• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 03 Қазан, 2023

«ALEM SAZ»: жеті жұрттың өнері

247 рет
көрсетілді

Ел астанасы бүгінде халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралардың алаңына айналды. Мұның айқын мысалы – күні кеше ғана аяқталған «ALEM SAZ» II Халықаралық музыка фестивалі. Алтын күздің айшықты жобасына теңелген фестиваль 27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында елордалық көрерменге түрлі елдің түрлі аспаптағы музыкасынан шашу шашты. Атап айтсақ, Түркия, Жапония, Мажарстан, Германия, Пәкістан, Испания, Ресей елдерінің үздік өнерпаздары қазақ сахнасында өнер көрсетті.

Әлем мәдениетін шы­ғар­­машылық ынтымақтастық арқы­лы бір платформада бірік­тіруге арналған халықаралық фес­ти­валь Мәдениет және ақпарат министр­лігінің және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, Роза Бағланова атындағы «Қазақ­кон­церт» мемлекеттік концерттік ұйы­мы­ның ұйым­дастыруымен өтті.

Еске салсақ, аталған ауқымды мәдени жоба былтыр Қазақстан мен әлемнің 76 елі арасындағы дипломатиялық қарым-қаты­нас­тар­ға және АӨСШК (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) құрылғанына 30 жылдығын мерекелеу аясында алғаш рет ұйымдастырылған еді. Іс-шараға Италия, Германия, Үндістан, Ресей, Испания, Бела­русь, Түркия елінің музы­кант­­тары қатысып, 13 мыңнан аса көрер­мен тамашалады.

Фестивальдің биылғы маусымы Испа­ния­ күнімен басталды. Испандық гитарашы Амос Лора және композитор Гито Малета дуэті «Фламенко Джаз» атты шығармашылық кешін ұсынды. Айта кетейік, виртуоз гитарашы Амос Лора – қазіргі заманның танымал жас музы­кант­тарының бірі. Ол джаз, рок және куба музы­касының орындаушылары­мен бірлесіп көрсеткен өнері мен кәсі­би­ шеберлігінің арқасында әрқашан көрер­мен­нің ыстық ықыласына бөленіп жүреді. Атал­ған кешке композитор, көп­теген кино­фильмнің музыка­сы­ның авторы Гито Мале­та қа­тыс­ты. Испания күні аясында Астана Қолөнершілер альянсының сәндік-қолданбалы өнер көрмесі ұйым­дас­­ты­рыл­ды. Сондай-ақ Амос Лора «Фламенко Джаз» стилінде гитарада ойнау техникасы бо­йынша шеберлік сағатын өткізді. Бұдан бөлек, «Дос-Мұқасан» (Қазақстан) және «Иберия» (Испания, деректі, мю­зикл, ағылшын тілінде) фильм­дері көрсетілді.

Ал екінші күн Ресей халық­та­ры­ның өнеріне арналса, үшінші күнінде Түркия елінің мәдениетіне куә болдық. Бұл кеште «Thrace Quartet» атты Түркияның танымал шығармашылық ұжымы өнер көр­сетті. Аталған топ дәстүрлі этни­ка­лық әуендер мен ритмдерді заманауи джаз элементтерімен шебер үйлес­тіреді. Квартетке кларнетші Серкан Чагры және пианист Тулуг Тыр­пан жетекшілік етеді. Thrace Quartet әлемнің түкпір-түкпірінен жина­­ған музыкалық аспаптары мен тембр­­­лерді джаз жанрының еркін­дігі мен импровизациясы арқылы ұтымды бірік­ті­реді. Әлем­нің әр бұрышынан келген түр­лі стильді топтастырып, көрерменге бай дыбыстық тәжі­ри­бе ұсынады. Thrace Quartet джаз­дың стандартты ырғақты құры­­лым­­дарымен шектелмейді, өз музы­касын ерекше түрлендіру үшін музыкалық нота­ларды құбылтады. Түркия күні аясында түрік тағамдарынан дәм тату, «Ана­долы коллекциясы және Бейоғлу даму институтының 60 жыл­дығына арнал­ған коллекциясы» сән көрсетілімі, түрік қол­өнерінен шеберлік сағаттары (кал­­лиграфия, тоқу, батик, түрік кестесі, Мараш жұмыстары, майлы бояумен сурет салу), «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қаты­нас­тарының құжат­тары» атты көрме, Түркияның 100 жыл­дығына орай сурет салу, профессор, доктор Әуез Байдабеков және доцент, доктор Омер Займоғлының «Орталық Азиядан Анадолыға дейінгі түрік өне­рі­нің іздері және Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сіндегі гео­метриялық элементтер» атты семи­нары өтті. Сондай-ақ «Вabam ve oğlum» («Әкем мен ұлым») фильмі көр­сетіліп, клар­нетші Серкан Чагры мен пиа­­нист Тулуг Тырпанның «Ана­долыға тән импровизация әдіс­те­рі» атты шеберлік саба­ғы ұйым­дас­тырылды.

