Елордада өтіп жатқан теннистен «ATP 250 Astana Open» санатындағы турнирдің жекелей сынында бірде-бір отандасымыз ширек финалға дейін жете алмады.
Турнирді екінші кезеңнен бастаған еліміздің ерлер арасындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик бастапқы бәсекесінде әлемдік рейтингте 58-орында тұрған аустриялық Себастьян Офнермен шеберлік байқасты. Бір сағаттан сәл аса уақытқа созылған матчта отандасымыз қарсыласына екі сетте 4:6, 2:6 есебімен жол берді. Бубликті жеңген Себастьян Офнер 1/4 финалда өз отандасы Доминик Тиммен кездеседі.
Ал жұптық сында бақ сынаған Александр Недовесов жартылай финалға бір қадам жетпей тоқтады. Отандасымыз эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге 1/4 финалда Ариэль Беар (Уругвай)/Адам Павласекке (Чехия) 3:6, 6:4, 5:10 есебімен есе жіберді.