Ішкі нарықта доллар құнының өсуі қыркүйектің алғашқы күндерінен басталды. Айдың алғашқы онкүндігінде доллардың құны 466 теңгеден асты, ал мұнай барреліне 90 доллар шамасында болды. Қыркүйектің бірінші жартысында еуроның ресми бағамы негізінен тамыз айының соңындағы деңгейден төмен болып шықты, бірақ ай ортасында ол 500 теңгеден қайта асты. Нәтижесінде, теңгенің еуроға шаққандағы девальвациялану деңгейі 1,8 пайызға дейін өсті.
Бұл ретте рубль-теңге жұбының ресми бағамы қыркүйектің бірінші жартысында әртүрлі бағытта 4,71-ден 4,87-ге дейін құбылды.
Қазақстанның ақша айырбастау орындарында 1 доллар үшін бағам 473-475 теңге аралығында саудаланып жатыр. Қазақстан Республикасы айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев апта басында журналистермен кездескен кезде отандастар бұл құбылысты аса салқынқандылықпен қабылдағанын айтыпты. Бұрынғыдай дүрбелең мен толқу жоқ.
А. Ғалымбаев қауымдастықтың барлық айырбастау пункттері шетел валютасымен де, ұлттық валютамен де толық қамтамасыз етілгенін, сондықтан қандай да бір тапшылық туралы алаңдаудың немесе айтудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
Сарапшының пікірінше, АҚШ долларының қымбаттауын мұнай бағасының төмендеуі және Ресей рублінің шетел валюталарына шаққандағы құлдырауы сияқты сыртқы факторларға кешіккен реакция деп қабылдауға болады.
Бұл жолы Ұлттық банк те өзінің қалыптасып қалған ұстанымынан танбай отыр. Бас банк теңге бағамын мақсатты белгілемейді немесе болжамайды. Теңге бағамы нарықтық факторлар негізінде қалыптасады. «Теңге бағамының ауытқу амплитудасы нарық қатысушыларының күтулеріне, әлемдік нарықтардағы динамикаға және ішкі факторларға байланысты», дейді Ұлттық банктің таратқан баспасөз хабарламасында.
Саясаттанушы және экономист Әнуар Бақытханов Қазақстан теңгенің долларға шаққандағы траекториясына басымдық беретіні байқалып қалғанын айтады.
Рубльдің құнсыздануы теңге бағамына әсер ететіні жасыра алмайтын жағдайға жетіп қалды. Рубль әлсіреген сайын теңгенің құны да төмендейді. Бұл корреляция Қазақстан экономикасындағы осы валюталардың өзара байланысты сипатын көрсетеді. Ұлттық банк теңгенің рубльге қатысты бағамының маңыздылығын түбірінен түсінеді. Демек, Ұлттық банк екі валюта арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тапсырма алған деп бағалауға болады.
ҰБ теңгенің долларға және рубльге шаққандағы айырбас бағамы арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті табу мақсатында стратегиялық тәсілді – теңгерімді маневрді қолданып отыр. Бұл делдалдық стратегия рубль бағамының ауытқуына байланысты ұлттық валютаның құнсыздануын болдырмауға бағытталған.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пайымдауынша, жақын арада ұлттық валюта нығаяды деп күтуге болмайды.
«Теңгенің болашағын болжау қиын, біздің ел АҚШ валютасы мен мұнайға тәуелді шикізатқа негізделген экономикада. Әртараптандырылған экономика құра алмадық, валютамыз доллар мен еуроны ғана емес, рубльге де тәуелді. Сондықтан ұзақмерзімді перспективада, яғни, бес жыл ішінде теңге тек әлсірейді», деп түйіндеді сөзін Рысмамбетов.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері теңгенің әлсіреуін сыртқы факторлармен емес, ішкі факторлармен байланыстырып отыр. ҚҚҚ (Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы) шолуында 2023 жылдың жеті айында экспорт 9 пайызға қысқарғаны, импорт 33 пайызға өскені айтылған. Ақша-несие саясатының басқа параметрлеріндегі көрсеткіштер де мәз емес. Соңғы бірнеше жылда елдің халықаралық резервтерінің қысқару үрдісі байқалды және бұл үрдіс биыл да жалғасуы мүмкін.
Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері қаңтар-тамызда 4,2 пайызға азайып, шамамен 33,6 млрд доллар деңгейіне жетті. Резервтердің қысқаруы еркін валютадағы активтердің де, алтындағы активтердің де азаюына байланысты болды. Бұл ретте Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері сегіз айда 4 миллиардтан астамға (7,4 пайыз) өсіп, шамамен 59,9 миллиард доллар деңгейіне жетті.
Соңғы жылдардағы мемлекеттік борыштық бағалы қағаздар нарығының жағдайы айналыстағы бағалы қағаздар көлемінің ұлғаюымен қатар жүрді.
Ұлттық банктің «артық» өтімділігін алу үшін пайдаланылған қысқамерзімді ноттарының көлемі биылғы тамыз айының соңында 2,8 трлн-нан астам теңгені құрады. Жыл басынан бері 560 млрд теңгеден аса өсті.
Қаржы министрлігінің айналыстағы облигацияларының көлемі есепті кезеңде 21,5 пайзыға (2,95 трлн теңгеге) өсіп, 16,6 трлн-нан астам теңгені құрады. Айналыстағы мемлекеттік бағалы қағаздардың жалпы көлемі – қаңтар-тамызда 20 пайызға өсіп, 20,5 трлн теңге.
