Келесі жылы ел астанасында алғаш рет жеңіл атлетикадан жабық кешендегі «World Athletics Indoor Tour» санатындағы Алтын деңгейлі турнирінің бірінші кезеңі ұйымдастырылады. Бұл жарыс – келесі жылы Парижде алауы тұтанатын жазғы Олимпия ойындарына қатысуға жеткілікті деңгейде ұпай жинауға мүмкіндік беретін бірегей турнир.
Биыл жыл басында Астанада дәл осы «World Athletics Indoor Tour» санатындағы жарыстың Күміс деңгейлі «Astana Silver Grand Prix Meeting» турнирі ұйымдастырылған болатын. Осылайша, 2016 жылы тұсауы кесілген желаяқтардың жарысын биыл ТМД елдері арасында бірінші болып Қазақстан астанасы қабылдағанын да айта кеткен жөн. Әлемге әйгілі «Гауһар лигасының» жабық кешендегі баламасы ретінде өткізіліп келе жатқан Астанадағы жарыста әлемнің 15 елінен келген 100-ге жуық спортшы бақ сынаған-ды.
2022 жылы халықаралық турнир жарыс аясын кеңейтіп, желаяқтар бәсекесін төрт деңгейге, яғни Алтын, Күміс, Қола және Үміткерлер санатына бөліп өткізе бастады. Бұл сайыстар жарысты ұйымдастыру деңгейімен және жүлде қорымен ерекшеленеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры Павел Кукин аталған жарыс 2024 жылдың 27 қаңтарында Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді деп жоспарланғанын мәлімдеді.
«Қазақстан 2024 жылы INDOOR tour Gold LEVEL сериясының жарыстарын қабылдауға дайын. Жарыс 2024 жылдың 27 қаңтарында «Qazaqstan» жеңіл атлетика орталығында өтеді. Еліміздің атлеттері осындай халықаралық ірі додаларға қатысу арқылы әлемдегі ең мықты спортшылармен сайысуға мүмкіндік алады. Турнирдің жүлде қоры 100 000 долларға жетеді. Жарыс жеңіл атлетиканың 12 түрі бойынша өтеді. Атап айтқанда, Алтын деңгейлі додаларда ерлер 400, 1 500 және 60 метрге кедергілер арқылы жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру бойынша жарысса, әйелдер 60, 800, 3 000, 5 000 метрге жүгіру, сырықпен секіру, үш қарғып секіру және ядро лақтыру сайыстары бойынша бас жүлдені сарапқа салады», деді П.Кукин.
Алты кезеңнен тұратын келесі жылғы «World Athletics Indoor Tour Gold Level» жарысының шымылдығын Қазақстан астанасы ашып береді. Астанадан кейін бұл жарыстар Бостон, АҚШ (3 ақпан, 2024), Торун, Польша (6 ақпан, 2024), Льевен, Франция (10 ақпан, 2024), Нью-Йорк, АҚШ (11 ақпан, 2024), Мадрид, Испания (22 ақпан, 2024), Бирмингем, Ұлыбритания (24 ақпан, 2024) қалаларында жалғасын табады. Рейтингтік ұпайлар әр санат бойынша үздік шыққан төрт спортшыға беріледі.
Павел Кукиннің айтуынша, мұндай деңгейдегі жарыстарды өткізу отандық желаяқтардың әлеуетін байқауға, халықтың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі.
«Кейінгі төрт жылда еліміздің желаяқтары 60-тан астам рекорд орнатты. Бұл нәтижелер біздің спортшылардың деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Ұлттық чемпионаттарға қатысатын спортшылар саны 30%-ға өсті. Осы фактілердің барлығы Қазақстанның жеңіл атлетикасын дамытуда таңдаған жолының дұрыс екенін білдіреді», деді жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры.