• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 03 Қазан, 2023

«Қозы мен Баянға» бас жүлде бұйырды

259 рет
көрсетілді

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музы­калық драма театры Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» музыкалық драмасымен Бішкек қаласында өткен «АРТ-ОРДО – 2023» халықаралық театр фестиваліне қатысты. Биылғы фестиваль КСРО Халық әртісі, қырғыз халқының көрнекті театр­ және кино актрисасы Бакен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналды.

Фестивальде 6 шетелдік және 8 қыр­ғыз театры бақ сынады. «АРТ ОРДО – 2023» халықаралық театр фестиваліне әр елден театр қайрат­кер­лері мен театр зерттеушілері шақы­рылды. Халықаралық қазылар алқа­сын Қазақстанның халық әртісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, Жастар театрының көркемдік жетек­шісі, профессор Нұрқанат Жақып­бай басқарды. Сонымен қатар қазылар алқасының құрамында Өзбекстанның Халық әртісі, Өзбек­станның Ұлттық ака­демиялық драма театрының актрисасы Гаухар Закирова, Қыр­ғыз Республикасы­ның Халық әртісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, актриса Гүлсара Әжі­бе­кова, Әзербайжанның Халық әр­тісі, Әзер­байжанның еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері, театр және кино актері, режиссер Джахангир Мутал­либ оглы Нов­рузов, Қыр­ғыз­стан Театр қайрат­керлері ода­ғы­ның президенті, өнертану кандидаты Жа­ныш Құлмамбетов, театр сыншысы, өнер­­тану кандидаты Айсұлу Сағитова (Баш­­құртстан, Ресей), театр сыншысы және режиссері Исмаил Дикилиташ (Түркия) болды.

Халықаралық қазылар алқасы «Үз­дік қойылым» – бас жүлде, «Үздік режиссер», «Үздік сценография», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел адам рөлі», «Екінші пландағы ер адам рөлі», «Екінші пландағы әйел адам рөлі», «Сыншылар көзайымы» аталымдары бойынша жүлдегерлерді анықтады.

Қырғызстан көрермені Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының спектаклін зор ықылас­пен қабылдады. Сахнада актерлерден басқа, оркестр де өнер көрсетті. Бұл драмалық шығарманың әсерін арттыра түсті. Халық аспаптар оркестрі барлық музыкалық партияларды жанды мәнерде орындап, спектакльге өзгеше сипат берді. Сахнада ескі заман хикая­сы заманауи әуенмен өрбіп отырды. Тіпті Майкл Джексонның әндерінен де үзінді орындалды. Осылайша, автор классикалық құр баяндаудан бас тартып, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясын заманауи тәсілде жеткізе білгені үшін Қаллеки театрының ұжымы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі үшін Гран-при жүлдесімен және ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәде­ниеті ұйымының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Қоюшы режиссер – Гүлназ Балпе­йісова, дирижер – Маралжан Мырза­құлова, қоюшы суретші – Қанат Мақ­сұтов, киім суретшісі – Алма Сырбаева, хореограф – Ильмира Иманғазина, композитор – Олег Синкин.

Спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Нөгербек, «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лы­ғының лауреаты Ж.Ерболат, «Сер­пер» сыйлығының лауреаттары – Ш.Ордабаев, О.Жақыпбек, актриса А.Жет­пісбаева, актер Н.Есен, М.На­менов, Б.Шалқар, С.Анварова, Б.Қалила, А.Мамыр, Ә.Бектас, М.Макибаева және халық аспаптар ансамблі өнер көрсетті.