• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 27 Қыркүйек, 2023

Қияда табысқандар

737 рет
көрсетілді

2001 жылдың қоңыр күзі. Қобда беті қазақтары арасынан шыққан тарихи тұлға – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Моңғол елінің өкілдерімен бірге Сталиннің қабылдауында болған, 1960 жылдары қытай көсемі Мао Цзэдунмен дастарқан басында жолығып, дәм татысқан Қашқынбай Мәлікұлы туралы дерек жинап жүрдім. Сол тұста Қашекеңнің туған күйеу баласы, бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік саласының ардагері Тоқталхан Нұғыманұлы Теміртау қаласында тұрып жатыр дегенді құлағымыз шалды.

Дереу атқа қондық. Қасымда сол тұста «Қазақ елі» апталығының аста­налық тілшісі қазіргі таңда танымал кә­сіпкер Самархан Өмірханұлы бар. Ағамыз қаланың шетіне таман Құры­лысшылар көшесі, 1а-үйдің 5-қабаты, 44-пәтерінде тұрады екен. Алдын ала телефон арқылы айтылған уәде бойын­ша қайын атасы, қоғам қайраткері Қаш­қынбай Мәлікұлының фотоларын дайындап қойыпты. Әбден ысылған, тиянақты адам екені көрініп тұр. Қалың қағаз арасынан суырып шығып, қажет фотоларды қолымызға ұстатты.

Сол екі ортада қопыраған көп қа­­ғаз­­дың арасынан «Ізгі ниетпен Қасымжомарт Тоқаев» деп қол қойған хатты көріп қалдық. Ол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің Премьер-министрі болатын. Хат Қа­зақстан Республикасы Премьер-министрінің бланкісіне жазылып, оң жақ шекесіне тіркеу нөмірі (14-8/т -665,1) көрсетіліп, 2001 жылдың 23 сәуір күні жолданыпты. Хаттағы жазуды оқып үлгермедік. Ағамыз оны биіктеу жерге қойып жатып: «Қазіргі үкімет басшысы Қасымжомарттың әкесі Кемел ағамен кезінде хат алмасып, хабарласып тұрған едім, бұл маған рахметін айтып баласының жазғаны еді», деді. Бар айтқаны осы. Тіпті жү­зінде мақтаныштың лебі де жоқ. Басқа біреу болса ағыл-тегіл көсілер ме еді кім білсін...

 

* * *

Осы оқиға содан бері үнемі кө­кейде жүрді. Жуықта жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жат­қанын көріп, жоғарыдағы Тоқталхан ағаның айтқаны есіме түскені.

Содан Тоқаңның ойдағы-қырдағы балаларына хабарластым. Құдай оң­дағанда Тоқталхан Нұғыманұлы өзі дүниеден өтерінен бір жыл бұрын «Адам­ның қыры мен сыры» атты ме­муарлық естелік кітап жазып, онысы 2008 жылы Қарағанды қаласындағы «Kagan» баспасынан жарық көрген екен.

Осы еңбекте жоғарыдағы оқиғаның ұзын-ырғасын былай деп жазылады: «1966 жыл. Қарашаның 7-сі. Мәскеу қаласы. Октябрь революциясының ұлы мерекесі аталып өтуде. Осындай тарихи датаның куәсі болғанымды зор ба­қыт деп есептеймін. Менің мұнда келу себебім: Моңғолия Республикасы Ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет атқаратын бір топ адам кеңестік барлау жүйесінің екі жылдық іс-тәжірибесінен өту үшін келген едік. Осы екі жылда барлау қызметінің не бір қулық-сұмдығын үйреніп, сыр-сипатына қанықтық. Темірдей тәртіп, басқан ізің мен айтқан сөзің аңдулы. Әр ай сайын сынақ. Одан сүрінбей өтсең, мәртебең артады, жалақың өседі. Өңшең моңғол. Жалғыз қазақпын. Теориялық ілімнен сүрінбеймін, қиыны – тапаншамен нысана көздеу. Күнделікті ату сабағынан үнемі мүлт кетем. Мен үшін үш оқпен 30 ұпай алу арман. Сөйтіп жүргенде, тапаншамен атудан қорытынды емтихан тапсыратын болдық. Тәңірге тәу етіп, жалбарынған ниетпен ұйқыға шомдым. Ертеңінде ең соңында мен ататын болдым. Себебі жақсыларды алдыға жіберді. Олар 27, 28, 29 ұпай алып жатыр. Ең соңында мен аттым. Үш оғым да ондықтың ортасын ойып түсті. 30 ұпай. Біреу сүйінді, біреу күйінді...

