Биыл Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойы екені белгілі. Актрисаның есімін арқалаған Талдықорған драма театры айтулы мерекеге қызу дайындалып жатыр. Соған орай шығармашылық ұжымға облыс әкімі Бейбіт Исабаев жаңа көліктің кілтін табыстап, алдағы «BIKEN» І Халықаралық театр фестиваліне сәттілік тіледі.
Театр ұжымы гастрольдік сапарларға пайдалану үшін ыңғайлы автобусты көптен бері қажетсініп жүрген еді. Міне, енді істің орайы келіп, мерейтой аясында 41 орынға арналған «King long» маркалы заманауи автобус сатып алуға облыстық бюджеттен 65 млн теңге бөлінді. Театрдың гастрольдік сапарларға жиі шығатынын ескерсек, жаңа автобус әртістердің алыс-жақын жол жүрулері үшін қолайлы болса, сол сияқты костюмдерін, реквизиттерін, декорацияларын тасымалдауды айтарлықтай жеңілдетеді.
Мәселен, жақын арада театр ұжымы Қарағандыда өткен Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын шын болсын» атты республикалық театр фестиваліне қатысып, М.Себастьянның «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық драмасын ұсынып, ІІ орынға ие болды. Бұл да облыс үшін үлкен мәртебе.
Шығармашылық ұжым мүшелерімен әңгімелескен өңір басшысы Бейбіт Исабаев театрдың қоғамның адамгершілік рухындағы тәрбиесіне және жалпы мәдени дамуындағы рөліне тоқталып өтті.
«Адам театрға келгенде, жаны демалып, рухани жаңғырып қайтады. Қазір көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізетін жас ұрпақ үшін театрдағы шексіз эмоция, сауатты сөйлеу мәнерінің тәрбиесі аса маңызды. Театр және кино актрисасы Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойы аясында өтетін «BIKEN» І Халықаралық театр фестивалін сіздермен бірге лайықты деңгейде өткіземіз деп ойлаймын, бұл іс-шара ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды сақтауға, қазақ театры мен өнерін дамытуға маңызды үлес қосады, ең бастысы, театрға көрермен тартуға зор ықпал етеді», деді ол.
Мұнан кейін іс-шара Алматы қаласынан келген «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің концертімен жалғасты. Көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Тілегенов. Белгілі музыкалық ұжым Жетісу тұрғындарына фольклорлық сазға толы «Ғасыр сазы» деп аталатын жанды концерттік бағдарлама ұсынды. Іс-шараға «Жетісу сазы» ФЭА да қатысты.
Жетісу облысы