ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен 2023 жыл мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланған-ды. Осыған орай қазақ және Кіндік Азия мемлекеттерінің оқу-ағарту саласы мен мәдениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосып, 39 жасында сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған көрнекті тұлғаның 125 жылдығы Ақтөбеде аталып өтті. Іс-шараға Алматыдан Ұзақбай Құлымбетовтің қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева, жазушы Зейнеп Ахметова арнайы келді. Ақтөбе қаласындағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 және Бауыржан Момышұлы атындағы №62 мектептерде «Баукеңнің тәлімі» тақырыбында оқушылардың Орынша және Зейнеп апайлармен кездесуі өтті. Ырғыз ауданында осы топырақтан өнген үш арыс –Телжан Жаманмұрынов, Ұзақбай Құлымбетов, Телжан Шонанұлына арнап ас берілді.
«Т.Жүргенов және түркі әлемінің рухани бірегейлігі» атты ғылыми конференцияда өз заманының мықты тұлғасы – 30-жылдардың қиын-қыстау кезеңінде жүздеген мектеп салып, жоғары оқу орындарын ашып, ұлт мәдениетін кәсіби өнер салаларымен ұштастыра дамытқан Темірбек Қараұлының мемлекетшілдік ұстанымы туралы сөз болды. Ол ғұмырының соңғы 208 күнін НКВД түрмесінде өткізді. ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов Президент мұрағатында сақталған Темірбек Жүргеновтің тергеу ісіне қатысты кейбір деректерді таныстырды.
Түрмедегі азапқа 33 күн қарсы тұрды
Темірбек Жүргенов 1937 жылы 2 тамызда Алматыда тұтқындалды. Оның алдында Телжан Жаманмұрынов, Аспандияр Кенжин, Ғаббас Тоғжанов, содан кейін Ілияс Жансүгіров, Телжан Шонанұлы, Ұзақбай Құлымбетов қамауға алынды. «1937 жылдан бастап түрмеге түскендерге «Антикоммунистік ұлтшыл ұйымның мүшесі екеніңізді мойындайсыз ба?» деген анкета таратылды. Оған бәрі «жоқ» деп жауап беретін. Темкең де солай жауап берді. Алайда екі-үш күннен кейін азаптауларға шыдай алмағандар бастапқы жауабын «ия» деп өзгертіп жатты. Темкең болса адам жаны шыдамайтын азаптауға 33 күн қарсы тұрды. Сол уақытта НКВД жендеттері тұтқындарды мойындату үшін небір сұмдықтарды қолданған. Темкең 7 қыркүйекте ҚазКСР Ішкі істер халық комиссары Лев Залинге қылмыстық іс бойынша өзі мен басқалардың іс-әрекетін әшкерелейтінін жазады. Бүгінде Қазақстан Президенті мұрағатында Т.Жүргеновтің қылмысты мойындау парағының үш нұсқасы сақталған. Бірінші нұсқа 6 жолдан, екіншісі 17 жолдан тұрса, үшіншісі – толық мойындау парағы. Темірбек Қараұлы бірінші жауабында антикоммунистік ұлтшыл ұйым мүшесі болғанын мойындайды, бірақ өзінен басқа ешкімді атамаған. Ал екінші мойындау парағында бес, үшіншісінде жиырмадан аса адамның аты-жөнін атайды. НКВД тергеушілері өздеріне керек нұсқаны алғанша жаздыртып, Темкеңді әбден мойындатқан соң 7 қыркүйекте НКВД комиссары Сталин, бөлім бастығының көмекшісі Розенфельд, тергеуші, төтенше уәкіл Оспанов ресми жауап алады. Кейіннен асыра сілтеуге байланысты тексеріс басталғанда, Оспанов өз қолымен былай деп жазған: «Жүргенов, Құлымбетовтерден басқа ұлт өкілдері жауап алды. Біз өте төмен сатыда тұрдық. Қазақ тергеушілеріне ондай істі тапсырған жоқ». Ресми жауап алу парағында бес сұрақ болды. Онда айыпталушының контрреволюциялық ұйымға мүше болғанын мойындауы, оған кім және қашан тартқаны, ұйымның құрамы, негізгі міндеттері мен мақсатқа жету жолдары, Қазақстандағы ұлттық ұйым органдарын сипаттау, мемлекеттік қызметке зиянкестік жасаған тұлғалар туралы ақпараттармен бөлісу. Барлық сұраққа НКВД көңілінен шығатын жауап алынды», деді Х.Әбжанов.
