Футболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы топтық кезеңнің кезекті тур ойынын өткізіп, сырт алаңда Армения футболшыларын қапы қалдырды.
Армавир қаласындағы «Армавир Стэдиум» стадионында өткен бәсекеде Мадияр Кембілов жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасының қыздары 2:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің 27-минутында жерлестерімізден Әселхан Тұрлыбекова мергендігімен көзге түсіп, ойынның есебін ашты. Екінші таймның 54-минутында алаң иелері сапынан Вероника Асатрян жергілікті жанкүйерлерді қуантып, таразы басын теңестірген еді. Алайда армениялықтардың қуанышы көпке созылған жоқ. Арада үш минут өткенде Арайлым Орынбасарова Қазақстан құрамасының жеңіс голын соқты.
Мұның алдында еліміздің қыздар құрамасы Эстония футболшыларымен жасыл алаңда жолығып, 0:0 есебімен тең түскен еді. Осылайша, екі матчта төрт ұпай жинаған Мадияр Кембілов шәкірттері өз тобында көш бастады. Жерлестеріміз кейінгі кездесулерін 26, 31 қазан күндері өткізеді. Алғаш өз алаңымызда Израиль құрамасын қабылдаса, кейіннен Тель-Авивке сапар шегеді.