• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2023

Объективте – Тараз

264 рет
көрсетілді

Қайрат Рысқұлбеков атындағы орталық саябақта «Тараз – тарих толқынында» атты рес­пуб­ликалық фототілшілер бай­қа­уының марапаттау рәсімі өтті. Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр қиырында тұратын белгілі фототілшілер қатысты.

Республикалық деңгейде ұйымдас­тырылған іс-шараға қатысқан әріптес­тердің еңбегінен көне шаһардың бү­гінгі келбетін, тарихи орындарын ше­бер­лік­пен объективке сыйдырғанын бай­қадық. 12 қатысушының барлығы да көркейген, жаңарған шаһарды жан-жақты көрсету үшін аянып қалмаған.

«Тараз – тарихымыздың темір­қа­­­зығы. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерт­­­кен көне шаһар тарихы, байырғы мәдениеті мен тәуелсіздік жылдары қай­та көркейген келбетін қатысушылар барынша жақсы көрсеткен.

Байқаудың басты мақсаты – екі мың жылдан астам тарихы бар сүйікті қала­мыздың бүгінгі бейнесін фото өнері арқылы көпшілікке таныту. Сондай-ақ осы арқылы кәсіби мамандарды анықтап, олардың еңбегін халық арасында кеңінен дәріптегенді жөн деп ұйғардық», деді іс-шара қорытындысында сөз сөйлеген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.

Өз ісінің шеберлері сынға түскен байқау қорытындысында түркістандық Нақып Шынтеміров жүлделі үшінші орынды иеленсе, шымкенттік Самат Мырзалиевке екінші орын бұйырды. Қазылар алқасы алматылық Ернұр Манап­ханұлының еңбегін жоғары баға­лап, бірінші орынға лайық деп тапты.

Бұдан бөлек байқауда бақ сынаған қатысушылар арнайы аталым бойынша марапатталды. Мәселен, «Үздік фотограф» аталымы сыйлығын шымкенттік Мақсат Шағырбай иеленсе, «Үздік қала пейзажы» аталымы тараздық Дәурен Нысанбаевқа, «Ең әдемі көрініс» аталымы тағы бір тараздық қатысушы Табын Әбілдаға, «Мөлдір табиғат» аталымы түркісандық Серікболсын Шеріге, «Қас-қағым сәт» аталымы алматылық Әкпар Үркінбайұлына бұйырды. Сондай-ақ жергілікті фототілшілер Ақәділ Рысмахан, Юрий Ким, Михаил Те, алматылық Досжан Балабекұлы ынталандыру сыйлығына ие болды.

 

Тараз