Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттер басшылары шынайы достық пен өзара ынтымақтастық рухында дамып келе жатқан екіжақты қатынастардың жай-күйіне көңілдері толатынын айтты. Сондай-ақ олар ең жоғары деңгейдегі ықпалдастық қарқынын сақтауға дайын екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Президенттің пікірінше, Қатар Әмірінің жуырдағы сапары және Астана халықаралық форумына қатысуы қазақ-қатар ынтымақтастығына тың серпін берді.
Әңгімелесу барысында екі ел басшылары бұған дейін қол қойылған келісімдер негізінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады, сонымен қатар серіктестікті одан әрі кеңейту бағыттарын айқындады.