Келесі күнгі музыкалық кеште­ танымал жапондық скрипкашы­ Маюко Кацумура мен гобой­шы Миямура Кадзухиро Қазақ мемле­кет­тік­ сим­фо­ниялық оркес­трінің сүйе­мел­деуімен көп­шілікке классикалық және заманауи өнер туындыла­рын­ тарту етті. Концерттік бағ­дарламада жапондық және Қазақ­стан композиторларының танымал шығармалары орындалды. Мәселен, жапон музыканттары Ғазиза Жұбано­ваның шығармашылығындағы сүйекті туындысы скрипка мен оркестрге арналған концертін орындады.

Скрипкашы Маюко Кацумура сахнадан түсе сала қазақ музыкасынан алған әсерімен бөлісті.

«Осыдан жиырма жыл бұрын студент кезімде алғаш рет Астанаға келдім. Осында бір байқауға қатысқан едім. Ол кезде Астана енді елорда болып жатқан еді. Ал қазір араға осынша уақыт салып келіп, таңғалып тұрмын. Жиырма жылда Астана қатты өзгерген. Қазақстанда өнер көрсетуге ұсыныс түскен кезде мен қазақ­тың классикалық музыкасынан еш­қандай хабарым болған жоқ. Сосын ютуб­тан Ғазиза Жұбанованың скрипка мен оркестрге арналған кон­цер­тіне көзім түсті. Бірінші акт басталғанда-ақ ерекше күй кеш­тім, әуеніне еліттім. Ол музы­ка­дан­ жапон­дық ырғаққа ұқсас бір әуез­ді­ бай­қа­дым. Өйткені біз азиаттардың жан дүние­сін музыкада­ бөлісеміз. Қазақ­тар­дың ал­дын­да өзім тебіренген, жан-тәні­м­мен қа­был­­даған осы шы­ғар­­маны орын­дай алға­ны­ма қуа­ныш­ты­мын», деді скрип­кашы.

Ал гобойшы Миямура Кад­зу­хи­ро, ­ең алдымен құшақ жая қарсы алған елі­міз­дің ыстық ықыласына тәнті болды.

«Қазақтардың аңызға айнал­ған қонақ­жай­лылығына ризамын. Тіпті көшеде келе жатсақ, біз­ден­ жол сұра­ғандар да бол­ды. Бұл бір қызық сезім, шетелде жүр­­сек те осы қаланың тұрғыны сияқ­ты­ қабылдап жатыр. Шын мәнін­де, түр ұқсас­тығымыздан бөлек бізді байланыс­тыратын дүние көп. Ішкі рухани күш, ортақ мәдениет, өнерде де ұқсас әуездер бар. Скрипкашы Маюко қазақ музыкасын таңдады, ал мен гобой анкорымен жапонның халық әнін алдым. Біз арнайы екі халықтың классикалық музыкасын қатар таңдадық. Бұл екі ұлт­тың классикалық музыкасындағы ортақ әуездерді көрсетуге жақсы мүмкіндік болды», деді гобойшы.

Бұл күні Күншығыс елінің ерекше романтикалық атмосферасын беретін «Между нами», «Место, где живет Мори» фильмдерінің көрсетілімі болды.

Музыка фестивалінің ендігі қонақтары – Мажарстан мен Пәкіс­тан әртістері. Таны­­мал мажар­стандық пианист һәм ком­позитор Каэль Норберт классикалық шы­ғар­маларды айрықша орын­­дауымен ерек­шеленеді. Мажарстанның жетекші бара­бан­шысы, өз елінде джаз байқауының бірін­­ші жүлде иегері Андраш Лакатос пен әлем­дегі беделді джаз фес­тивальдерінде көрер­меннің ыстық ықыласына бөленіп жүр­ген контрабасшы Питер Олахтың өнер­­лері көпшілікті таңғалдырды. «Тұран»­ этно-ансаблімен бірге өнер көр­сет­­кен мажарлар алдағы жоспарларымен де бөлісті.

«Тұран» ансамблінің әртіс­те­рі­мен­ дайындық жұмыстары сәтті өтті. Сах­на­дағы орындауымыз да жаман шық­паған сияқты. Бізге бір ой келді, бола­шақ­та «Тұран» этно-ансамблімен бірге үлкен концерт берсек дейміз. Екіжақты бірік­тірсек, жақсы үйлесім шығатынын бай­қадық. Кең-байтақ қазақ елінде өнер көр­сету – біз үшін мәртебе. Қазір арада қан­ша уақыт өтсе де, екі халықты байланыс­ты­ра­тын көп дүние бар, әсіресе музыка. Екі ха­лықтың да өнеріне фольклорлық бел­гі­лер­ тән», деді Каэль Норберт.

Содан кейін Пәкістанның жетекші әр­тістері Розмари Муш­так­ пен Джабар Аббас­тың орын­дауын­дағы түрлі шығыс әуен­дері шырқалды. Сонымен қатар «Qazaqstan» орталық концерт залы­ның фойесінде «Пәкістанның өнері мен мәде­ние­ті» көрмесі ашыл­ды. «Parwaaz Hai Junoon», «Waar» фильмдері Пәкістан өнері­мен­ жақынырақ таныстырды.