Ізгілік салтанат құрған қоғамның көші қашанда ілгері. Мұндай қоғамда адамның қадірі, еңбектің бағалануы, әділет, жауапкершілік сияқты құндылықтардың ұстыны берік. Осыны жете сезінген аға буын кейінгі толқынға адамгершілігімен, еңбекқорлығымен үлгі бола білді. Еткен еңбек, төккен тер еккен егін іспетті. Сондықтан қариялар енді оның жемісін жеп, қызығын жас ұрпақпен бірге көруге тиіс. Осы орайда елімізде қазан айының басында қазыналы қарттарға ерекше құрмет көрсетіледі.
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. 1990 жылы 15 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді «Халықаралық қарттар күні» деп белгіледі. Алғаш Қарттар күні Еуропада, одан Америкада мерекеленген, ал 80-жылдардың кейін бүкіл әлемге кең таралды. Қарттар күнін атап өтудің мақсаты – тұрмысы нашар қарт адамдарға, жалғызбасты зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету.
Бұл күн біздің елде де ескерусіз қалған жоқ. Қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, мемлекет тарапынан егде кісілерге әлеуметтік түрлі жобалар ұйымдастырылып, арнайы жәрдемақылар тағайындап келеді. Аталған мереке қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз жиынын өткізіп, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмалары мен қазыналы қарияларымызды әлеуметтік қолдаудың әртүрлі тетіктері туралы айтты.
«Бұл күн жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде елімізде де ерекше мерекеленеді. Бұл күннің мақсаты – егде адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және олардың әлеуметтік қажеттіліктерін, өмір сапасын жақсарту, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету», деді С.Жақыпова.
Министрліктің дерегі бойынша қазір елімізде зейнет жасындағы 2,3 млн-нан аса азамат бар. Мемлекет қарияларды әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіріп келеді. Мәселен, базалық зейнетақы төлемі мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне сай 2%-ға артады.
«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жыл сайынғы индекстеу шеңберінде базалық зейнетақы мөлшері 8,5%-ға, ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5%-ға өсті. Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 60%-ға дейін жетті. Лайықты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды. Өсім нәтижесінде биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 937 теңге болды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 072 теңге, базалық зейнетақы 37 865 теңге болды. Сонымен қатар 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері кезең-кезеңімен 70%-ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120%-ына дейін арттырылады», деді министр.
Министр әр өңірде қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау акциясы ұйымдастырылатынын айтты. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буынды әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда ашық есік күндерін және т.б. өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Елімізде белсенді әрі ұзақ өмір сүру, қоғаммен байланыс бағыттары бойынша «бір терезе» қағидаты негізінде қызмет ететін 79 Белсенді әрі ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Орталықтардың негізгі қызметі – егде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, белсенді әрі ұзақ өмір сүруге септігін тигізуге, қарт адамдардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне бейімдеуге бағытталған», деді сала басшысы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл қарттарға берілетін материалдық сый-сияпат мол. Мәселен, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Астана қаласында, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ 25 қазан – Республика күніне орай Ақмола, Павлодар облыстарында аға буын өкілдеріне 2-ден 10 АЕК-ке дейінгі мөлшерде, шамамен 1,9 млрд теңгеге 234 мың адамға біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар Қарттар күніне орай Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Абай, Ұлытау облыстарында мерекелік азық-түлік дорбалары табысталады.
Биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде егде адамдарды әлеуметтік қолдауға шамамен 4,6 млрд теңге (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 4,1 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге) бағытталды. Ал азық-түлік жиынтықтарын ұсынуға – 179,4 млн теңге (25,2 мың адам), жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 9,3 млн теңге (2,9 мың адам), тіс емдеуге – 118,9 млн теңге (1,6 мың адам), санаторий-курорттық емдеуге – 2 млрд теңге (19,3 мың адам), тұрғын үйді жөндеуге – 7,3 млн теңге (257 адам), отынмен қамтамасыз етуге – 37,5 млн теңге (2,1 мың адам), жалпыға ортақ пайдаланылатын көлікте жеңілдікпен жол жүруге – 1,6 млрд теңге (155,1 мың адам), басқа да көмек түрлеріне 635,6 млн теңге (61,1 мың адам) бөлінді.
Министр жиында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін осы санаттағы азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу мәселесі туралы айтты.
«Халықтың табысын арттыру мақсатында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде, барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай табысы артады», дейді С.Жақыпова.