Қазақстанның Ресейдегі елшілігі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның қаза болған күнін еске алып, сталиндік қуғын-сүргін құрбандары жерленген Дон зиратындағы бауырластар қабіріне тағзым етті.
«Алаш» партиясы көшбасшысының сүйек күлі көмілген жер өткен ғасырдың 90-жылдарының басында «Ату тізімдері: Дон зираты. 1934-1940» кітабы жарияланғаннан кейін ғана белгілі болған еді. Соған сәйкес Ә.Бөкейханды 1937 жылғы 27 қыркүйекте нақақ өлтіргені, онымен бірге «ату тізіміне» ілінгендердің ішінде мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов та болғаны анықталды. Ә.Бөкейхан 1989 жылы мамырда КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды.