• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Теннис 05 Қазан, 2023

Жүлденің ауылы жақын

151 рет
көрсетілді

Елена Рыбакина Қытайдың бас ша­һары – Бейжіңде өтіп жатқан теннис­тен әйелдер арасындағы WTA 1000 тур­­ни­рінің ширек финалына жолдама алды.

Жарыстың үшінші кезеңінде отандасымыз 16 жастағы ресейлік Мирра Андреевамен шеберлік байқасып, үш сетке жалғасқан тартысты матчта жеңіске жетті. Әлемдік рейтингте 60-орында тұрған Андреева бірінші партияда Рыбакинаны біраз әуреге салды. Матч бастала сала брейк жасаған Мирра жетінші геймде де Рыбакинадан ұпай алып, бірінші сетті 6:2 есебімен өз пайдасына жазды. Екінші партияны да ресейлік теннисші белсенді бастап, алтыншы геймнен кейін 4:2 есебімен алға шығып алды. Бірақ кейінгі төрт геймде Елена жинақы ойнап, матч соңында екі брейкпен жеңіске жетті – 6:1. Ал үшінші шешуші сетте Елена ә дегеннен 5:0 есебімен алға шығып, үшінші матчболын эйс­пен тәмамдады – 6:1. Енді Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко мен италиялық Ясмин Паолини жұбының жеңімпазымен ойнайды.

Сондай-ақ Шанхайдағы турнирге қаты­сып жатқан Михаил Кукушкин алғашқы ­айналымда әлемнің 81-ракеткасы Александр Мюллерден басым түсіп, екінші кезеңге шық­ты. Ал Денис Евсеев бірінші айналымнан әріге аса алмады.