Ертеңінде жатақханадан шықсам, есік алдында әскери жаттығу пәнінен сабақ беретін Шилов атты ұстаз ұзын бойлы, кең жауырынды, апайтөс азаматпен сөйлесіп тұр екен. Шилов мені «бері келіңіз?» деп шақырды. Жа­қындай бергенімде әлгі адам маған «Ассалаумағалейкум» деп қолын созды. Ол кезде бұлай амандасу ерсі кө­рінетін. Сонда да дәстүрден жаңылмай «Уағалейкумсалам» деп қолын алдым. Ол кісі менің қайдан келгенімді, кім еке­німді сұрап жатыр. Мен де білген-түйгенімді айтып жатырмын. Салт-сана, дәстүр туралы сөйлестік. Әңгіме барысында әлгі ағай:

– Сені көріп, қаймағы бұзылмаған қазақы қалыпты танығандай болып қуанып тұрмын, – деді. Азаматтың бұл лебізіне арқаланып:

– Асанқайғы бабамыз, Алтайдың биік шыңына шығып тұрып, бұл жердің жұрты ат табанына тозып, халқы өнер-білімнен кенжелеп қалар ма екен, деп алаңдаған көрінеді, – дедім, өзім туған ауыл-аймақтың жайын аңғартып.

Менің ақтарыла айтқан сөзімді үз­бей тыңдаған апайтөс азамат: – Жаңа сенің ұстазың қазақ екеніңді және сыннан сүрінбей өткеніңді айтты. Біз осылай сөйлесіп тұрғанымызда өзің шыға келдің. Танысқаныма қуаныштымын, сен еліңе қайтар тұста мен мұнда болмаймын, десе де азаматтарға тапсырып кетем, олар шығарып салатын болады, – деп қоштасты. Қызық болғанда бұл ағайдан «сіз кім боласыз?» деп атын да сұрамаппын.

Мен оқу бітірер тұста, яғни Мәс­кеуден аттанардан бір апта бұрын әкем Нұ­ғыман келді. Ол кісіні қала арала­тып мәре-сәре жүріп, апайтөс ағай­дың айтқаны есімнен шығып кетіпті. Мәс­кеуден аттануға екі-үш күн қалғанда жатақханаға екі қа­зақ жігіті келді. Қол­­дарында ағаштан ойып жасалған кереге қанат қыранның мүсіні. Оған «Моң­ғолиялық қандасым Тоқталханға. Ағасы Кемел Тоқаевтан» деп жазылып және өзінің Алматыдағы әдіресін беріп жіберіпті. Қыранның мүсінін көрген әкей: «Қарағым, мынау тегін адам болмады. Өзінің әдіресін жібергені хат жазып, хабарласып тұр дегені ғой, шамаң келсе хат жаз», деді.

Елге келген соң әкейдің аманаты бойынша Кемел ағама хат жаздым. Ол кісі де маған хат жазып тұрды. – Содан бір күні, – дейді Тоқталхан ағай естелігінде: – Алматыдан семіз конверт келді. Конвертті ашсам алғашқы бетіне «Сарғабанда болған оқиға» деп тақырып қойған үлкен қолжазба кітап екен. Сөйт­сем, ағам маған 1975 жылы жарық көрген «Сарғабанда болған оқиға» атты повесін жіберіпті, – дейді. Хатта:

«Құрметті Тоқталхан!

Ең алдымен, Қазақ жерінен, Абай, Жамбыл, Мұхтар елінен көп-көп сә­лем жолдауға ұлықсат етіңіз. Қазір өзі­ңізге мәлім Совет адамдары Октя­брь революциясының 60 жылдық мере­кесін қарсы алу үшін зор дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ұлы тойға Қазақстан жазушылары да өз үлесін қосу үшін атсалысуда. Мен сондай жұ­мыстармен Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекет қауіпсіздік комитетіне бара қалған едім. Сол жерде Мұрат деген жі­гітпен таныстым. Ол сіздің өті­ні­ші­­ңізді жеткізіп, хатыңызды оқып берді. Сіздің сұрауыңыз бойынша былтыр «Жазушы» баспасы шығарған «Сарғабанда болған оқиға» деген повес­тер жинағын жіберіп отырмын.

Сіз менің кітаптарымды моңғол тіліне аударуға талаптанып жүрген ние­тіңіз бар көрінеді. Жазушы үшін оның шығармасы достас елдің тіліне аударылып жатса, бұл – үлкен ғанибет іс. Ондай ізгі ниетті қолдаған жөн. Бірақ көркем шығарманың өзіне тән көп ерекшелігі бар. Сондықтан бұл жайында Моңғол жазушыларымен, баспа орындарының адамдарымен ақылдасқан жөн. Еңбек сонда жемісті болады...

Сәлеммен Тоқаев

Алматы, июнь, 1976 жыл».

 

* * *

Осылай Кемел көкесінің кітабы қо­лына тиген соң Тоқталхан ағамыз оны тарау-тарауымен жіктеп, жіліктеп аударып, моңғолиялық әскери басылым «Улаан од» («Қызыл жұлдыз») газетіне бастырыпты. Ол газеттің бірнеше санына үзбей жарияланыпты. Кейін осы жариялымдарды жинақтап кітап етіп бастырайын деп жүргенде, 1986 жылы Кемел ағаның өзі дүниеден өтіп кетеді де, жоспары орындалмай қалады. «Екін­ші дүркін қолға алғанымда, Қазақ­стан­ға көш бас­талып кетіп, аға аманатын аяқтай алмадым...», дейді Тоқаң («Ор­­талық Қазақстан» газеті. 6 шілде, 2002 жыл).

 

* * *

Өткен ғасырдың 70-жылдары жазушы Кемел Тоқаевпен хат-хабар алмасып, ол кісінің шығармасын моңғол тіліне аударып, онысын Моңғолияның танымал газетіне жариялаған Тоқталхан Нұғыманұлы туралы қысқаша таныс­тырсақ. Ол 1938 жылы Бай-Өлке айма­ғында туған. Өзінің естелік кітабында: «Мен туған жылы әкемнің туған жездесі Баймұхамед молда, нағашыларым – Тәукей, Мамәділ, Жұмаділдер «халық жауы» атанып, атылыпты. Мені ұлы шешем бауырына салып асырапты. Апама еркелеп жүріп 11 жасымда мектеп табалдырығын ат­тадым. 1959 жылы 10 жылдықты біті­ріп, Ұланбатыр қаласындағы ұлттық универ­ситеттің заң факультетіне қабыл­дан­дым. Жо­ғары оқу орнын бітірген соң, мем­ле­кеттік қауіпсіздік саласында 27 жыл үзбей еңбек етіп, 1991 жылы зейнетке шық­т­ым», деп жазса (Нұғыманұлы Т. «Адам­ның қыры мен сыры» Қарағанды қаласы, «Kagan» баспа орталығы: 2008 жыл, 27-бет), байөлкелік «Жібек жолы» атты газеттің 2011 жылы №22 са­нын­да жарық көрген Тоқаң туралы қызы Нұрымгүл әкесінің Қазақ­станға көші-қон басталған 1991 жылы Қобда бетінен 442 отбасын бастап әкеліп, оларды Қарағанды облысының Қар­қаралы, Егіндібұлақ, Бұқар жырау аудан­дарына орналастырғанын баян­­дапты. Тоқталхан ағамыз 2009 жылы дүниеден өтіп, соңғы тұрағын Қа­рағанды облысы Осакаров ауданы Са­ры­өзек ауылының зиратынан тапқан екен.