Ұлттық қордағы сиқырлы таяқшаны иелену Үкімет құрамында болған талай азаматтың арманы болып келді. Мұның соңы Ұлттық қор қаражатының сұрауы жоқ су тегін ақшаға айналып кетуіне жол ашты. Ал қолданыстағы Ұлттық қор активі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 30 пайызына дейін құлдыраса, онда қор қаражатын жұмсауға жол бермейді. Қазір ұлттық қор қаржысының төмендей бастағаны ашық айтылып жүр. Кейінгі 8 жылда ұлттық қорымыздың қаржысы 73 млрд доллардан 57 млрд долларға дейін түскен. Яғни бұл үрдіс жұрттан жасыра алмайтын жағдайға жетті.
2000 жылдардың басында құрылған Ұлттық қордың ресми сайты жоқ, ондағы қаржылық операциялар туралы деректер Ұлттық банкте жетім қыздың жүгіндей ғана ақпараттармен шектеліп қалғанын осы уақытқа дейін жазғанбыз. Қазақстанда Ұлттық қордың активтері ел ішінде тек «Самұрық-Қазынаға» орналастырылды. 2009-2016 жылдар аралығында «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 0,01 пайыздық мөлшерлемемен 2,3 трлн теңгенің облигацияларын сатқан. Бұл облигациялар Ұлттық қордың балансында әлі де бар. Оларды өтеу 2026 жылы басталады. Облигациялар теңгемен және нөлдік пайызбен екенін ескерсек, бұл инвестициялардың табыстылығына кері әсер етеді.
Мемлекеттің Ұлттық қордың капиталын жұмсау жөніндегі әрекеттері Қазақстанның нарықтық экономикасына соққы беретінін сарапшылар жиі айтатын. Мұндай пікірді IFC-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Екатерина Бенджамин Kazakhstan Growth Forum аясында өткен панельдік пікірталас барысында ашып айтты.
Спикердің сөзінше, елде шетелдік ойыншылар пайда болуы үшін нақты ойын ережелерін, корпоративтік басқару мен реттеуші ортада ережелерді жасау қажет. Оның айтуынша, қазір шетелдік инвесторлар Қазақстан нарығына кіруге онша ынталы емес. «Екінші жағынан, мемлекет бұл нарықты айтарлықтай ынталандырмайды, өйткені ол Ұлттық қорда жинақталған капиталды жұмсайды. Бұл нарықтық экономиканы да бұзады. Егер бұл міндеттер шешілсе, инвестиция Қазақстан экономикасына бағытталады. Бүгін бұл өте қиын міндет», деп түйіндеді Бенджамин.
Жиын барысында сырт көз – сыншының сөзінен ұққанымыз, біздің ел дертті, бірақ науқастан сауығып кету мүмкіндігі бар деген диагноз қойыпты.
Ұлттық қордағы қаржыға тым тәуелді екенімізді, бірақ тәуелділік деңгейін төмендетуге талпынып жатқанымызды айтуға тиіспіз. Сарапшыларымыз Ұлттық қор ережелеріндегі қаражатты ретсіз пайдалануға мүмкіндік беретін «сиқырлы тесіктердің» қай жерде жасырынып жатқанын іздеуден жалыққан емес. Себебі мұнайдан түсетін табыс азайып келе жатқанын хабарлаған көздердің қатары көбейіп кетті. Апта басында Тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдар жауапты үкіметтен салаға деген көзқарасын қайта қарауды сұрап, ашық хат жазды. PetroMining қауымдастығының мәліметтері бойынша соңғы бес жылда жұмыс істеп тұрған өндіріс көлемі 17%-ға төмендеген. Ұйым нәтижесінде мемлекет салық төлемдері мен басқа төлемдерден 255,4 млрд теңге, 181,5 млрд теңге пайдадан айырылған.
Осыған орай қауымдастық мүшелері ҮЕҰ сарапшыларымен бірге Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке тәуелсіз мұнай өндіруші ұйымдардың міндеттерін жүзеге асырудың 2023-2024 жылдарға арналған жол картасын ұсынды. Мұнайдан кейінгі өмірге дайын болу қажеттігіміз, Ұлттық қордың қоржынын басқа табыс көздерін толтыратын кез келгені туралы ұсыныстар 2015 жылдан бастап ашық айтыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдарда Ұлттық қордың активтерін 100 млрд АҚШ долларына жеткізу керектігін айтты. Қазақстан Ұлттық Банкі Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Жоба ашық НҚА порталына орналастырылды.
