Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада «Ұлттық валюта – Қазақстан тәуелсіздігінің белгісі» атты кітап көрмесі ашылды. Қазақ теңгесінің арғы-бергі тарихы мен тәуелсіз Қазақстандағы ақша қатынасының қалыптасуы, сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуы жөніндегі 100-ге жуық ғылыми-танымдық еңбектер көрініс тапқан көрменің ашылу рәсіміне жергілікті ғалым-ұстаздар, студенттер мен оқушылар, банк саласының өкілдері, әскерилер қатысты.
Төл теңгеміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған көрме төрт бөлімнен тұрады. «Ақша тарихы – халық тарихы» деп аталатын алғашқы бөлімге қойылған кітаптар қазақ теңгесінің ықылым замандардағы тарихын, Ұлы Жібек жолында жатқан Отырар қаласы сияқты ірі сауда орталықтарындағы ақша қатынасы туралы баяндайды.
Ал «Теңге – елдіктің ерекше белгісі» атты бөлімде теңге авторлары мен ұлттық валютаның қалыптасып, дамуын баяндайтын іргелі еңбектермен қатар, күнделікті бұқаралық басылымдарда жарияланған танымдық мақалалардың қиындылары қойылған. Бұл бөлімдегі еңбектердің ішінде теңге дизайнін жасап шыққан авторлардың бірі, суретші Хайролла Ғабжәлеловтің «Теңге» кітабына қызығушылық танытқандар көп болды.
Салтанатты рәсімге арнайы келген Ұлттық банк филиалының өкілдері көпшілікке мерейтойлық және ескерткіш монеталар жиынтығын көрсетіп, әр монетаның шығу тарихын әңгімеледі.
Кітапханашы Шәрипа Досжанованың айтуынша, «Қазақстан экономикасы: кеше және бүгін» деп аталатын төртінші бөлімде еліміздегі экономикалық реформалар мен нарықтық қатынастардың қалыптасып, дамуы жөніндегі ғылыми еңбектер қойылған. Көпшілік оқырман залына қойылған көрме жыл соңына дейін жұмыс істейді.
Қостанай облысы