Қытайдың Ханчжоу қаласын дүбірге бөлеген ХІХ жазғы Азия ойындарында қазақ елінің жеңіл атлеті Каролин Чепкоеч Кипкируи қола медаль иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Желаяқ қыздардың арасындағы 5000 метрге жүгіру сайысында Парул Чаудхари (Үндістан) жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды. Күміс медаль жапон қызы Ририка Хиронакаға бұйырды. Қола медаль иегері Кипкируи үнді қызынан 9 секунд қалып қойды.
Жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың тағы бір мүшесі Дэйзи Джепкемей жазғы Азия ойындарында 8-орынды місе тұтты.
Каролин осы Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында 10 шақырым қашықтықта да қола жүлдегер атанған болатын.