• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 28 Қыркүйек, 2023

Полимер өндірісінің пайдасы

585 рет
көрсетілді

Полимер индустриясы – әлемде қарқынды дамып келе жатқан сала. Бүгінде мұнайдан алынатын полимерлер медицина, құрылыс, автомобиль жасау, электроника, электртехника, көлік салаларында кеңінен қолданыла бастады. Сондай-ақ оны пластик пакеттер, орауыш материалдар, ыстық сумен жабдықтау құбырлары, бақша және кеңсе жиһаздары, ойыншықтар, ас­пап жасау өндірісін де пайдала­нады. Бұл өндірістің ғылыммен ықпалдастықта дамитынын қапер­ге алсақ, ғылыми қауымдас­тық біздің елдегі полимер ғылы­мының дамуын академик Еренғайып Шайхутдиновтың есімімен байланыстырады.

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «QazPolymers Dialogue: білім, ғылым және бизнестің өзара ықпалдастығына» арналған дөңгелек үстел химия ғылым­дарының докторы, профессор Еренғайып Шайхутдиновтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылды. Саналы ғұмырын полимер ғылымының дамуына, химиялық инженерия саласының өрістеуіне арнаған академик іргелі зерттеулерін жазып, макромолекулярлық химия саласына тыңнан түрен салды.

– Қазақ политехникалық институ­тының проректоры, ректоры қызметін атқарған жылдарда академик Еренғайып Шайхутдинов органикалық заттар мен материалдар, бейорганикалық және жа­рылғыш заттар, пиротехникалық құ­ралдар, мұнай-газ, көмір, полимер­лер­ді өндіру әрі өңдеумен байланыс­ты химиялық технология саласына тех­­но­логтарды даярлау ісін дамытты. Ака­демиктің басшылығымен ел экономикасы үшін қиын кезеңнің өзінде, өткен ғасырдың 90-жылдарында оқу орнында инженерлік бейіндегі мамандар даярлана бастады. Студенттер мен оқытушылар білім алмасу бағдарламасымен алыс-жақын шетелдерге шықты. Химия саласында 600-ден астам ғылыми еңбек жазып, осы салада жаңалықтың жаршысы бола білген академик 40 ғылым кандидатын, 10 ғылым докторын, 5 PhD дайындады. Бүгінде Президент Жол­дауындағы міндеттерге орай уни­вер­ситет полимер өнеркәсібінде маман­дарға қажеттілікті өтей отырып, инженер мамандардың біліктілігін арттыру, жаңа буын мамандарын даярлауға қатысты мәселелерде мүдделі тараптардың ұсыныс­тарын тың­дауға дайын. Сондықтан қарқын­ды дамып келе жатқан полимер өнер­кәсібінің, мұнай-газ-химия саласының алдында өндірісті ғылыммен ұштастыру міндеті тұр, – деді ректор Мейрам Бегентаев.

Сарапшылардың болжамына сәйкес, елімізде полимер нарығы жылына орташа есеппен 4 пайызға өсіп жатыр. Құрылыс материалдары, қаптама бұйымдар, автомобиль жасау сегментінде полимерлі өнімдерді пайдалану кейінгі алты жылда екі есе өскен. Биылға дейін нарық гранулды полипропиленмен қамтамасыз етіліп келсе, жылдық қуаты 500 тоннаны құрайтын Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) полипропилен өндірістік кешенінің іске қосылуы еліміздегі өң­деу­ші кәсіпорындардың қажеттілігін қам­тамасыз ететін болады. Осы орайда елі­міздегі бірқатар техникалық жоғары оқу орындарымен ықпалдастықта жұмыс істеп келе жатқан Атыраудағы полипропилен өндіру зауыты әлемдік нарықта өзін ірі ойыншы екенін дәлелдей отырып, 2030 жылға қарай өндірісін 110 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. «KPI Inc» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов полимер өндірісінің басымдықтарына тоқталып, полипропилен және полимерден жасалған бұйымдар өндірісін дамыта отырып, темір, қағаз, ағаш сияқты дәстүрлі материалдарды полимерге алмастыру, полимер бұйымдар экспортын, оның құрылыс, медицина саласындағы үлесін арттырудың маңызды екенін атап өтті.

Жиын барысында ғалымдар мен биз­нес өкілдеріне ғылымды қажет ете­тін экономика құру үшін ғылыми зертт­еу­лерді жүзеге асыруға және коммер­цияландыруға жәрдемдесетін жобалар туралы «Ғылым қоры» АҚ басқарма төр­ағасы Әбділда Шәменов айтып берді. Ол өңірлер мен салалар бойын­ша коммерцияланған жобаларға, идеядан коммерцияландыруға дейінгі толық ғылыми-технологиялық циклді қам­тамасыз ету тетіктеріне тоқтал­ды. Ен­дігі кезекте Президент Жолдауын­да айтылған бизнес-инкубатор, коммер­цияландыру орталығы, технопарк, құ­рас­тыру бюросы сияқты иннова­циялық инфрақұрылымдар, аймақтағы жо­ғары оқу орындарының негізінде бір­тұ­тас ин­но­вациялық экожүйе құру бағы­­тындағы жобалар да маңызды бола түспек.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің химия және органикалық заттар технологиясы ка­фед­расының меңгерушісі, химия ғылым­дарының кандидаты Ғалия Ирмуха­метова полимерлі материалдарға қатыс­ты ғылыми зерттеулерді коммерциялан­дыру барысы туралы баяндады. Ғалым­дар нысанаға алған жоба өсімдік шикі­заты негізінде гидрогельді емдеу фитопрепараттар өндірісін жолға қоюды мақсат етеді. Ғалымның айтуынша, елімізде полимерлі гидрогельді өндіріс кенжелеп барады. Медицина, косметика және химия-фармацевтика өндірісінің сұранысы импорт есебінен өтеліп жатыр. Сондықтан гидрогельді таңғыштар технологиясын іске асырып, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісті жолға қоюдың терапевтік тиімділігі жоғары болмақ.

Бүгінде инновациялық технология­ларды жол құрылысына пайдалану жол сапасы мен асфальтбетонды қабат­тың төзімділігін арттыруға ықпал ете­тіні тәжірибеде дәлелденді. Ал жол құ­ры­лысында полимерлерді пайдалану оның аязға төзімділігін арттырып, пай­да­лану кезеңін ұзартуға мүмкіндік бере­ді. Полимерлі қоспалардың жоғары және төмен температурада битум мен ас­фаль­тбетонға әсері туралы Қазақстан жол ғылыми зерттеу институтының фи­лиа­лы жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар бөлімінің же­тек­шісі, PhD Салтанат Әшімова айтып өтті. Маман атап өткендей, осы орай­да жол саласының нормативтік-құ­қық­­тық базасын жетілдіру, материалдар, құ­рылымдар мен жұмыс сапасын қада­ғалау, құрылыс саласын ғылыми-техни­калық тұрғыдан қолдау сияқты саладағы өзекті мәселелерді шешу уақыт күттірмейді.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ универсиететіне қарасты Н.К.Нәдіров атындағы мұнай-химия инженериясы және экология институтының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Айгүл Буканова мұнай-химия білім кластерін дамыту қажеттігін алға тартты.

– Жаһандық бәсекелестік жағдайында ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен жаңа технологияларды дамыту, өндіріске енгізу өте маңызды. Сондықтан білім, ғы­лым және өндірушілер арасындағы өзара іс-қимыл, әсіресе мұнай-газ химия­сы саласын дамыту мемлекет тарапынан басты назарда тұрғандықтан, мұнай-хи­мия білім беру кластерін оңтайлы, кәсі­би стандарттар негізінде іске асыруы қажет. Осы орайда шетелдік жоғары оқу орындарымен қос дипломдық және бірлесіп оқыту, ғылыми ұйымдармен және кәсіп­орындармен экономиканың мұ­най-химия секторының тәжірибеге бағ­дарланған және дуалды оқыту негізінде ма­мандар даярлау ісі уақыт талабы, – деді ол.

Қазіргі кезде аталған оқу орнында мұнай өңдеу, мұнай химиясы, газ өңдеу, газ химиясы, полимер материалдар өндірісі бойынша үш деңгейде мамандар даярланып жатыр. Десек те, сарапшы атап өткендей, кейінгі отыз жылда еңбек нарығына инженер-химик, технологтар даярлайтын оқу орнына мұнай-химия бағытына түсетін түлектер саны екі есе азайған. Жастардың басқа аймақтарға кетуі белең алып жатыр. Оқу орнының кадрлық әлеуетінде де кері динамика көрініс беріп отыр.

Осылайша дөңгелек үстелге қатысу­шылар полимер өнеркәсібін дамыту, баламалы жасыл технологиялар, мамандар даярлауда туындап отырған келелі мәселелерді бөлісіп, ғылым мен білім, өндірістік тәжірибе ықпалдастығын дамытуға назар аударды.

 

АЛМАТЫ