• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қазан, 2023

Береке бастауы

140 рет
көрсетілді

Талдықорғанның туған кү­нін жетісулықтар ерекше атап өтті. Ай бойы түрлі іс-шара ұйымдастыры­лып, «Жастар саябағына» жиналған халықтың көңілі шат болды. Әсіресе шаһар сыртындағы «Үйтас» сая­жайының тұрғындары көп­тен бергі тілегіне жетіп мәз-мейрам. Енді олардың үйле­ріне көгілдір отын келіп тұр. Шаттыққа толы сәттің шымылдығын облыс әкімі Бейбіт Исабаев көтерді. Халықпен емен-жарқын әң­гіме өрбітіп, өңірдегі соңғы жаңа­лықтарды жеткізді.

Тотыдай түрленген шағын ша­һар жыл санап жанданып келеді. Жаңа шағын аудандар қо­сылып, көз тартар зәулім үйлер бой көтеріп, жастардың талабына сай дамып келеді. Бұрын Талдықорғанды зейнеткерлердің қаласы деп атайтын еді, ал қазір бұл ұғым бара-бара ұмытылып бара жатқандай. Жан-жақтан білім іздеген жастар келіп, қала­ның келбетін одан әрі сәндеуде. Жаңа өңірдің тарихы осылай жазылып жатыр. Қазір облыс орталығына жақын аудандар мен ауылдық округтерге бірте-бірте табиғи газ тартылып, халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Соның бірі – «Үйтас» саяжайы. Көбіне көпбалалы ата-аналар тұратын аумаққа көгілдір отын ауа­дай қажет еді. Себебі тұрғындар қыс­та көп отын жағатынын, кө­мір­ден тапшылық тартатынын айтып, әкімдікке талай өтініш жолда­ған. Бүгін, міне, мақсатына жетті. Енді мұндағы 4200-ден астам тұрғынның немесе 1500-ден астам абоненттің газға қосылуға мүмкіндігі бар.

Өңір әкімі баспасөз қызме­тінің мәліметінше, бұл тұрғын алабын газдандыру жобасы 2020 жылы басталған. Оған 388 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 43 км газ желілері салынды. Қа­зір қала іргесіндегі саяжайларды толық газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Ал­дағы уақытта тұрғындар бір­тіндеп табиғи газға толық қол жет­кізеді. Осы бір мерекелі мезетте облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.

«Ел Президенті мемлекет­тік саясаттың оң нәтижелерін бі­рін­ші кезекте халық сезінуге тиіс екенін ұдайы айтып ке­ле­ді. Өйткені жүргізіліп жат­қан реформалардың бәрі де әлеу­меттік жағдайды жақсартуға, азаматтардың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталып отыр. Халық­қа ең алдымен сапалы жол, жа­рық, газ, мектептер мен балабақ­ша­лар, лайықты жалақысы бар жұ­мыс керек. Сондықтан біз өңір­дің инфрақұрылымын дамыту­ға, елді мекендерді, оның ішінде саяжай қауымдастықтарын абат­тандыруға ерекше назар аударып келеміз.  Бұдан бірнеше жыл бұрын бұл тұрғын үй мас­сивіне жарық пен су тартылып, көше жарығы орнатылған, енді міне, газ келді, жолдарыңыз да жөнделіп жатыр. Көгілдір отын­мен бірге үйлеріңізге жылу ұяла­сын. Енді газ желісіне белсенді қосыласыздар деп сенемін», деді Б.Исабаев.

Сондай-ақ ол биыл «Жас­тар-2», «Ынтымақ» жеке тұр­ғын алаптарындағы 11,5 мың тұр­ғын, сондай-ақ Талдықор­ған қаласындағы қалған учаске­лер­дің 585 тұрғыны газға қол жеткізетінін айтты. Ал 2024 жылы Мойнақ ауылында газ же­лілерін салу жұмыстарын аяқ­тау жоспарланып отыр.

«Президент біздің облысқа өткен жылғы сапары кезінде бер­ген тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауда­нынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендерді толық газдандыруды жоспарлап отырмыз, ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру 100 пайызға жетеді немесе 192 елді мекенді қамтимыз. Біз өңірдің инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын бұдан әрі де  жалғастырамыз», деді Б.Исабаев.

