Дінтанушы, теолог, психолог, Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың пікіріне жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Instagram желісінде өткен тікелей эфир барысында оқырмандардың бірі «Ринат Зайытовтың пікіріне қандай уәж айтасыз?» деген сұрақ қойды.
«Ринат бауырымыздың айтқан пікіріне көзқарасымды күнде сұрайды. Бүгінгі эфирде нүкте қойып, доғарсақ деймін. Ринат – Құдайын танитын, Алла жолынан безінбеген адам. Аллаға сенетін, жүрегінде Жаратқаны бар азамат деп білемін. Жала жаппас бұрын сол сұхбатты тереңдей түсініп, толыққанды көріп шыққан ләзім. Ринаттың не айтқысы келгенін арыдан аңғару керек. Өмірде кеңінен ойлаған адам еш уақытта кем болмайды. Дінді қорғаймыз деп бұлай байбалам салып, дүрлігудің қажеті жоқ. Алла Тағала өзінің асыл дінін өзі-ақ қорғап, қоршай алады. Дінді жіберіп, Құранды түсірген Жаратушы ие өзі қорған болады. Сөз қуып, бәле іздеушілер одан да өзінің отбасын, қара басын қорғап алуы керек. Ринаттың сұхбатында «алаяқтардың 80 пайызы намаз оқитындар» дегені сәл артықтау болар. Ол осы пікірінің ар жағында біздің ұлттық құндылығымызға, салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға қарсы шығуды көздейтін салафилік ағымдағылардан келер қауіпті айтқысы келді деп ойлаймын. Соны түсінгендеріңіз абзал. Қазақтың баласы бірін-бірі талап, аяққа таптап, ағат басқанын аңдып отырғаннан абырой таппаймыз», деді Нұрлан Асанов.