
Саммит спикерлерінің бірі Алмас Чукин біздің ел – әлеуметтік мемлекет, бірақ оның жаман және зиянды екенін айтты. «Бюджеттің жартысынан астамы білім беру, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалады. Дегенмен бұл қызметтерге көңілі толатындардың қатары өте аз. Себебі халық арзанның, оның ішінде тегін нәрсенің құны жоқ деп ойлайды. Сол себепті халыққа тегін қызмет көрсететін орындардың сапасын жақсартпасақ, еңбегіміз еш болады», дейді спикер. Осы ретте сарапшы алдағы 7 жылда отандастардың саны қазіргі туу көрсеткішімен 1,5 миллион адамға артатынын, оның 1 миллионы еңбекке жарамды болатынын айтты. Жылына 140 мың жұмыс орнын ашу – өте күрделі мәселе.
Алмас Чукин инфляцияның елге сырттан әкелінетініне сенімді екенін, халықтың тұрмыстық қажеттіліктеріне жұмсап отырған қаржысы импортталған инфляцияның жемсауына жұмсалып кететінін айтты. Мұндай ойды кезекті панельдік отырыста Халық банкінің басшысы Үміт Шаяхметова да білдірген еді. Қазақстан импортқа тәуелді ел болғандықтан инфляциядан зардап шегіп отыр. Тұтыну несиелері импорттық тауарларды сатып алуға жұмсалады, басқаша айтқанда, ақша осы арқылы шетелге кетіп жатыр. CFO саммитіне қатысушылар бүгінде Үкімет дәліздерінде және қоғамда көп айтылып жүрген заңсыз шығарылған активтерді елімізге қайтару тақырыбына да тоқталды. «Қазақстанның инвестициялық ахуалын бұзбау үшін алынған ақшаны қайтару мәселесіне мұқият қарау керек. Бұл Қазақстаннан капиталдың кетуіне әкеледі. Қазақстандық инвесторлардың нарықтан кету үрдісі бар, әрқашан сапалы инвесторлар келе бермейді. Олардың ақшасы бар, бірақ ертең қалай жүретінін білмейміз», дейді Халық банкінің басшысы Үміт Шаяхметова.
Қысқасы, CFO саммиті барысында Үкіметті ойландыратын, халықты толғандыратын мәселенің көп екеніне көзіміз анық жетті...