• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Президент 04 Қазан, 2023

Мемлекет басшысы «Тұран» газ жылу станциясына барды

265 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының, сорғы-сүзгі станциясының және үшінші ЖЭО-ның құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының және жалпы қуаты сағатына 700 гигакалорий болатын «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің құрылыстары аяқталды.

«Оңтүстік-Шығыс» станциясы Мынжылдық аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Бағыстан» тұрғын алабы сияқты құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан аудандарды, ал «Тұран» станциясы қаланың сол жағалауында жаңадан салынып жатқан аумақты тұрақты жылумен қамтамасыз етеді. Аталған газ жылу станциялары биылғы жылыту маусымының басынан бастап іске қосылатыны айтылды.

Жоспарға сәйкес, жыл аяғына дейін үшінші ЖЭО-ның құрылысы аяқталады. Үш жаңа нысан қаланы қосымша жылумен қамтамасыз етеді. Оның қуаты – сағатына 1140 гигакалорий.

Әкім атап өткендей, «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңінің салынуы және «Тельман» жаңа газ жылу станциясы қуаты сағатына 850 гигакалорий болатын қосымша жылу береді.

Құрылыс компаниясының өкілдері Қазақстанда газ жылу станцияларының өндірістегі отандық үлесін арттыру үшін газ жабдықтарын өндіруші кәсіпорынмен арада уағдаластықтар бар екенін жеткізді.

Президент газ жылу станцияларын кезең-кезеңмен пайдалануға беруді тапсырды.

«Ең алдымен, жобалардың сапасы жоғары болуға тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Мұндай жобалар қалаға өте қажет. Мен бұл жерге осы мақсатпен келдім. Әр қалада үш негізгі мәселе бар. Олар – жылу, жарық және су. Тұрғындар бұл қажеттіліктермен міндетті түрде қамтамасыз етілуі керек. Оның үстіне, сөз елорда туралы болып отыр. Ешқандай кідіріс болмауға тиіс. Бұл, түптеп келгенде, біздің мемлекетіміздің беделі мен имиджіне қатысты мәселе. Сондықтан аталған мәселені бәріміз жұмылып, міндетті түрде толық шешуіміз қажет», деді Мемлекет басшысы.

Жеңіс Қасымбек Президентке Астана су қоймасынан тартылатын су құбырының және сорғы-сүзгі станциясының іске қосылуы жөнінде айтты.

Оның мәліметі бойынша биылғы қарашада Нұра жерасты су көзінен қуаты 48 мың текше метр болатын су құбырын тарту, сондай-ақ «Тельман» сорғы станциясының қуатын күніне 160 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобалау жұмыстары аяқталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елорда халқының саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанына байланысты қосымша су көздерімен қамтамасыз ету жолдарын іздеу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ қаладағы жаңа жылу нысандарының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырды.