• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 27 Қыркүйек, 2023

Би падишасына құрмет

173 рет
көрсетілді

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде қазақ балет өнерінің хас шебері, педагог Болат Аюхановтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Менің балетім» атты көрме ашылды. Еңбек күні аясында есік ашқан көрме таңғажайып талант иесінің өмір белестерінен, шығармашылық жолынан хабар береді.

«Мен әрқашан айналамнан талантты адамдарды көргім келеді. Олар мен үшін мереке» деп ағынан жарылған Аюханов тағы бір жазбасында: «Балет тек өнер ғана емес! Бұл – бейнет! Бұл – еңбек! Бұл – төгілген қан мен тер!» деп тебіреніпті. Саналы ғұмырын бекзат өнермен ұштастырған шебер қазақ балет мектебін биік шыңға көтеріп, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосты.

Көрменің ашылу салтанатына қатыс­қан әріптестері мен шәкірттері оны өз ісіне құлай берілген маман, ұлтын сүюдің ұлағатты үлгісін көрсеткен азамат ретінде еске алды. Күнделігіне «Мен қазақты құ­былыс деп есептеймін. Бұл – ұлт деген ұғым­нан да биік!» деп жазған би саңлағы өз хал­қының таным-тағылымын, салт-дәс­­түрін, рухани мектебін айрықша баға­лаған.

Қонақтар өнер иесінің көрме төрінен орын алған фотошежіресімен, тіршілігінде тұтынған жеке заттарымен, сондай-ақ марапаттары және ғылыми еңбектерімен танысты. Экспозицияның елеулі бөлігіне бишінің түрлі қойылымда киген сахналық костюмдері қойылған. Олар­дың қатарында Қазақ КСР халық әртісі А.В.Селезневке тиесілі болған, кейіннен Б.Аюхановқа сыйға берілген сахналық киім, 1965 жылы «Жас балет» театрында Куба биіне арнайы тігілген костюм, Ян Сибелиустың музыкасына жазылған «Мұңлы вальс» классикалық биіне киген калетасы және «Гамлет» бале­тіндегі өзінің сүйікті партиясын орын­даған­да киген костюмі келушілердің зор қызығу­шылығын тудырды.

Айтулы іс-шараны ашқан Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Ха­ри­пова тағдыр берген талантын ел мәдениетін өркендетуге арнаған айтулы тұлғаның айшықты мұралары кейінгі ұрпақ үшін өлмес өнеге екенін атады.

Көрме Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік орталық музейі қорындағы Болат Аюхановтың жеке кешенінен және Мемлекеттік академиялық би театрынан алынған материалдар негізінде жасақталған.

Болат Ғазизұлы Аюханов – 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында дүние­ге келген. 1955 ж. Алматы хореография учи­лищесін, 1964 ж. А.В.Луначар­ский атындағы Мәскеу театр өнері инс­титутының балетмейстерлік факуль­тетін тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын 1957 ж. Абай атындағы Қазақ Мем­лекеттік академиялық опера және балет театрын­да балет әртісі болып бастаған.

1964 ж. бастап Абай атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық опера және балет театрында балетмейстер, 1965 жыл­дан «Қазақконцерт» екі актерлі Театры­ның балет солисі, ал 1967 жылдан «Қазақконцерт» жанындағы Алматы Жас­тар балеті көркемдік жетекшісі, балет солисі болды. 1975 ж. Қазақстан клас­сикалық би Ансамблінің көркемдік жетек­шісі, кейіннен директоры қызметін атқарды. 1991 ж. Қазақ мемлекеттік клас­сикалық би ансамблінің көркемдік жетек­шісі, 2003 жылдан өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған Мемлекеттік ака­демиялық би театрының директоры болды.

 

АЛМАТЫ