Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексі «The Economist» журналының талдау орталығы «Economist Impact» құрастырған зерттеу жұмысы. «Economist Impact» – 75 жылда 205 мемлекетте ғылыми зерттеу жүргізу тәжірибесі бар орталықтардың бірі.
Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексі 2019 жылы ең жоғары көрсеткішке жетсе де, бүгінгі таңда бұл динамика төмендей бастады. Оған 2020 жылдан бері әлемде болған әлеуметтік-саяси дағдарыстар, шикізат бағасының өсімі, экономикалық теңсіздіктің күшеюі және өзге де факторлар түрткі болған.
Есепте 4 индикатор арқылы өлшем жүргізіледі. Атап айтқанда, азық-түліктің қолжетімділігі 2019-2022 жылдары 71,9-дан 69 ұпайға дейін төмендеген. Оған пандемия, геосаяси ахуалдың күрделілігі, дағдарыс әсерінен көтерілген бағамен қатар, сауда еркіндігінің шектелуі және әлеуметтік қорғау жүйесіне қаржының бөлінбеуі себеп.
2022 жылғы индексте алғашқы он елдің ішіндегі сегізі Еуропа мемлекеті. Ал үздік үштіктен орын алған мемлекеттер қатарында Финляндия (100-ден 83,7 ұпай), Ирландия (81,7 ұпай) және Норвегия (80,5 ұпай) тұр. Үздік ондықтың соңында Жапония (79,5 ұпай) мен Канада (79,1 ұпай) орналасқан. Рейтингтің ең соңғы орындарын жылдағыдай Таяу Шығыс пен Африка елдері алған. Соңғы үштікте Сирия (36,3 ұпай), Гаити (38,5 ұпай) және Йемен (40,1 ұпай) елдері тұр.
Индексте Қазақстан 72,1 ұпаймен 113 мемлекеттің ішінде 32-орын алған. Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 9,4 ұпайға көбейген. Жаһандық орташа көрсеткіш 62,2 ұпайға тең. Аймақтар бойынша Солтүстік АҚШ (78,6 ұпай) пен Еуропа (74,8 ұпай) жоғары көрсеткішке ие. Ал Суб-Сахаралық Африка (47,0 ұпай) ең төменгі орынға жайғасқан.
Зерттеу жұмысында азық-түлік қауіпсіздігін қайта қалпына келтіру бойынша ұсыныстар берілген. Бұл бағыттағы басты жұмыс Үкімет, халықаралық ұйымдар және ҮЕҰ-дар тарапынан бірлесе жүруге тиіс деген қорытынды жасалған. Олар қысқамерзімді шығындардың орнын толтыру үшін гуманитарлық, экономикалық, сауда және әлеуметтік қорғау инструменттерін қолдана алады. Дегенмен өзге де ынталы тараптар, оның ішінде фермерлер мен жергілікті қауымдар Үкімет пен ҮЕҰ-лармен бірігіп, адаптация саясаты, инновация және қаржыландыру бойынша қазірдің өзінде жетістікке жетіп келеді деген зерттеу тұжырымдары жасалған.
Мемлекеттердегі басты мәселенің бірі – азық болатын өнім жасауда маңызы бар құнарлы топырақты сақтап қалу. Бұл әсіресе климаттың жылынуы жағдайында өте маңызды. Индекс әлемде температура жылуының артуына байланысты суға қолжетімділікке қатысты қауіп барын көрсетеді.
Қазіргі негізгі мәселелер – табиғи ресурстарды тиімді қолдану, су мен құнарлы топыраққа қолжетімділікті арттыру және табылған шешімдерді фермерлердің қажетіне қарай жылдам тарату. Есепте түрлі дағдарыстарға қарамастан азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін барлық ынталы тараптар бірлесе жұмыс істеуі керек деген ұсыныстар қамтылған.
Аталған есеп әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің динамикасын, өзгеріс үрдісін көрсететін құнды ғылыми деректер базасы ретінде ғалымдар, зерттеушілер мен жалпы қызығушы қауымға көмекші құрал бола алады.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық
даму институтының
сарапшысы