• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мектеп 05 Қазан, 2023

Тірек мектептер қатарын толықтырды

513 рет
көрсетілді

Ілгеріде өңірдің білім саласында өзекті мәселе жетіп артылатын. Кейінгі жылдары ағарту саласындағы қордаланған мәселені шешу жолында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Ең бастысы, жергілікті атқарушы билік балалардың сапалы білім алуына қолдан келгенше жағдай жасап жатқаны – құптарлық іс.

Білім саласын дамыту мақсатында қолға алынған жобалар аз емес. Әрине, әрбір жобаның өз миссиясы бар. Әйтсе де «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының орны бөлек екені рас. Бүгінде өңірде аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп отырғаны талас тудырмайды. Әлеуетті жобаның жемісін өңірдегі бірқатар ауылдық мектеп те сезіне бастады. Әсіресе шалғай аудандардағы білім ордаларына айрықша назар аударыла бастағаны қуантады.

Бірер күн бұрын Жамбыл облысы аумағының 30 пайызын алып жатқан Мойынқұм ауданының орталығы Мойын­құм ауылының тұрғындары да әлеуетті жобаның шарапатын сезінді. Нақтырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов атын­дағы білім ордасы жергілікті жұрт­шылыққа тірек мектебі ретінде таныстырылды. Дәл сол күні Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі де тірек мектебі ретінде жұмысын бастағанын айта кеткен жөн.

Қысқасы, осы жылы «Ауылдық жер­лер­дегі тірек мектептердің әлеуетін да­мыту» жобасына өңірден екі мектеп қосылып, оқушылардың игілігіне берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауының нәтиже­сінде 250 млн теңге бөлініп, білім ошақ­тарының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды.

Жоба жетекшілері өздеріне жүктел­ген міндетті әрі қарай да абыроймен жал­ғастыруға ниет білдіріп отыр­ғаны жан семіртеді. Олар ауыл бала­ла­ры­ның әлеуеті қалада білім алатын жасөс­пірім­дерден еш кем емес екеніне бек сенімді.

Мойынқұм ауылында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы тірек мектебі­нің таныстырылымына қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жоба аясында атқарылған жұмыс туралы өз ойы­мен бөлісті.

– Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тың тапсырмасына сәйкес білім саласындағы жұмыстарды одан әрі қарай жандандырудың маңызы зор. Бүгінде өңірімізде бірқатар жұмыс қолға алынғаны белгілі. Осы жылдың өзінде 25 білім нысанының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 9 мектеп және 5 мектептің қосымша құрылысы аяқталды. Расында да, ағарту саласында атқарылатын жұ­мыс аз емес. Нақтырақ айтар болсам, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 білім ордасын салуды жоспарлап отырған жайымыз бар. Оның 7-еуі 2024 жылы, қалған 5-еуі 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жал­пы алғанда, тұрғындардың санасында «қала мектептерінде оқитын жас­өс­­пірімдердің білімі ауылдықтарға қара­­ғанда анағұрлым жоғары» деген түсі­нік қалыптасып қалғаны жасырын емес. Бү­гінде ауыл мен қала мектеп­тері ара­сындағы оқушылардың білім сапа­сындағы алшақтықты жоюдың маңы­зы зор екені белгілі. Осы тұрғыдан келген­де айтарлықтай жемісті жұмыс атқа­рып жүрген «Қазақстан халқына» және «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорына алғыс білдіреміз. Бірлесіп іске асырар жұмыс аз емес, – деді өңір басшысы.

Еліміздің барлық өңірінде іске асып жатқан ілкімді жобаға «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорынан бөлек «AITAS» холдингі, Назарбаев зият­керлік мектептері айтарлықтай зор үлес қосып жатқанын айта кеткен ләзім. Қазіргі кезде Назарбаев зият­керлік мектебінің білікті мамандары ұстаздарды тағылымдамадан өткізу жұмыстарын бастап кетті. Олар ауыл­дардағы тірек мектептерде еңбек ететін педагог мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысты жылдар бойы жүргізуге ниетті.             