Айналымдағы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өсу динамикасы жоғары болып қалуда. Дегенмен, бұл өсімге қуануға болмайды. Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына келетін болсақ, олардың көлемінің өсуі республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру қажеттілігіне байланысты.
Ақша агрегаттарында әлсіз динамика байқалады. Осылайша, ақша базасы кең мағынада қаңтар-шілдеде 19 пайыздан аса қысқарып, шамамен 9,6 трлн теңгені құрады. Осы кезеңде ақша массасы 0,2 пайызға төмендеп, 34,2 трлн теңгеге жетті.
Ақша агрегаттарының номиналды мәндегі өсу динамикасы белгіленген кезеңдегі жинақталған инфляция қарқынынан әлдеқайда төмен болып қалуда. Ақша массасы экономикадағы маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Айналымдағы қаржы көлемі ІЖӨ-ге қатынасы экономиканың монетизациялану деңгейін анықтайды.
Біздің елде бұл көрсеткіш дамыған елдермен ғана емес, көптеген дамушы елмен салыстырғанда төмен.
Депозиттік және несиелендіру нарығында шамамен осындай көрініс сақталуда. Резиденттердің екінші деңгейлі банктердегі депозиттері қаңтар-шілдеде 0,7 пайызға азайып, 30,7 трлн теңгені құрады. Бұл жолғы төмендеу заңды тұлғалардың депозиттері көлемінің төмендеуіне байланысты болды, ал жеке тұлғалардың депозиттері 6 пайызға өсті.
Несие беру нарығында анағұрлым оң динамика байқалды. Банктердің экономиканың нақты секторын несиелендіру көлемі тамыз айының басында шамамен 24,9 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері шамамен 2,1 трлн теңгеге немесе 9 пайызға өсті.
Жалпы алғанда, ақша-несие саясатының көрсеткіштері жылдың өткен кезеңінде шикізатқа айтарлықтай қолайлы баға конъюнктурасына қарамастан, өте әлсіз динамика көрсетті деп айтуға болады. Олардың болашақтағы серпіні де ішінара отандық тауарларға әлемдік бағалардағы жағдаймен анықталады. Жыл соңына дейін әлі уақыт бар, баға бір бағытта өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар бүгінде негізгі экспорттық тауарымыз – мұнайдың әлемдік бағасы өткен жылмен салыстырғанда 15-20 пайызға дейін төмен болады деген болжам бар. Әлемдік мұнай бағасының төмендеуі сыртқы сауда көрсеткіштеріне және елдің төлем балансының жағдайына кері әсерін тигізуде.
«Теңгенің әлсіреуінің тағы себебі Үкімет пен Ұлттық банктің қалауы болуы да мүмкін» деген пікірді келесі қаржы сарапшысы Ерлан Ибрагим де қолдайды.
Қордаланған мәселелерді теңгенің құнсыздануы шешу қалыпты құбылысқа айналып барады. Мемлекеттік бюджетте бір доллар үшін орташа жылдық бағам – 470 теңге. Жылдың алғашқы жарты жылдығында осы деңгейден төмен болды. Қазіргі жағдайда доллар 470 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін, ал рубль одан әрі құлдырауын жалғастырса, онда доллардың бағасы 480 теңгеге дейін жетеді. Бірақ мұндай мөлшерлеме 2022 жылдың қыркүйегінде болды, сондықтан оның қосымша инфляцияға бағаның айтарлықтай жеделдеуіне және әкеліп соғуы екіталай. Сондықтан Ұлттық банк доллардың 500 теңгеге дейін нығаюына жол бермейді, 480 теңгеге дейін қымбаттаса бір әрекетке барады. Одан әрі шегінуге жол жоқ. 1 доллардың 500 теңгеден асып кетуі инфляциялық және девальвациялық толқынды көтеріп, халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер етуі мүмкін. «Біздің ел өткен жылдың ортасынан бері рубль бағамына назар аудармаған, 2022 жылдың күзіндегі рубль жағдайы теңгеге әсер етпеген. Сол кезде 1 доллар 350 теңгеге дейін арзандап кетуі әбден мүмкін еді. Бірақ біз бұл мүмкіндікті пайдаланбадық. Қазіргі жағдайда 1 доллар 470 емес, 500 теңгеден асып кетуі мүмкін еді. Доллардың қазіргі бағамы – Ұлттық банктің интервенциясының емес, ішкі операцияларының нәтижесі», дейді Е.Ибрагим.
Ұлттық банк бюджетті толықтыру үшін Ұлттық қордан ай сайын 500-700 миллион доллар сатса, екінші жағынан зейнетақы активтерін басқару аясында 200-300 миллион доллар сатып алды. Қалай болғанда да, бұл нарықта шетел валютасының ұсынысын арттырды. Осыған байланысты сарапшы Ұлттық банк бағамды түзету үшін бұл операцияларды тоқтатуды немесе уақытша тоқтатуды ұсынды.
«Ұлттық банк кросс бағамды ұстап тұруы керек. Егер біз тек теңгенің долларға шаққандағы бағамын басшылыққа алатын болсақ, онда рубльдің күрт құнсыздануы теңгенің рубльге қатысты нығаюына әкелетін еді. Бұл Ресеймен саудада теңгерімсіздік болса: ресейлік өнімдер айтарлықтай арзандап, Ресейден Қазақстанға тауар ағыны басталып, 2014-2015 жылдардағы жағдайға қайта оралу қайталанар еді», деді Ерлан Ибрагим.
АЛМАТЫ