Таяу күндері Алматы қаласының травматолог-микрохирургтері аяқ-қолдарында туабітті кеселдері бар және жүре келе жазымға ұшыраған алты балаға операция жасап, 1,5 жасар баланың аяғындағы башпайын сол қолына салып берді.
Бұл операцияларды Алматыдағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының травматолог-микрохирургтері мен әйгілі микрохирург, Мәскеу қалалық РХДУ травматология және ортопедия кафедрасының профессоры Игорь Голубевпен бірге жасады. Алты бірдей кішкентай өмірді өзгерткен күрделі микрохирургиялық операциялар «Добровольное общество «Милосердие» қоғамдық қоры мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен үш күндік шеберлік-дәрістері аясында атқарылғанын айта кеткен жөн.
Ал 1,5 жасар баланың әжесі Мира Қалибекова: «Немеремнің туған кезде оң қолының білегі болмады, сол қолының бас бармағы жетілмеген екен. Қызым «ДОМ» қоғамдық қорына жүгініп, медициналық тексеруден кейін дәрігерлер аяқтағы башпайды сол қолға ауыстырып салуға болатынын айтыпты. Енді осы операциядан кейін немерем сол қолымен де ыдысын ұстап, ойнай алады. Мектепке барған кезінде екі қолымен кітап, дәптерін ұстап, жаза алатын болды деп қуанып отырмыз», дейді.
«Мүбәрак оң қол аплазиясы және сол қолдың бірінші және екінші саусақтарының ұшы жоқ болып дүниеге келген. Бала деген жүреді, ойнайды, ата-анасы оң білегіне косметикалық протезге тапсырыс берген екен. Ал башпайды қолға ауыстыру операциясы 8 сағатқа созылды. Енді бала қалпына келуі қажет. Мұндағы барлық операциялар әртүрлі сипатта болды. Науқастардың ішінде туабітті кеселдер, жарақаттан пайда болған жағдайлар да бар», дейді №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.
Ал шеберлік-дәрістеріне осы аурухананың 20 шақты маманы қатысты. Аяқ-қолдарында туабітті және жүре пайда болған кемістіктері бар барлық баланың ішінен дәрігерлер консилиумы операция жасау үшін алты пациентті таңдаған. «Мұндай шеберлік дәрістерін дәрігерлердің кәсібилігі мен бас серіктесіміз – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауынсыз атқару мүмкін болмас еді», дейді «Добровольное общество «Милосердие» қоғамдық қорының негізін қалаушы Аружан Саин.
АЛМАТЫ