Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Амангелді Имановтың домбырасы сақталған. Жалпы, жұртшылық Амангелдіні алдымен батыр деп біледі. Ал оның өлең шығарып, домбыра тартқанынан бейхабар. Шындығына келгенде, халық батыры сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болған.
Жоғарыда аталған музей директорының орынбасары Элмира Алшымова бұл жәдігердің Амангелді Имановқа тиесілі екенін мұражайдың түсім кітабындағы 1964 жылы 21 тамыздағы жазба растайтынын жеткізді.
Батыр домбырасы – нағыз шебердің қолынан шыққан мінсіз дүние деуге болады. Оны еліміздің батыс аймағында қолданылатын үлгіде жасаған. 14 пернелі, шанағының көлемі сопақша. Аспаптың қапталы, беті, сыртқы сауыр дүмі жеке-жеке шабылып, шеберлікпен жымдастыра құрастырылған. Домбыраның сырты сүйекпен көмкерілген. Жасалған уақыты: ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына сәйкеседі.
Журналист Толқын Сұлтанқызы батыр атасының өнерден қаражаяу болмағанын айтады. Бас сардардың туған бауыры Есентай сырнайды керемет тартқан. «Бала күнімде Ақсары әжем Есентай атамды батыр қайнағама тартқан өнерлі деп отыратынын естіп едім», деді ол.