«Үйтас» саяжай қауым­дас­тығының төрағасы Людмила Хадисова тұрғындардың аты­нан алғыс айтты. Мұнан соң салтанатты түрде газ қосу рәсімі атқарылды. Мәселен, «Үйтас» саяжай алабының алғашқы газ тұтынушыларының бірі, алты баланы жалғыз тәрбиелеп отыр­ған көпбалалы ана Әсия Чуку­басованың үйі әлеуметтік қол­дау ретінде газға тегін қосыл­ды. Бұл – қала әкімдігінің, «Қаз­ТрансГазАймақ» өнді­ріс­тік филиалының, «Жеті­су­ГазСервис» МКК және «Тараз­Строй 2004» ЖШС мер­ді­гер ұйымының бірлескен жұмы­сының нәтижесі.

Тұрғындармен әңгімелесу барысында облыс әкімі Бей­біт Исабаев қабыл­дауға әр уақытта орта есеппен 14-15 адам келетінін, олардың көтерген мәселелерінің шамамен 80 пайызы оң шешілетінін атап өтті. Соның ішінде мемлекеттік қордан тұрғын үй беру мәселелері бойынша жүгінетіндер де көп.

«Тұрғын үй мәселесі – бі­рін­ші кезектегі мәселе. Десек те заң­ға қайшы әрекет етіп, ке­зек­сіз тұрғын үй беруге бол­май­ды. Бірақ шұғыл көмек қа­жет болатын кездер болады, адам­ның материалдық жағда­йы, денсаулық жағдайы, бірқа­тар әлеуметтік мәселелері ауыр болуы мүмкін. Сондықтан біз мұн­дай жандар­дың тұрғын үй жағ­дайларын жақ­сартып алғанға дейін олар­ға бос орындары бар сту­денттік жатақханалардан отбасы мүшелерінің санына қарай 1-3 бөлме бөлген жөн деп шеш­тік. Жатақханаларды күрделі жөндеуден өткізгеннен кейін отбасылар үшін бөлек кіребе­ріс қарастырылады. Қазір жаңа жатақханалар салу кезінде де осындай жағдайларды бірден ес­керуді көздеп отырмыз. Жалпы, биыл Талдықорғанда жалгерлік тұрғын үйдің рекордтық көлемі пайдалануға беріледі. Яғни кезекте тұрған 2 мың адамға пәтер беріледі. Қазір 2009-2010 жылдары кезекте тұрғандар ала бастады», деді Б.Исабаев.

Бүгінде жаңа 9-шағын аудан­да тұрғын үйлер құрылысы жү­ріп жатыр. Егер жыл сайын биыл­ғыдай 300 мың шаршы метр­ден астам тұрғын үйді іске қоса­тын болса, онда алдағы 4-6 жыл­да кезекте тұрғандар саны екі есеге қысқармақ. Сонда кезектегі азаматтар қазіргідей 10-20 жылдан кейін емес, әрі кетсе 5-6 жыл ішінде тұрғын үйге қол жет­кі­зетін болады. Осы мақсатта өңір ішінде тиісті шараларды қа­былдап жатыр.

Атап өтсек, бүгінде 8 сая­жай массивін – «Қаратал», «Қы­зылтас», «Мереке», «Балық­ты», «Сарыбұлақ», «Алмалы», «Ащыбұлақ», «1-бөлімше» тұрғын алаптарын газдандыру үшін ЖСҚ әзірленіп жатыр. Жобалық жұмыстардың аяқ­талу мерзімі – 2024 жылғы қаң­тар-ақпан. Сондай-ақ Жетісу облысын толық газдандыру жұ­мыс­тары жал­ғасуда.

Жалпы, қала күні аясында Тал­ды­қорған қаласындағы ипподромда таңертеңнен бері ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар өткізді. Оқушылар са­ра­йының жанындағы алаңда «Kin­der fest» балалар фестивалі ұйымдастырылды. Оның аясын­да қала кәсіпорындарының бірі балаларға салмағы 25 кг 1,5 метрлік тәтті торт тарту ет­ті. Мерекеде жаңа қонысқа кір­гендер де бар. 25 көпбалалы от­басына «Береке» коттедж қала­шы­ғындағы үйлердің кілттері табысталды. Ал кешке «Жастар» сая­бағында отандық эстрада әншілерінің қатысуымен кон­церттік бағдарлама ұйым­дас­тырылады.

 

Жетісу облысы