Ұ.Құлымбетов бастаған азаматтарға Қазақстанды КСРО құрамынан бөліп алып Жапонияға қоспақшы болды деген айып тағылды. Астыртын ұлтшыл-контрреволюциялық ұйым жұмысын Алматыда Ілияс Молдажанов пен Ізмұқан Құрамысов, Шығыс Қазақстанда Нығмет Сырғабеков, Қарағандыда Ыдырыс Көшкеев, Ақтөбеде Шаяхмет Ярмұхамедов, Оралда Хасен Қошанбаев басқарған-мыс. Оқу комиссары Жүргенов сауатсыздықпен күреске көп ақша жұмсады, бірақ елде сауатсыздық жойылған жоқ деп жазылған тергеу қорытындысында. Тергеу төрт айға созылды. Ұ.Құлымбетов, Т.Жүргенов, Н.Сырғабеков, С.Есқараев, І.Молдажанов, Х.Нұрмұхамедов, Ә.Досов, І.Құрамысов, С.Сафарбеков, А.Мусин, Х.Қошанбаев, Ж.Сұлтанбеков, А.Кенжин, Т.Жаманмұрынов бастаған 19 азамат РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-бабымен айыпталды. «1937 жылы 4 желтоқсанда Жүргеновке айыптау қорытындысы жазылды, бірақ қылмысын дәйектейтін құжаттар жалғаса берді. Жүргенов өзін астыртын ұйымға С.Қожанов тартты десе, С.Қожанов С.Меңдешовті көрсеткен. Жүргенов «ұйымға кіруге үгіттеген» он адамның ішінен Әбдірахманов пен Данияров қана растаса, қалғандары мойындамайды. Алматыдағы бір мектептің әскери дайындық пәні мұғалімі Н.Сукин Жүргенов Жапонияның әскери атташесімен байланыста болды деп куәлік етеді. 1937 жылдың 25 қарашасында беттестіру кезінде Темкең оны танымайды. Назар аударарлық жайт, Н.Сукин ертеңіне атылған», дейді Х.Әбжанов.
Интеллектуалдар қорғанысы
Баймұханов деген куә 1937 жылдың 15 желтоқсанында «Жүргенов 1936 жылдың 17-27 мамырында Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігінде кеңес өкіметі басшылығына қастандық ұйымдастырмақшы болып, Сталиннің күзеті күштілігінен жоспарын іске асыра алмады», деп куәлік еткен. 19 желтоқсанда Құдайберген Жұбанов жауап алу кезінде Т.Жүргеновтің Троцкий мен Бухаринмен байланыста болғанын растайды. Осыған жете мән беруіміз керек. Бұл жерде Қ.Жұбанов Жүргеновтің Бухарин, Троцкиймен тең дәрежеде тұрған тұлға екенін көрсеткен. Тергеушілер де әккі. Соған қарамастан жауап алу кезінде біздің адамдар қорғанудың небір тәсілдерін қолданған. Сәкен Сейфуллиннің жауаптарынан да осыны көреміз», дейді Х.Әбжанов.
Т.Жүргенов РСФСР Қылмыстық Кодексі 58-бабының 1-А, 6,7,8,9,11 тармақтарымен айыпталды. Оған «1926-1927 жылдан бастап ұлтшыл- антикеңестік ұйым құруға қатысты, ұйымға жаңа мүшелер тартты, 1930 жылғы Қарақұм көтерілісін ұйымдастырды, өзі жетекшілік еткен диверсиялық топтар көмегімен 1936 жылы Қазақ университеті ғимараты мен баспаханасын өртеді, оқу-ағарту саласында зиянкестерді жинады» деген ауыр айыптар тағылды. 1938 жылы 25 ақпанда кешкі сағат 18.40-та басталған КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының бірінші көшпелі отырысында Т.Жүргенов ату жазасына кесілді. Сот бар-жоғы 40 минутқа созылды. Үкім мәжілістен кейін орындалды.
Жүргенов әулетінің төрт мүшесі – әкесі Қара, бауырлары Досжан мен Қосжан, Темкеңнің өзі сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Тоталитаризм түбіне жеткен қазақтың ұлы әулеттерін Абай ұрпақтары бастап тұрса, олардың қатарында Ақтөбе өңірінен Қара Жүргенұлы, Мемлекеттік ІІ Дума депутаты Алпысбай Қалменов әулеті, Арынғазы сұлтанның ұрпақтары бар. Орал облысынан Думаға сайланған Алпысбай Қалменовтің Атлаш есімді баласы халық комиссары қызметінде жүріп ату жазасына кесілді. Менің ойымша, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әулеттер тақырыбы тереңірек зерттеуді қажет етеді. Көп ұзамай Жүргеновтің әйелі, дәрігер Дәмеш Әмірханқызы 7 жылға сотталды. Темкеңнің дүние-мүлкі тәркіленіп, жазған еңбектері өртелді. 1938 жылғы сот отырысында Ұ.Құлымбетов өзін де, әріптестерін де ақтауға тырысып, тергеудегі айтқандарынан бас тартты. Алайда дүлей күштің заманында Ұ.Құлымбетовтің сөзіне ешкім мән бермеді», деп түйіндеді Ханкелді Әбжанов.
