Ұлттық ғылым академиясының ұйытқы болуымен ғылыми қауымдастық «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын талқылады. Талқылау барысында ғылыми конкурстар өткізу, қаржыландыру түрлері, жас ғалымдарға жағдай жасау, ғалымдардың мәртебесіне қатысты ұсыныстар айтылды. Ұсыныстар тиісті министрлікке жолданатын болады.
– Мемлекет басшысы ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, Жолдауларында ғылыми зерттеулердің деңгейін арттыру, оны дамытуда жаңа тәсілдерді қолдану қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл заң жобасы Президент тапсырмасына орай әзірленіп, қоғамдық сипатқа ие болып отыр. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі қоғамдық кеңесінің тапсырмасымен заң жобасы қоғамдық талқыға салынып, ғалымдар үшін маңызды құжаттың заман үдесінен шығуына байланысты пікірлер айтылып жатыр. Ендігі кезекте осы айтылғандарды қаперге ала отырып, әрбір ұсыныс назарға алынатын болады, – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария.
Заң жобасының әзірленуі арқылы ғылыми қауымдастық өздерін толғандырған түйткілді мәселелерді тереңнен талқылауға мүмкіндік алды. Осы орайда пікірін білдірген Қарулы күштер ғылымдарының докторы, профессор, полковник Досай Әбдірайымов академия бастамасымен әскери ғалымдардың да заң жобасын талқылауға белсенді атсалысып отырғанын жеткізді. Профессор заң жобасының атауына қатысты сын-пікірін жеткізіп, бірқатар бапқа, сондай-ақ осы құжат аясында Ұлттық ғылым академиясы қызметінің нақтыланбағандығына қатысты көпшілік назарын аударды. Профессор айтқан ескертпелерге Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосынов жауап берді. Ол заң жобасын әзірлемес бұрын кеңесші құжаттардың жинақталып, жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. Алғашқыда заң жобасында 90 бап қарастырылған. Ол кейіннен талқылана келіп, кейбір баптардың заңнамалық актілерге біріктірілгенін жеткізді. Заң жобасын әзірлеу барысында ғылымды қолдау, қаржыландыру, кадр даярлау, ғылымға жас ғалымдарды тарту сияқты келелі мәселелерге басты назар аударылып отыр.
Жиынға шетелде оқып, жұмыс істеп жатқан ғалымдар да қатысты. Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінің зерттеуші профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Еркін Аббасов заң жобасында академия қызметін анықтау мен ғылыми кадрлар әлеуетін күшейтуге назар аудару қажеттігін алға тартса, Гонконг политехникалық университетінде және Канададағы Уатерлоу университетінде кванттық физика және офтальмология саласы бойынша зерттеуші, MD, PhD Мұхит Құлмағанбетов заң жобасында қарастырылған техникалық банкке, оның ішінде медициналық және фармацевтикалық зерттеулерге қатысты ойын білдірді. Осы орайда ол ғалымдарға заң кеңесін қарастыру қажеттігін алға тартты. Заң кеңесі өз кезегінде ғалымдардың әзірлемелерін іске асыруға, тіркеуге оң ықпалын тигізетін болады. Сонымен қатар ол елімізде медицина саласы қарқынды дамитындығына сенім білдіре келіп, ғылыми паспорт тұжырымдамасын енгізуді ұсынды. Бұл медициналық немесе салалық ғылымға қатысы жоқ мамандардың амбулаторияларда және стационарларда науқастармен өзара ықпалдастығын қамтамасыз етеді. Яғни ғылыми сервистерді, инженер технологтердің қатысуымен жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол Америка, Қытай тәжірибесіндегідей кванттық технологиялар трансфертін қарастыру қажеттігін алға тартты.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Ө.Байқоңыров атындағы тау-кен металлургия институты директорының орынбасары, PhD Тілепбай Қуандықов еліміздегі ғылымның деңгейі өркениетті елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін тілге тиек етті. «Көптеген елде ғалымдарға зиялы қауым ретінде құрмет көрсетіледі. Сондықтан да осы маңызды құжаттың қабылдануымен ғылым дамудың даңғыл жолына түседі деген сенімдеміз. Десек те Президент басымдық беріп отырған көптеген мәселе іске аспай отыр. Мысалы, мемлекеттік сатып алу ресімдерінде қиындықтар бар. Яғни заманауи техника былай тұрсын, кеңсе тауарларын сатып алудың өзіне 3-6 ай уақыт кетеді. Ал ғалымдарға жабдықтар жылдың басында қажет болатыны анық. Салдарынан тиісті нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Сонымен қатар ғылыми мекемелердің өндіріс базасы сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмейінше ғылыми жұмыстар нәтиже бермейді. Мұнымен қоса жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайына да жете көңіл бөлген жөн», деді ол.
Математика және математикалық модельдеу институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Махмұд Садыбеков аталған заң жобасында қарастырылған 17, 25-баптарға назар аудару қажеттігін алға тартып, Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы, жобаларды сараптау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ғылымға қатысты мәселелерді шешу барысында шенеуніктерден гөрі ғалымдардың ара-салмағы басым болғаны жөн.
Ғылымның нәтижелі болуы теориялық білімнің өндіріспен ұштасуына байланысты. Осы орайда С.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университеті оториноларингология кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, балалар оториноларингологі Амангелді Күлімбетов жас дәрігерлер үшін клиникаларда өндірістік базаны жетілдіру мәселесін қозғады. Профессордың айтуынша, қазіргі кезде жас мамандардың тәжірибе жинау ісінде өндірістік база мүлдем сын көтермейді. «№5 клиникалық ауруханада балалар бөлімшесінде бар-жоғы 30 төсек қарастырылған. Оның өзі Қазақстан-Ресей жекеменшік медициналық университетінің өндірістік базасы болып саналады. Өткен ғасырдың 70-жылдары бұл көрсеткіш 120 төсекке дейін жеткен. Сонымен қатар ауруханаларда жедел жәрдем циклі өткізілмейді. Себебі қабылдау бөлімшесіне медицина университеті резиденттерін кіргізбейді. Инфекция жоғарғы тыныс алу жолдарына шоғырланатындықтан, COVID-19 кезінде оған жеткілікті мән берілмеді, вирус төменгі тыныс жолдарына өтіп, адам ағзасына ауыр зардабын тигізді. Сондықтан шет елдердегідей бас, мойын хирургиясына арналған ғылыми-зерттеу институты клиникасымен бірге елімізде оториноларингология ғылыми-зерттеу институты ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді», дейді профессор.
Жиын барысында академияның вице-президенттері Асқар Жұмаділдаев пен Ақылбек Күрішбаев сөз сөйлеп, бүгінгі ғылымның ахуалы, оның түйткілді мәселелерімен бөлісті. Ашық микрофон алаңында сонымен қатар тау-кен саласы, әскери ғылымдарды дамыту мәселесі де ғалымдар назарынан тыс қалған жоқ. Осылайша, ұсыныстарын жеткізген ғалымдар көкейкесті мәселелердің жаңа заң жобасы аясында қамтылатынына сенім білдірді.
АЛМАТЫ