Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» былтырғы маусымда команданың ең үздік сұрмергендерінің бірі болған америкалық Джереми Бракконың қызметінен бас тартқанын мәлімдеді.
«Шабуылшы Джереми Бракко бас тартылған ойыншылар тізіміне енгізілді. 48 сағат ішінде ҚХЛ-дің кез келген клубы хоккейшіге ұсыныс жасай алады. Тұрақты біріншіліктің осы маусымында Бракко «Барыс» сапында алты матч өткізіп, бір шайбамен көзге түсті» делінген клубтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Америкалық шабуылшы елордалық клубтың қатарына ҚХЛ-дің былтырғы маусымында қосылған болатын. Өткен жылғы тұрақты біріншілік ойындарында ол 59 матч өткізіп, 14 шайба соққан. Сонымен қатар 26 мәрте әріптестерінің гол соғуына жағдай жасап берген.