– Өзіміз белгілеген жоспар аясында ай сайын оқыту үдерісіне жүйелі түрде қолдау көрсетеміз. Қыркүйек айының алғашқы аптасында физика, химия, биология пәнінің мұғалімдеріне жаңадан жеткізілген құрал-жабдықтармен жұ­мыс істеуді толықтай үйреттік. Жал­пы алғанда, тірек мектептерінің мұғалім­деріне қолдан келгенше көмектесуге әзірміз. Алдағы уақытта өзге мұғалімдер де біздің мектептің озық тәжірибесімен танысып, жұмыс барысында қолданатын болады. Одан бөлек, әдістемелік көмек көрсетіп жатқан жайымыз бар. Өз кезе­гінде ұстаздар әртүрлі зертханалық жұ­мыстарды іске асыруға белсене кіріс­кенін айта кеткен жөн. Біз ауыл мек­тептеріндегі ұстаздарға үш жыл бойы қолұшын береміз деп жоспарлап отырмыз. Білікті мамандарымыз оларға бар білгенін үйретеді. Атқарылған жұ­мыс­тардың нәтижесінде ауыл балала­ры­ның білім сапасы жақсарады, – дей­ді Тараздағы Назарбаев зияткерлік мек­тебінің директоры Қарлығаш Абдрах­манова.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры бөлген 250 млн теңге есебінен мектептегі 36 ка­бинет толықтай жабдықталған. Олар­дың ішінде STEM зертханасы, арт-студия мен киностудия, роботтехника кабинеттері бар. Бұл әрине, ауыл мектептері үшін қуанышты жаңалық екені даусыз.

Тұрар Рысқұлов атындағы мектепте 70 ұстаз еңбек етеді. Олар ке­зең-кезеңімен Назарбаев зият­керлік мектебінің қарқынды оқыту бағ­дар­ламасын меңгеріп, ауыл балаларын озық бағдарламалар негізінде оқытпақ. Осылайша, елді мекендер­де тұратын қаракөздердің білім деңгейін қалалық балалардың білімімен теңес­тіруге күш салмақ.

Жалпы алғанда, «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қоры Жамбыл облысында осымен үшінші білім ордасын тірек мектептер желісіне қосып отыр. Бұған дейін Сарысу ауданына қарасты Саудакент ауылындағы Балтабай Адамбаев атындағы мектепке көмек көрсеткен болатын. Қор жетекшісі Данияр Тоқтарбаевтың айтуынша, қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені тірек мектептердің желісіне қосылуға ниет білдіріп отырған білім ордасы аз емес.

– Бұл жұмыс осы жылмен тоқтап қалмайды. Келесі жылы өңірдің тағы 8 мектебін тірек мектептер желісіне қо­самыз деп отырмыз. Еліміздің әр ауда­нынан кем дегенде бір білім орда­сын тірек мектептер қатарына қос­сақ, одан ешкім ұтылмайды. Ал бұл білім ор­да­лары жақын маңайда орналас­қан шағын жинақы мектептермен тәжіри­бесін бөліседі. Нәтижесінде, аядай ауылдарда оқитын балалар да сапалы білімге қол жеткізеді, – дейді Д.Тоқтарбаев.

Шыны керек, біршама уақыт бұрын мойынқұмдықтар «біздің ауданның мектептері осы жобаға қашан енеді екен?» дегенді жиі айтып жүретін. Өйткені шалғай аудандағы ауыл тұрғындары да балаларының ізденіс ізіне түсіп, сапалы біліммен қамтылғанын қалайтын. Енді, міне, аудан орталығындағы білім ордасы тірек мектептердің желісіне қосылып, жаңа бағытта жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Облыстық білім басқармасы басшы­сының орынбасары Айдын Досыбаева келтірген дерекке зер салсақ, алдағы уақытта өңірде бірнеше жаңа мектеп бой көтереді. Нәтижесінде, қордаланған бірқатар мәселе шешімін табады.

– Осы жылдың қыркүйек айында Жамбыл ауданына қарасты Шо­қай ауы­лының балалары жаңа мек­тепте білім алу мүмкіндігіне ие болды. 150 орындық білім ордасында оқу­шылардың сапалы біліммен қамтылуы үшін барлық жағдай қарастырылды. Бұдан бөлек, қараша, желтоқсан айларында тағы бірнеше мектеп пайдалануға берілмек. Сондай-ақ 11 нысанның құрылысы алдағы жылы аяқталады. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің білім саласындағы өткір мәселелерді шешуге басымдық беріп отырмыз, – дейді Айдын Досыбаева.

Оның айтуынша, бүгінде өңірде үш ауысымды төрт мектеп бар болса, оқушы орнының тапшылығы бар екі мектеп тіркелген. Балаларды үш ауысымда оқытатын төрт білім ордасының мәселесі 2024-2025 жылдары оңынан шешілмек. Сондай-ақ екі мектептің мәселесі қосымша құрылыс есебінен шешімін таппақ.

«Ауылдық жерлердегі тірек мектеп­тердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында атқарылатын жұмыстың ауқымы зор екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Өйткені аудандарда жаңадан бой көтеретін мектептер аз емес. Болашақта жаңа білім ордалары да жобаға енуі мүмкін. Жоба өз миссиясын толық аяқтамайынша тоқтамайды деп сенеміз.

 

Жамбыл облысы,

Мойынқұм ауданы