Егемендік декларациясы қабылданар тұста құжат Жоғарғы кеңесте қызу талқыға түскені белгілі. Депутаттар оның өзекті тұсын көрсетіп, кемшілігін айтып, пікірталас бірнеше күнге созылды. Тіпті балама жоба ұсынылған. Парламентте өткен қызу талқының бәрі «Социалистік Қазақстан» газетінің беттерінде жарық көріп отырды. Сондай мақаланың бірі – «Егемендік жөніндегі пікірталас».
Мақалада басылымның парламенттік тілшілері кезекті жұмыс күні қалай басталып, жарыссөздердің қалай өткеніне кеңінен тоқталған. Мәселен, кіріспесінде Жоғарғы кеңестің сессиясы өтіп жатқан мәжіліс залының фойесіне арнайы тақта орнатылғанына назар аударыпты. Онда одақтас республикалардың егемендік жөніндегі қабылданған декларациялары мен талқыланудағы жобалары iлiнiп қойылған.
«Демек, Қазақ ССР-iнiң декларациясы сияқты аса маңызды құжатты қабылдар алдында депутаттарымыз өз нұсқамызды көршiлерiмiздiкімен салыстырып байқауларына болады. Ал өзге республикалар қабылдап үлгерген декларациялар мен жобалары кез келген адамды ойландырады. Мәселен, Ресей сияқты көпұлтты алып республиканың декларациясы шағын ғана бір бетке сыйып кетсе, Түрікменстанның осындай құжаты едәуір орын алып көсіліп жатыр. Арменияның декларациясының жобасы үш нұсқадан тұрады екен. Иә, уақыт солай: әр республика игі мақсатты өзінше іздеген заман...
Әрине, бізді декларациялардың көлемі қызықтырмайды. Қазақстан халқына қажеті «жеті рет өлшеп – бір кесілген», көпұлтты жұртымыздың талап-тілегіне жауап беріп, олардың алаңсыз еңбек етіп, өмір сүруіне жағдай жасайтын тарихи мәні бар құжат екені кәміл. Халқымыз бүгінде өз қалаулыларынан осыны күтіп отыр», дейді авторлар Г.Еңсепова мен Ә.Әлібеков.
Сессияда Қазақ ССР Жоғарғы советінің төрағасы Е.Асанбаев Республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының жобасы жөнінде баяндама жасаған. Бұдан кейін жарыссөз қызу жалғасып жүре берген көрінеді. Мұның басты себебі сессияның алғашқы күнінде-ақ талқылануға ұсынылған Қазақ ССР Жоғарғы советі президиумының нұсқасынан басқа өздерін «Демократиялық Қазақстан» атаған депутаттар тобы балама жоба әзірлепті.
«Бірақ мұндай маңызды күні бұрын республика халқына жария етілмей; Қазақ ССР Жоғарғы советі тұрақты комитеттерінің талқылауынан құжат өтпегендіктен, оны балама ретінде емес, жарыссөз кезінде талқылау ұйғарылған болатын. Әрине, қазіргі жариялылық пен пікір алуандығы кезінде «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының пікірлері негізінен байсалдылықпен қарсы алынды. Декларацияның жобасы депутаттарға көбейтіліп, таратылып берілді.
– Жалпы, біз пікір алуандығына мүдделіміз, – деген болатын Қазақ ССР Жоғарғы советінің төрағасы Е.Асанбаев сессия ашылар қарсаңында болған баспасөз конференциясында. – Тек ол пікірлер халықтардың арасына іріткі салмай, оларды жақындастыруға қызмет етсе болғаны.
Шынын айтқанда, бүгінгі мәжіліс барысында депутаттардың өз пікірлерін нақты дәлелдерге құрып, байсалдылықпен ой бөліскендері байқалды. Бұл парламенттік мәдениетіміздің өсе бастағанын аңғартатын сияқты. Әрине, ара-тұра қызбалық бой көрсетіп жатты. Бірақ Республика егемендігі туралы декларацияда айтылған қағидатты мәселелер ешкімді енжар қалдырмаса керек. Сондықтан қайсыбір қызбалықтарға түсіне қарағаннан ұтылмасымыз анық», деп ой түйіндейді мақала авторлары.
Мақалада жарыссөзге шығып сөйлеген депутаттардың көпшілігі ресми декларация жобасының жақсы жақтарын атап өткені, қайсыбір кемшін тұстарын да көрсеткенін жазады. Сонымен бірге сөз алушы депутаттар «Демократиялық Қазақстан» ұсынған балама нұсқадағы теориялық тұрғыдан қате тұжырымдарды ашып көрсетіпті.
«Мысалы, депутат Ж.Әбділдин ондағы ұлттық мемлекеттіліктің праволық мемлекетке карсы қойылуын өзінің құптайтындығын білдірді. – Ұлттық мемлекеттілік өтіп кеткен кезең дегенге келіспеймін, деді ол. – Бізде бұған дейін бірыңғай өктен жүйе үстемдік етіп келді. Қазақ ССР декларациясының жобасында республикада тұратын барлық ұлттың мүддесі көзделген.
«Демократиялық Қазақстанның» өкілдері (олардың жалпы саны – 30), Б.Белик, М.Оспанов, Е.Ертісбаев, Ю.Сухов сөз алған кезде өздері ұсынып отырған декларацияның балама нұсқасының iлгерішілдігін дәлелдемек болды. Оның басты ерекшеліктері республикамыздың келешегін Ұлттық мемлекеттікпен емес, азаматтық қоғаммен байланыстыру, еңбек коллективтерін бейсаясаттандыру, яғни онда партия ұйымдарының құрылуына тыйым салу болып отыр.
Депутат Ю.Суховтың пікірінше, барлық республика декларациялар қабылдап жатқанымен, онда тұратын халықтар өздерінің келешегі үшін мазасызданудан арылған жоқ. Себебі оларда түпкілікті емес ұлт өкілдерінің мүдделері нашар ескерілген. Сондықтан Қазақстанның жағдайында тек азаматтық мемлекеттіктің егемендігі декларациясын жариялау ғана саяси тұрақтылық пен ұлттардың татулығын қамтамасыз ететін көрінеді», делінген мақалада.
Авторлардың сөзіне сүйсенсек, Ю.Суховтың мәжіліс залындағы депутаттардың өздері де салқын қарсы алған. Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген К.Айтаханов, Ә.Кекілбаев, С.Зиманов, С.Сартаев сияқты депутаттар «Демократиялық Қазақстан» тобы қағидаларының қателігін дәлелдейтін тұжырымдар келтірген көрінеді.
«Әсіресе балама декларациядағы саяси партиялардың еңбек коллективтерінде, оқу-тәрбие ошақтарында, сот жүйесінде, қарулы күштер мен ішкі істер және қауіпсіздік органдарында жұмыс істеуіне тыйым салынуының жөнсіздігі ескертілді. Өйткені бұл адамның еркіне қысым көрсеткендік болар еді. Ал мұның өзі «Демократиялық Қазақстан» деген әдемі атты таңдап алып отырған депутаттар тобының мақсатына қайшы келеді.
Пікірталастың соңында талқылау барысында айтылған ескертулерді декларация жобасына енгізу жөнінде арнайы комиссия құрылды. Депутат С.Зимановтың төрағалығымен құрылған бұл комиссияның құрамына «Демократиялық Қазақстанның» өкілдері де енгізілді. Оның қорытындысы бір аптадан кейін депутаттардың назарына ұсынылады», дейді мақала авторлары.