• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Дін 04 Қазан, 2023

Аманжол Әлтай: Жат ағымдарға көндігіп, уағызшыл болып барамыз

252 рет
көрсетілді

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Премьер-министр Әлихан Смайыловқа діни идеология туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Оның айтуынша, жат діни ағымдар қазақ жастарын соқыр фанатизмге, радикализмге итермелеп жатыр.

«Біз Парламенттегі ең ірі фракция ретінде ұлтты бөлетін, арамызға жік салатын теріс әрекеттерді де тезге сала алатынымыз анық. Елді бөлшектеуге жол жоқ. Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбейіп жатыр. Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар, тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл – ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп!», деді Аманжол Әлтай депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып отыр.

«Бірақ бүгінгі ахуал өткеннің қателігінен сабақ алмағанымызды көрсетеді. Атаның батасын, әкенің ақылын, ананың өнегесін бойына сіңіре білген, сенімі берік, намысшыл халық едік, жат ағымдарға көндігіп, уағызшыл болып барамыз. Бірігуге емес, бөлінуге, өнегеге емес, өсекке өңешімізді созамыз. Өзіміздің асылымыздан жеріп, өзгенің жасығына үйірміз. Танымымыз тарылып, нанымымыз лайланып, қоғамның түсінігі қырыққа бөлініп жатыр», деді Аманжол Әлтай.