Бұл ұсыныс осы жылдың 4 қыркүйегіне дейін жұрттың талқысында болды.
Заң жобасының түсіндірме жазбасында Ұлттық қорға түсетін түсімдер – мұнай секторындағы компаниялардан түсетін тікелей салықтар мен басқа да түсімдер, жекешелендіруден түсетін түсімдер, қорларды басқарудан түсетін инвестициялық кірістер – 2024 жылы 7 415 млрд теңге, 2025 жылы 8 306 млрд теңге, 2026 жылы 8 287 млрд теңге. Ұлттық қор қаражатын кепілдендірілген және нысаналы трансферттерге және қорды басқаруға байланысты шығыстарға жұмсалуын ескере отырып, Ұлттық қорға таза түсімдер 2024 жылы 3 791 миллиард теңге, 2025 жылы 6 279 миллиард теңге, 2026 жылы 6 255 миллиард теңге көлемінде болжануда.
Ал Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Ұлттық қордың тұрақтылығын арттыру мақсатында бір жыл бұрын екі контрциклдік ереже енгізілгенінен хабардар етті. «2028 бұл көрсеткіш 93 миллиард долларды құрайды. Демек біз 2030 жылға қарай Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард теңгеге жеткізу міндетін орындаймыз. Қазірдің өзінде жағдай жақсарып келеді, 2024 жылы біз 800 миллиард теңгеге жуық кірісті жоспарлап отырмыз, бұл Ұлттық қордың инвестициялық қызметі есебінен толығады», дейді вице-министр.
Экономист Алмас Чукин өткен жылы ІЖӨ-нің номиналды өсімі 100 триллион теңгеден асқанын, алайда валютамен өлшейтін болсақ, 2004 жылдан бергі өсім екі есеге ғана өскенін атап өтті. Әзірге Үкіметтің абыройын 2013 жылы шарықтау шегіне жетіп, содан бері айтарлықтай төмендеген Ұлттық қор сақтап отыр. Сарапшының айтуынша, бюджеттің шығыс бөлігі салық түсімінен бірнеше есе көп. Мәселен, соңғы бес жылда Ұлттық қор активтерінің кірістілігі төмендеп барады. Бұған әлемдік қор және облигациялар нарықтарындағы қолайсыз жағдай себеп болған жоқ. Жаһандық үрдістерге тәуелділік – объективті фактор. Бірақ субъективтілері – портфельді басқару сапасы. Сарапшылар мұның қазіргі нарықтық жағдайға әрқашан сәйкес келе бермейтінін жұмсартып та айтты, соңғы кездері ашып айтып жүр.
Оның 50 пайызын Ұлттық қор қамтамасыз етеді. Ұлттық қор таусылғанда бізде үлкен теңгерімсіздік туындауы мүмкін. Осы ретте сарапшы нарық заңы көбірек жұмсау және барлығына көмектесу қағидаларына қайшы келетінін де айтып өтті. Бізге барлығына көмектесу мүмкін емес екенін түсініп, еркін бәсекелестікке орын қалдыру жайлы ойлана бастаудың кезі келді.
Оның айтуынша, мұнайдың қайтадан қымбаттайтынына ешкім күмәнданбайды. «Әлемнің мұнайдан толық бас тарта алмайтыны біздің бағымыз ба, сорымыз ба?» деген сұрақтың жауабының жаңғырығын анық сезе бастадық.
Жыл басында Уолл-стриттің ең ірі екі инвестициялық банкі JPMorgan Chase және Goldman Sachs мұнай нарығында жаңа «супер циклді» болжап, пандемия басылған сайын мұнай бағасы көтерілетінін айтқан болатын. Демек экономика қалпына келген сайын қымбаттайтын мұнайға деген сұраныс та артуда. Ең батыл болжамдар барреліне 100, тіпті 150 доллар жететінін айта бастады. Мұнай қымбаттаған сайын Үкіметтің қабағы ашылып, белбеуін босата бастайтынын соңғы жылдары жиірек байқап жүрміз. «Осыған байланысты Қазақстан дәл қазір екі қарапайым және өте күрделі нәрсені қатар атқаруы керек. Біріншіден, Ұлттық қордағы барлық мұнай түсімдерін толығымен зарарсыздандыратын бюджеттік норма туралы ойлануымыз керек», дейді А.Чукин.
Сарапшы сөзінше, Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың жалпы ережелері заңмен нақтыланған. Бірақ трансферттерді бөлу механизміне байланысты елеулі кемшіліктер бар. Қазіргі уақытта кепілдендірілген трансфертте республикалық бюджетке қосымша кіріс көзінің қажеттілігін көрсете экономикалық көрсеткіштерге байланысты емес. Демек жоғарыда айтып өткендей, Үкіметтің Ұлттық қорға кез келген сәтте қол соза беруіне мүмкіндік беретін «сиқырлы тесік» осы жерде жасырынып жатыр. Трансферттердің мөлшері көбінесе республикалық бюджет туралы заңдарда бір-екі жыл бұрын белгіленеді. Сонымен қатар ерекше жағдайларда ел Президенті Ұлттық қордан мемлекеттік бюджетке нысаналы трансферт түрінде немесе кепілдік берілген бюджетті ұлғайту түріндегі қосымша қаражат бөлу туралы жарлыққа қол қоя алады.
Сонымен қатар трансферттердің шамадан тыс бөлінуі бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне кері әсерін тигізетінін сарапшылар да жиі айтады. Нәтижесінде, салық-бюджет саясаты экономиканың нақты секторының қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды, экономикалық субъектілерді фискалдық ынталандырудың мақсатты бағытталмауы экономикаға көмек көрсетуге бөлінген қаражаттың тозуына алып келеді.
Jusan Invest аналитикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бауыржан Төлеповтің айтуынша, «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында Ұлттық қордан түсетін трансферттерді қысқарту қарастырылғанын атап өтті. Мәселен, құжатқа сәйкес егер биылғы жылы кепілдендірілген және нысаналы трансферттер 2,2 трлн теңге және 1,8 трлн теңгені құраса, 2024 жылы тиісінше 2 трлн теңге және 1,6 трлн теңге деңгейінде жоспарланған. Сонымен бірге 2025-2026 жылдары кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 триллион теңге деңгейінде қалады.
Ол алдағы үш жылға арналған бюджетте мұнай бағасы барреліне 80 доллар, ал теңгенің долларға шаққандағы бағамы 1 долларға 460 теңге болып белгіленгенін еске салды. Бұл ретте Jusan Invest өкілі мемлекеттік шығындардың өсуіне қатысты проблеманы бөлек талдап берді.Оның айтуынша, Үкіметтің экономикалық моделі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де өзгерген жоқ, қазір де қандай бағытпен жүретінімізді нақтылай алмай отырмыз. Инфляцияның тұрақтылығын жақсарту үшін мемлекеттік шығыстардың қарқынын тежеуге болады және тиіс. Бірақ ол үшін мемлекеттік басқарудың қазіргі үлгісінен бас тартуымыз керек.
Б.Төлепов Ұлттық қордың 2030 жылға қарай 100 миллиард доллар жинақтау мақсатына қол жеткізуге бағытталған активтерін басқарудың жаңа тұжырымдамасының тиімділігі туралы да пікірін білдіріп өтті. Сарапшы Ұлттық қор қаражатын инвестициялаудың жаңа принципі бағалы қағаздар портфелі үшін тәуекелге әкелетінін түсіндірді. Бірақ активтерді басқаруда жоғары біліктілік пен жоғары кірістілік ұзақ уақыт бойы қалыптасады, ол қысқамерзімді перспективада нәтиже бермеуі де мүмкін. «Норвегия мемлекеті агрессивті инвестициялық стилі арқылы өз активтерінің көлемін айтарлықтай ұлғайта алды. Биылғы жағдай бойынша қор 70 елдегі 9 228 компанияның акцияларына ие және оның активтерінің құны 1,4 триллион доллардан сәл асады», дейді сарапшы.
АЛМАТЫ