Кәсіп адам таңдамайды, еңбекке ынтаң болса, жетіп жатыр. Қарекет берекетке әкеледі. Ауылда жатып та әлемді аузына қаратқандар бар. Мәселен, Жетісуда дәрілік шөптерді өсіріп, сыртқа сатып отырған «Azia Gold» ЖШС кәсіпорнын бірі білсе, бірі білмейді. 30 жылдық тарихы бар өндіріс орнының иесі Алексей Коржиков шипалы шөптермен Еуропаға жол ашып отыр. Кәсіпкердің еңбегіне үңілсеңіз, ел іші ырысқа толы екеніне көз жеткізесіз.
Осы ретте қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» еске оралады. Сонда ғажайып қаламгер Жетісу жеріндегі дәрілік шөптердің қасиетін жырға қосып, емдік сипатынан сыр тартқан еді. Сарқан ауданында сол жасампаз жырдың айғағындай орын тепкен «Azia Gold» ЖШС кәсіпорны бар. Қазақстандағы дәрілік шөптерді өсіріп, жинап, оны ішінара өңдеп отырған һәм экспортқа бағытталған жалғыз өндіріс орны көпке танымал. Мұнда табиғи-климаттық жағдайларға байланысты 400-ден 650 тоннаға дейін өсімдік жиналады. Бұл көлемнің барлығы дерлік Еуроодақ елдеріне, Ресейге, Түркияға, АҚШ-қа экспортталады, өнімдер сертификатталған.
Қараңызшы, аталған кәсіпорынның 30 жылға жуық тарихы бар. Бұл кәсіп алғашында жабайы шөптер теруден басталған. Кәсіпорын директоры А.Коржиковтің айтуынша, кейін түймедақты өздері өсіре бастады. «Бұған екі нәрсе әсер етті. Өзіміз өсірсек, біріншіден, шикізат қолжетімді болады, екіншіден, жеріміздің табиғи ресурстарын сақтауға оң әсерін тигізеді», дейді кәсіпкер. Бұл сөзінің жаны бар, себебі Сарқан ауданының таулы аймақтарында жабайы алмадан бастап өсімдіктің көптеген түрі өседі. Оны сақтап қалу – ортақ міндет.
«Алғашында тұқымды Ресейден, Еуропадан сатып алдық. Кейін оларды өз климатымызға бейімдедік. Өз тұқымымыз бен көшет материалын алып, егіс алқаптарын кеңейте бастадық. Қазір дәрілік шөптердің егіс алқабы 5 мың гектарға жетті. Түймедақ, жалбыз, сәлбен, валерьяна, қалақай, лаванда, сондай-ақ долана, қарабүлдірген, таңқурай сияқты дәрілік шөптердің 10-нан аса түрін өсіреміз», деді А.Коржиков.
Бір ғана түймедақтың өзінің пайдалы қасиеттері шашетектен. Гүлдің өзегі бөлек, қалған бөлігі бөлек арнайы жабдықта ұсақталады. Соның нәтижесінде, одан екі түрлі өнім алынады. Оның өндірілетін жылдық көлемі 250-300 тоннаға жетеді. Қайта өңдеуден өткен гүлдер мен одан алынған фракциядан кейін шай және диеталық қоспалардың барлық түрі жасалады. Бірақ шетелдік тұтынушылар көбіне таңқурай мен қарақаттың хош иісті жапырақтарын негізінен жеке сусын немесе шайға пайдалы және дәмді қоспа ретінде пайдаланады.
«Емдік шөп өңдеуді жолға қою үшін құны шамамен 46 мың еуро болатын еуропалық өндірістің 3 арнайы аппаратын сатып алдық. Бөлшектерді ауыстырудың нәтижесінде, әртүрлі бағдарламалардың көмегімен бұл құрылғылар көп функция атқара алады. Дегенмен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу кезінде мемлекеттен субсидия алдық, бұл бізге едәуір қолдау болды», дейді директор.
Атап өтсек, шөп өсірілетін алқаптар аудан орталығынан 20 км-ден аса жерде Қарғалы, Қарауылтөбе ауылдарының маңында орналасқан. Әсіресе өсімдіктердің экологиялық жағынан таза болуына ерекше назар аударылады, сондықтан арамшөптерді жоюға тек Еуропалық стандартқа сай гербицидтер қолданылады. Ал қоймалары, өңдеу және сақтау цехтары Сарқан қаласында орналасқан. Кәсіпорында 55 адам жұмыс істейді. Табысқа ортақ еңбектің арқасында жетіп отырмыз дейді кәсіпорын директоры. «Жұмысшы қолы әлі де жеткіліксіз. Әсіресе жалақысы 200 мың теңгеге жететін көшет материалымен жұмыс істеу кезеңінде біз жұмысқа әйел азаматтарды көбірек тартуға тырысамыз. Әрине, бұл жұмысқа көп уақыт кетеді. Жалпы, біздің шаруашылықта жалақы жұмыс пен өндіріс түріне байланысты. Мұнда дәрілік шөптерден басқа дәнді дақылдар, тары, күнбағыс өсіріледі. Жалақы айына 900 мың теңгеге жететін кездер де болады», деді А.Коржиков.
