• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Президент 05 Қазан, 2023

Мемлекет басшысы: Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек

234 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды, деп хабарлайды  Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген Мағжан Жұмабаевтың сөзін айта келе, халқымыз келешектің кілті – білімде екенін терең түсінгенін, сол себепті ұстазды ерекше қадірлегенін атап өтті.

«Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді», деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделгенін, заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қоса, Мемлекет басшысы жоғары курс студенттерінің педагогикалық тәжірибесіне айрықша мән берілетінін, болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екенін айтты.

«Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педагогтердің қатары артып келеді. Қазір таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады. Жалпы, педагогтердің біліктілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент салалық министрлік біліктілік талаптарын жиі өзгерту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керек екенін айтты.

«Ойына не келсе, соны істейтін шенеуніктердің жүгенсіздігіне тосқауыл қою қажет. Мұғалімдер тыныш, тұрақты және алаңсыз жұмыс істеуге құқылы. Педагог кадрлардың 60 пайызға жуығы өңірлік жоғары оқу орындарында даярланады. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұғалімдерді қолдаудың маңызы зор. Әкімдер педагогтерді даярлау және жұмысқа орналастыру үшін қолайлы жағдай жасауы керек», деді Мемлекет басшысы.