• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Қазан, 2023

Жазушы атындағы аудитория

225 рет
көрсетілді

Шытырман хикаялы проза жанрында қалам тартқан жазушылардың арасында шоқтығы биік тұлғалардың бірі, журналист, қоғам қайраткері Кемел Тоқаев – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Екінші дүниежүзілік соғыстан орала сала, С.Киров атындағы университеттің та­рих-филология факультетінің журналистика бөлімінде білім алды. Жа­зушылық кәсібінің әліппесін университетте жүріп үйренді. Ел руханиятының асыл қазынасын то­лықтыру жолында талмай қызмет ет­кен қаламы жүйрік жазушының 100 жыл­­д­ық мерейтойы аясында Әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінде Кемел Тоқаев аудиториясы ашылды.

Детектив дарабозын еске алу шарасына келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен оқу ордасының оқытушы-профессорлары, студент жастар алдымен университет кітапханасы қорындағы қаламгер кітаптарының көрмесімен, тарихи фотосуреттермен, газет мұрағаттарындағы құжат, мақалаларымен, майдандастарының естеліктерімен танысты.

Аудиторияның ашылу салтанатында университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, қайраткер қаламгердің еңбек жолына тоқталды. Өз сөзінде ректор Кемел Тоқаев қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салушы ғана емес, Орталық Азия әдебиетінде осы бағыттың дамуына ерекше үлес қосқан жазушы екенін атап өтті. «Журналистика факультетінен елімізге белгілі көптеген тұлға өсіп шықты. Кемел Тоқаев – осы үлкен мектептен тәлім алған қайраткер түлегіміздің бірі де бірегейі. Ол дара талантымен журналистік, әдеби ортаға ерте танылған қайраткер қаламгер. Биыл елімізде ғана емес, барша Түркі әле­мінде жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жыл­дығы кең көлемде тойланып жатыр. 22 қыр­күйек күні Түркияда «Кемел Тоқаев – қо­ғам қайраткері, көрнекті жазушы, белгілі жур­налист» атты халықаралық конференция өткіздік. ҚазҰУ бұл шараны Ыстанбұл университетіндегі Фараби – Еуразия ғылыми орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференция барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы таныстырылып, тұсауы кесілді. Біздің басты мақсатымыз – Кемел Тоқаевтың шығармашылық мұрасын жаңа қырынан зерттеу, түркі әлеміне таныту, ұлт руханияты үшін атқарған қайраткерлік еңбегі мен ғибратты ғұмырын насихаттау», деді ректор. Сөз соңында университет басшысы «Бүгінгі ашылып отырған Кемел Тоқаев аудиториясы болашақ журналист, қаламгерлерді шыңдайтын үлкен мектепке айналады деген сенімдемін» деп атап өтті.

Іс-шара барысында Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай басылып шыққан «Детектив дарабозы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Жинақ үш бөлімнен тұрады. «Кемел көкжиегі» деп аталатын бірінші бөлімде жазушының бұрын кітапқа жинақталмаған көркем-публицистикалық туындылары берілген. Кемел тұлға туралы айтулы ғалымдар мен замандастарының естеліктері жинақталған екінші бөлім «Қаламдастар құрметі» деп аталады. Ал «Ізбасарлар ізеті» деген үшінші бөлімде К.Тоқаев туралы қазіргі қазақ журналистерінің, әдебиетші ғалымдардың мақалалары топтастырылған. Кітапқа  Орта­лық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен алынған материал­дар енгізілді.  Сонымен қатар ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» кітапханасы қорынан алынған фотосуреттер мен қаламгер кітаптары да осы жинаққа қосылды.

Алқалы жиында мемлекет және қоғам қайраткері Амандық Баталов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі және Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық орталығының басшысы Властимил Самек, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы, профессор Роза Қайырбаева сөз сөйлеп, Кемел Тоқаевтың азаматтық қыры мен жазушылық сыры туралы пікір білдірді.

Өз кезегінде жазушы Нағашыбек Қапал­бек­ұлы Кемел Тоқаевтың бірге оқыған курс­тасы, ардагер журналист, бүгінде 102 жасқа келген Ханымбүбі Ақжолованың ыстық сәлемін жеткізді. Құттықтау хатта: «Мен әлі күнге дейін ҚазҰУ-да оқығанымды ма­қ­­т­ан етемін. Кемел Тоқаевтың сабырлы да, сал­мақ­ты мінезін, кісілік тұлғасын еш уа­қытта ұмыта алмаймын. Газеттерге сан та­қы­рыпта мақалалар жазып, шытырман шы­ғарма­ларымен танылып, бізге де қамқор болып, университеттің қоғамдық жұмыстарына бел­сенді араласатын. Бүгінгі қарашаңырақ білім ордасында дара жазушы атындағы ауди­торияның ашылуы үлкен бастама», делінген.

Кемел Тоқаев атындағы аудитория замануи үлгіде безендірілген. Онда жазушының шығармалары, мақалалары жарық көрген басылымдар және қаламгер туралы жазылған кітаптар, фотосуреттер қойылған. Білім алушы жастардың емін-еркін сабақ оқуларына кең жағдай жасалған.

 

АЛМАТЫ