Президент мұрағатында Т.Жүргеновтің төлқұжаты, Дәмеш Әмірханқызының Орталық Азия мемлекеттік университеті емдеу факультетін бітіргені туралы дипломы сақтаулы. 1930 жылы Қарақұм көтерілісіне қатысқан Темірбектің інілері Досжан мен Қосжан туралы деректер де осы жерде. Тәркілеудің зардабын тартып, көтеріліске шыққан бір қауым елді қызылдар «Қаруды тапсырсаңдар, ақталасыңдар» деп алдап, қоршап алып атып тастаған. Олардың арасында Темірбектің екі інісі кеткен. 1946 жылы НКВД лагерінен босаған Дәмеш апайға Алматыда тұруға рұқсат етілмей, ол 1956 жылға дейін Қарағанды мен Бурабайда жүрді.
Террорды ұйымдастырғандар
1937 жылы троцкийшіл-бухариншілермен күресті Қазақстанда жүзеге асырған ҚазКСР Ішкі істер халық комиссары Лев Залин 1938 жылдың 8 маусымында «шетел барлау қызметінің шпионы» деген айыппен тұтқындалып, 1939 жылы Мәскеуде атылды. Ал сол жылдың 1 мамырында Мәскеуден Қазақстан Орталық партия комитетінің «контрреволюциялық» ісін тексеруге келген топ 4 мамырда Мирзоянды орнынан босатып, тұтқындайды. 1938 жылы маусымда Л.Залиннің орнына келген Станислав Реденс үш айдан соң ұсталып, 1940 жылы Мәскеуде атылды. Темірбек Жүргеновті «жапон тыңшысы» деп айыптаған Реденстің орынбасары, мемлекеттік қауіпсіздік майоры Володько Реденспен бірге ұсталып, ол да 1940 жылы Мәскеуде атылды. Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай 1992 жылы 19 комиссар жатқан Қандысай саяжайға берілейін деп жатқанда, марқұм Мардан Байділдаев бастаған бір топ азаматтың тоқтатқанын айтты. Сол жолы олар кішкентай белгі орнатты. Бірақ ол жаққа отыз жылдан бері ешкім зер салған жоқ. Мардан ағамыздың белгісі де өшуге жақын.
Конференцияда Орынша Қарабалина-Қазыбаева 1932 жылдың аштығында Ұзақбай Құлымбетов Алматыдағы Пролетариат пен Сауда көшелерінің қиылысқан жеріне қазан құрғызып, ыстық тамақ пісіріп таратқанын айтты. «Алматының көшесінде босқан аштар біздің үйдің қақпасының алдына келіп жататын. Үйдің адамдары шамасы келгенше оларды кіргізіп, жаздық үйге жатқызатын. Өз анам мен Әйіш шешеміз аштардың тамағын пісіріп, киім-кешегін жуады екен. «Бір күні әбден шаршап кеткен соң қашанғы көшедегі жұрттың тамағын пісіріп, киімін жуамыз деп ренжіп едік, Ұзақбай аға бізге қатты кейіді» деген еді анам. Әлдерін жинағандарын интернатқа, не басқа жерге орналастыратын. Алматыда институтқа түскен жылы ата-анамыздың қамқорлығын көрген бір қызбен жолықтым. Бізде 3-курста оқиды екен. Қақпамыздың алдында әлсіреп жатқан кішкентай қызды аналарымыз көріп қалып үйге әкелген. Кейін интернатқа орналастырады. Сол жерде оқуын бітіріп, институтқа түседі. Ол оқу бітіргенше маған қамқор болып жүрді. Әкеміздің кеңсесі келушілерге әрдайым ашық болған. Көмек сұрап келген жанның шаруасын сол бойы шешіп берген. Оның шапағатын көрген кісілер ел ішінде көп болды. Әкем тарихшы Бек Сүлейменовтің білім алуына да көмектескен. Ол да қуғынға ұшырап, өмірінің біраз жылын айдауда өткізді. Алматыға қайтып келген жылдары онымен ұшырасқанымда, «Құлымбетов туралы барлығын білсем де, жаза алмай қалдым. Қазір мүмкіндігім жоқ», деп ағынан жарылған. Жазықсыз жаланың құрбаны болған Ұзақбай Құлымбетовті көп жылдар бойы Қазақстанда іздейтін адам болмады. Бала кезден туған жеріміз – Ырғызды аңсап елге келіп қайтайық десек, жұртқа кесіріміз тимесін деп тартындық», деді 92 жастағы Орынша апай.
Конференция қорытындысында еліміздің әр түкпіріндегі аштан өлгендер мен жазықсыз атылған адамдар көмілген орындарды жүйелі түрде анықтау ісі қолға алынбай жатқаны айтылды. Қазіргі кезде елде сол заманның оқиғаларын білетін, қасіретті орындарды көрсететін ақсақалдың көбі өмірде жоқ. Өкініштісі, қатыгез заманның қасіретті орны – Қандысайда елеусіз қалған 19 комиссарды қайта жерлеу, осы жерге азалы жылдардың ескерткішін орнату да ұсыныс күйінде қалды.
Ақтөбе облысы