Қазір Түркістан қаласындағы 1500-ге жуық бала мен жасөспірім Оқушылар сарайы – ЮНЕСКО клубындағы 6 білім беру бағыты бойынша ұйымдастырыл-ған 60-қа жуық үйірмеде қосымша білім алып жүр. Соның ішінде ғарыштық технологияның қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік беретін еліміздегі жалғыз спутниктік роботтехника үйірмесі – «UniSat» білім беру хабының орны айрықша.
2022 жылдың қыркүйек айында ашылған бұл хаб – БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Оқушылар сарайының бірлесе атқарған жобасы. Жер және ғарыштағы радиохабар тарататын құрылғылардан аналогтік, цифрлық радиосигналдарды беруге және қабылдауға мүмкіндік жасаған хаб арқылы 30-ға жуық оқушы STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеріп жүр.
Бұл үйірмедегі хаб ашылғаннан кейін көп ұзамай, яғни қазан айында Түркістаннан 50 шақырым жерде атмосфераның жоғарғы қабатына ультразаманауи 2 наноспутник ұшырылды. Салмағы 1-10 кило аралығындағы шағын ғарыш аппараттары бірнеше камера және сенсорлармен жабдықталған. Сол нано-спутниктердің көмегімен қазір ауа температурасы, қысымы, ылғалдылығы және ластануы туралы мәліметтер жинақталып жатыр.
Бұл үйірмеге 12 жастан асқан, ғылымға, технологияға, техника мен математикаға қызығатын кез келген оқушы қатыса алады. Бүгінде үйірмеде білім алып жүрген 30-ға жуық баланың көпшілігі – қыздар. Ғарыштық технологияға ден қойған оқушыларымыз ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге де қол жеткізіп үлгерді. Дәлірек айтсам, биыл сәуір айында Мәскеу қаласында халықаралық «Ғылымды бастаңыз» атты байқау өткен болатын. 600-ден аса жас ғалым қатысқан сайыста сарайымыздағы «Физика» үйірмесінің оқушысы Камила Баянбек те бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар оның жетекшісі, білікті ұстаз Еркін Ақтаевқа «Халық ағарту ісінің үздігі» құрметті атағы берілді. Енді оқушыларымыз қазан айында жұлдызды аспанды зерттеуге көмектесетін тағы бір наноспутник құрастыруды жоспарлап отыр. Жалпы, біздің басты мақсатымыз – ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай туғызу арқылы үдеріс барысында оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру, өз бетінше білім алуға құштарлығын дамыту, сонымен қатар көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беру.
Тағы бір айта кетерлік жайт – Түркістан өңірінде алғаш рет UniSat HUB-тың ашылуына себепкер болған біздің еңбегімізді бағалаған Халықаралық ғалымдар қауымдастығы маған «Халықтық білім беру саласына еңбек сіңірген қызметкер» құрметті атағын берді.
Аталған үйірме оқушылардың білімге қызығушылығын арттырып, ғылыммен айналысуға қолайлы жағдай жасап, бағыт-бағдар беріп, көмектеседі. Қазіргі таңда үйірмеде келешекте елімізді өрге сүйрейтін 12-25 жас аралығындағы жас зерттеушілер тәрбиеленіп жатыр.
Индира ИКАПОВА,
Оқушылар сарайының директоры
ТҮРКІСТАН