Теннистен жұптық сындағы еліміздің бірінші ракеткасы Анна Данилина Қытайдың Нинбо қаласында шымылдығы түрілген WTA 250 санатындағы турнирді сәтті бастады.
Ресейлік теннисші Александра Пановамен жұп құрап өнер көрсеткен отандасымыз алғашқы айналымда нидерландтық Арианне Хартоно мен аустралиялық Оливия Тьяндрамулияны жарыс жолынан тайдырды. Осы доданың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық-ресейлік жұп екі сетке жалғасқан матчта қарсыластарынан 6:4, 7:5 есебімен басым түсті. А.Данилина мен А.Панова ширек финалда қытай қыздары – Ханью Гуо және Цзян Синьюмен шеберлік байқасады.
Өкінішке қарай, дәл осы турнирдің жекелей сынында өнер көрсеткен әйелдер арасында еліміздің екінші ракеткасы, әлемдік рейтингте 73-орында тұрған Юлия Путинцева екінші айналымнан әріге аса алмады. Ол алғашқы кезеңде дүниежүзілік рейтингте 248-орында тұрған аустралиялық Дарья Савиллді екі сетте 6:1, 6:4 есебімен жеңгенімен, екінші айналымда жарақатына байланысты жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болды.