Көксу ауданының қарекеті көңіл сүйсіндіреді. Аудан орталығында тұрғындарды көптен толғандырған газдандыру мәселесі толық шешілді. Балпық би ауылында жаңадан бой көтерген «Береке» шағын ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің дені газ желісіне қосылған. Тек Мырзабеков көшесіндегі көпқабатты 3-үйдің тұрғындары көгілдір отынды пайдалануды көптен армандап жүрген еді.
Газ желісі үй іргесіне жақын орналасқанмен тұрғындарға түк пайда болмады. Бұл үйдегілердің желіге өз күшімен қосылуға да мүмкіндігі төмен еді. Себебі тұрғындардың дені – әлеуметтік азқамтылған, көп балалы отбасылар. Нәтижесінде, іргедегі игілікке қол жеткізе алмаған соң аудандағы атқамінерлерге қаншама рет мәселесін даулап барыпты. Шешімді жол табылмаған соң ауданға іссапармен келген облыс басшысына жан айқайын жеткізген. Өңір халқының әлеуметтік мәселелерінің түйінін тарқатуда ұтымды шешім қабылдайтын аймақ басшысы жергілікті атқамінерлерге қайырымды азаматтар тауып, газдандыру мәселесін шешуді тапсырған.
Содан жергілікті әкімдіктегілер «BSPCROUP LTD» ЖШС-мен келісіп, нәтижесінде, серіктестік өз қаржысы есебінен 50 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйге газ желісін тартып берген. Қайырымдылық үшін жұмсалған қаржы – 2,5 млн теңге. Тұрғындарды құттықтай келген аудан әкімі Марлен Көлбаев айтулы мәселені шешуге атсалысқан серіктестік басшылығына алғысын білдірді.
«Бұл көпқабатты тұрғын үйдің газ желісіне қосылып, көгілдір отынның игілігін көруіне бірден-бір себепкер – Айман Тойшыбекова апамыз. Облыс әкімінің қабылдауында болып, көптің мәселесін шешуге септесуін сұраған. Облыс басшысы бізге тапсырма жүктеп, түйткілді тарқатуды тапсырды. Нәтижесі – осы. Жалпы, Көксу ауданының тұрғындары жайлы өмір сүруі үшін бар жағдайды жасаймыз. Келер жылы Балпық би ауылының тұрғындары толықтай жылы су желісіне қосылады. Бұл бағытта жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Мемлекет басшысы «Баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты», деген еді. Президент жүктеген міндеттер орындалып, әрбір көксулық қолайлы ортада өмір сүретін жағдайға қол жеткіземіз», деді аудан әкімі.
Сәуле Тәнтібаева көптен күткен игілікке қол жеткізгеніне баладай қуанып жүр. Айтуынша, осындай қайырлы азаматтар көп болса, елде жүзеге асқан оңтайлы істер артады екен. «Аудан басшылығына, қайырымды азаматтарға алғаусыз алғыс білдіру аздық етеді. Көптің тілеуін орындаған жандарға басымды иемін. Жергілікті әкімдіктегілер алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандырамыз деп отыр. Қалайша баладай қуанбасқа», деді қуанышын жасырмаған тұрғын.
Ал Айман Тойшыбаева бұл тұрғын үйге газ қосу аудан әкімдігіне Марлен Көлбаев жайғасқалы жасалып жатқан өрісті тірліктің кішкентай пұшпағы екенін атап айтты.
«М.Көлбаев ғимаратқа қамалып отыруды жаны сүймейтін, халық ортасында жүруге машықтанған Әділетті Қазақстанның әкімі ғой. Көптің сөзіне құлақ түре біледі. Ауданымызды гүлдендіргеніміз үшін алғыс білдіреміз», деді А.Тойшыбекова.
Жалпы, Көксу ауданында газдандыру жұмыстары – қарқынды. Жыл соңына дейін ауданда көгілдір отынға қосылған ауылдардың қатары толығады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мади Кәрібаевтің айтуынша, жыл соңына дейін сегізінші ауыл болып Мұсабек елді мекені көгілдір отынға қол жеткізбек. Сонымен қатар жуық арада аудан орталығындағы 2 және 5 қабатты 60 үйді газдандыруға жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді.
Жетісу облысы