Өңірде әр нәрсені сылтау етіп алимент борышын төлеуден жалтарып жүргендердің қатары азаймай тұр. Олардың мойнындағы қарыз көлемі 500 млн теңгеден асып кеткен.
Әдетте құзырлы орындар мұндай борышкерлердің қарызын оның мүлкін тәркілеу, елден тыс жерлерге шығуына уақытша тыйым салу, белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға шектеу қою сияқты заң күшін қолдану арқылы мәжбүрлі түрде өндіріп алып жатады. Алайда онсыз да әке жылуынан қағылып, жанары жаутаңдап қалған бейкүнә сәбиіне қараспақ түгілі, өз басын әрең алып жүргендердің бар екені де белгілі. Құзырлы орындар осы жағын да ескерсе керек, Тобыл қаласында алимент берешегі бар және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Қостанай ауданының прокуратурасы мен өзге де жауапты орындар бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға ауданның 18 кәсіпорны, жиырма шақты борышкер және пробацияда есепте тұрған 34 адам қатысты.
Жәрмеңке барысында ұсынылған жұмыс түрлері де әр алуан. Кәсіпкерлердің айтуынша, қазір ауданда ағаш ұстасы, сылақшы, пластикалық терезе құрастырушы, дәнекерлеуші, электр маманы, кірпіш қалаушы, от жағушы, жүк түсіруші, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаушы, жүргізуші, механизатор, слесарь, темір ұстасы сияқты мамандар жоғары сұранысқа ие.
– Ұйымдастырушылар ұсынып жатқан жұмыстардың біразын бұрын істеп көргенмін. Қолайыма келетінін таңдап алдым. Біз жұбайымыз екеуміз қостарапты келісім бойынша бейбіт ажырасқанбыз. Бастапқыда алимент мерзімін кешіктірмей жұмыс орнымның есеп бөлімі арқылы төлеп тұрдым. Кейін мен жұмыс істеп жатқан серіктестік жабылып қалды да, бірталай адам жұмыссыз қалдық. Одан кейін бір-екі мекемеде жұмыс істеп көрдім, бірақ жалақысы мардымсыз болған соң, жұмыстан шығуыма тура келді. Осылайша, біраз уақыт жұмыс таба алмай жүріп қалып, құқық қорғау органдарының қара тізіміне іліктім. Енді осы іс-шарадан кейін жағдай түзеледі деген ойдамын, – дейді Александр есімді азамат.
Іс-шара барысында 13 адам жұмысқа орналасты. Оның алтауы алиментін төлей алмай жүргендер, жетеуі пробация қызметінің тіркеуіндегі сотталған адам.
– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі сияқты іс-шаралар қатысушылардың білімі мен кәсібі ескеріле отырып ұйымдастырылады. Олар осы жерде еңбек жағдайына қанығып, жұмыс берушімен алдын ала еңбек шартын жасайды. Бұл борышкерлердің қордаланып қалған алимент қарызын бірте-бірте өтеуіне мүмкіндік береді. Ал жұмыс істегісі келмейтін борышкерлер заң белгілеген жауапкершілікке тартылады, – дейді Қостанай аудандық прокуратурасының прокуроры Ақмейір Темірқызы.
Прокуратура мамандарының мәліметінше, бүгінде алимент төлемдерін төлемеген 10 борышкер Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ 7 борышкерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабына сәйкес әкімшілік жаза тағайындалған.
Қостанай облысы