• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Қыркүйек, 2023

Неміс сапасына сай жасалған өндіріс орындарын ашуға мүдделіміз

189 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты.

Мемлекет басшысы геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екі­жақты тауар айналымы 25 пайыз­ға өсіп, 2,8 миллиард долларға жет­кенін атап өтті. Оның айтуынша, Гер­мания бизнесі Қазақстанға 6 миллиард дол­ларға жуық инвестиция салған. Бұл ин­вес­­тицияның 90 пайызға жуығы шикі­зат­­тық емес секторға тиесілі. Жалпы, елі­мізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия­ның та­бан­дылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына негіздел­ген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты.

Мемлекет басшысы өзара ынтымақ­тастықтың бірқатар тиімді бағы­тын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.

– 2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлем­дік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақ­станда құны 46 триллион доллар­дан асатын бес мыңнан аса барлау жасал­маған кен орны бар. Сондықтан мен канц­лер Олаф Шольцке бірлескен шикі­зат­ты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін консорциум құруды ұсындым. Бұл бас­­тама үкіметаралық серіктестік туралы қол­­даныстағы келісімдермен қатар, ынты­мақ­тас­тығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүм­кіндік береді. Мен Германияның жеке ин­вес­торларын осы консорциумға қосылу­ға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты тағы бір тиімді бағыт ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл сутегінің» әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Қазіргі уақытта Германия мен Швецияның бірлескен Svevind Group компаниясымен «жасыл сутегін» өндіру жөнінде сомасы 50 миллиард доллар болатын келісім жасалды. Бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Алдағы уақытта «жасыл сутегі» өндірісі «жасыл» болат, алюминий және басқа да металдарды өндіруге жол ашуы мүмкін. Президент Германияның технологиялық шешімдерін Қазақстанның табиғи және адами ресурстарымен ұштастыру жоғары нәтижелерге жеткізетініне сенім білдірді.

Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – көлік-логистика әлеуетін пай­далану. Мемлекет басшысының ай­туынша, жаңа геосаяси жағдайда Еуро­па мен Азия арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін «Орта дәліздің» маңызы артып келеді.

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгері­летуге мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

– Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта өнім өндіру, сақтау және тарату жұмыстарын ұштас­ты­ратын сауда-логистикалық бай­ланыстар­дың өңіраралық жүйесі құрылады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға әртүрлі салада, соның ішінде биотехнологияға және тыңайтқыш өндіруге, спутник арқылы зондтауға және жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға, ирригацияға, сондай-ақ тамақ өнеркәсібіне, генетика мен жаңартылатын энергия көздеріне маманданған Германияның көптеген компаниясы тартылуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты IT-технология саласы бола алады. Президент Қазақстанның цифрлық трансформация бағытын­дағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын атап өтті. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді.

– Біз IT-өнімдер мен қызмет­тер экспортын 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды және 2025 жылға қарай жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілетті 100 мың IT-маман даярлау арқылы адам капиталын нығайтуды жоспарлап отырмыз. Біз германиялық серіктестерімізбен ынтымақтастықтың бірнеше бағыты бойынша, соның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжі­рибелік-конструкторлық жұмыстар, стартаптар, білім беру, байланыстар және басқа да өзекті салалардағы жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент адам капиталын дамыту және инвестиция тарту мәсе­лесін ынтымақтастықтың өзек­ті бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Адам капиталы саласында қазір­дің өзінде Каспий мемлекеттік уни­вер­ситетінің жанынан Қазақстан-Гер­мания инженерлік институтын және Шығыс Қазақстан техника­лық университетінің жанынан Қазақстан-Германия ғылым және технология институтын ашу бастамасы көтерілді. Инвестиция тарту үшін Қазақстан «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының алаңы арқылы шетел инвес­торларына барлық мүмкіндікті жасап отырғаны айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Жиын барысында Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзер, Германия өнер­кәсібі федералдық одағының (BDI) басқарма мүшесі Вольфганг Нидермарк, сондай-ақ Deutsche Bahn, Knauf, Wilo, BASF, Rhenus, Svevind және басқа да бір­қатар ірі компанияның топ-менед­жер­лері баяндама жасады. Олар эко­­но­миканың нақты салалары бойын­ша Қазақстанмен арадағы ынты­мақ­тастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Германия экономикасының Шығыс комитеті – Германия Федеративтік Республикасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүс­тік Кавказ және Орталық Азия­дағы 29 елге арналған аймақтық бастамасы. Шығыс комитетіне Германия экономикасының алты жетекші одағы қолдау көрсетеді және оған 400-ге жуық компания мүше.