Николай Козловский кәсіпорында 5 жылдан бері жұмыс істейді. «Шөп себеміз, тазалаймыз. Қолыма 140 мың теңге аламын. Жағдайымыз жақсы, сондықтан осында бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келемін», дейді
Алдағы жоспарлары туралы айта келе, кәсіпорын директоры дәрілік шөптер шаруашылықтағы дақылдар алқабының небәрі 30 пайыз алып жатқанына қарамастан, дәрілік шөптерден түсетін табыстың жоғары екенін де атап өтті. Алдағы уақытта көшет өсіру үшін жылыжайлар салуды жоспарлап отыр. Себебі кейбір өсімдіктерді ерте көктемде отырғызу керек. Сонымен қатар кәсіпорын басшылығының әмбебап дәмдеуіштер өсірсек деген де ойы бар.
Атап өтсек, қазір «Azia Gold» ЖШС кәсіпорнында түрлі дәрілік шөптер мен өсімдіктердің 10-нан аса түрі өсіріледі. Алқап маусым-шілде айларында гүлдеп тұрады. Жаз мезгілінде түрлі-түсті гүлдерімен көмкерілген алқапты көруге қызығатындар қатары көбейіп жатса, таңғалмаймыз. Өйткені кәсіпорын осы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, іргесін кеңейте беретін болса, болашақта агротуризм бағытындағы танымал орынға айналуы мүмкін.
«Өнімдерімізге деген сұраныс біздің өндіру қуатымыздан да асып тұр, яғни фитоөнім шығару – болашағы бар сала, сондықтан біз кәсіпорынды кеңейтудің нақты жоспарларын жасап жатырмыз», дейді Алексей Викторович.
Естеріңізде болса, Президент былтыр Жетісуға сапарында «Облыста 100 мың гектардан аса пайдаланылмай жатқан жер анықталды. Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек», деген еді. Соған орай ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы алаңы 1,8 мың гектарға ұлғайтылып, 519 мың гектарды құрады. Осы ретте айта кетейік, жалпы биыл өңірде 875 мың тонна астық, яғни масақты дәнді дақылдар, дәндік жүгері, күріш жиналады деп көзделіп отыр. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде дәнді дақылдардың 233,3 мың гектары немесе 72 пайыз жиналды, гектар өнімділігі орта есеппен 17,6 центнерден айналуда. Жалпы, 411 мың тонна астық бастырылды.
«Себілген 80,6 мың гектар майлы дақылдардың 2,2 мың гектары, соның ішінде 1,3 мың гектар мақсары, 0,5 мың гектар майбұршақ, 0,1 мың гектар зығыр орылып, 2,4 мың тонна жиналды, орташа гектар өнімділігі – 10,9 центнер. Картоп алқабының 50,4 пайыз немесе 6 мың гектары қазылып, 122,6 мың тонна жиналды, әр гектардан 205,2 центнерден шықты. Көкөніс-бақша дақылдарын жинау жұмыстары аяқталуға жақын, 9,3 мың гектардың 7,8 мыңы алынып, 227,8 мың тонна жиналды, гектарына 291,4 центнерден шығым берді», дейді басқарма мамандары.
Ал қант қызылшасын жинау жұмыстары 10 қыркүйектен басталып, бүгінде 210 гектар алқаптан 8,2 мың тонна тәтті түбір жиналды, өнімділігі 399,2 цн/га құрап отыр. Егін орағына 993 комбайн жұмылдырылып, бір астық қабылдау пункті, 380 астық қоймасы мен 81 механикаландырылған қырман дайындалды. Күзгі дала жұмыстарына 7,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бүгінге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 1,9 мың тоннасын алды.
Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 23,5 млрд теңге қарастырылса, соның 10,3 млрд теңгесі егін шаруашылығына бағытталды. Өңірлік баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы дәнді дақылдар 847,3 мың тонна болса, биыл бұл көрсеткіш 875,3 мың тонна болып отыр.
Жетісу облысы