• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 06 Қазан, 2023

Қайтарылған жер халық мүддесіне қызмет етуге тиіс

248 рет
көрсетілді

Ел Президентінің заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты тапсырмасына сәйкес «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, сең қозғалғаны белгілі. Осы орай­да аталған мәселенің басы-қасында жүрген Парламент Мәжі­лісінің депутаты Бақытжан БАЗАРБЕКПЕН әңгімелескен едік.

– Бақытжан Жұмабекұлы, бүгінге дейін заңсыз берілген 8 миллион гек­­тардай жер мемлекетке қай­тарылғаны белгілі. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?

– Жер ресурстарын басқару комитеті және уәкілетті орган­дары «Жер аманаты» комиссия­сымен бірге заңсыз берілген жер­лерді қайтару жұмысымен айналысып келеді. Жердің қайтарылып жатқаны – нақты факт. Алдағы уақытта мемлекетке қайтарылатын жер мөлшері 15 миллион гектарға дейін же­туі мүмкін. «Жер аманаты» рес­публикалық комиссиясы құрыл­ған кезде бастапқы мақсат заңсыз берілген 3 миллион гектар жерді мемлекет иелігіне қайтару еді. Жер ресурстарын басқару коми­теті, Бас прокуратура, жер инс­пекциялары, Парламент депутаттары, «Amanat» партиясы жұмылып, үлкен шаруаны жүзеге асырдық. Мемлекетке қайтарылған жер мөлшері 8 миллион гектарға жетті.

Енді мемлекетке қандай жерлер қайтарылды деген мәселеге келсек. Бұлар – негізінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Елімізде игерілмей, пайдаланылмай келген жер жеткілікті. Кезінде жеңіл жолмен, соның ішінде сыбайлас жем­қорлық салдарынан елді мекен­дердің маңындағы мал жая­тын жер шаруа қожалықтары, фер­мерлер, ауыл шаруашылығы ұйым­дары мен мекемелерге беріл­ген. Жер кадастры және мем­ле­кеттік жер кадастрының авто­маттан­дырылған ақпараттық жүйесі басқармасы базасын қарасаңыз да, ауыл маңындағы жерлерді қарасаңыз да игерілмей жатқанын байқайсыз. Жеке ша­руаға 100 гектар жерді пайдалану оңай емес. Ал шаруа қожалығына 10 мың гектар жер берілсе, оны қалай игереді?

Жер кодексінің 92-бабын­да жер игерілмеген, пайдала­нылмаған жағдайда мемлекеттің меншігіне қайтарылатыны көрсе­тілген. Шабындықта шөп шабы­луы қажет. Жайылымның ке­мінде 20 пайызына ауылша­руашылық жүктеме жасалуы керек. Егістік алқапқа егін егілу­ге тиіс. Осын­дай талаптар орын­далмаса, жер мемлекет­ке қай­тарылады. Өкі­нішке қарай, мың­даған гектар жер пайда­ланыл­май отыр. Мыңдаған гектар жер­­ді иеле­нушілер бар. Оны қа­­лай игеріп жатыр? Соны тек­се­ру керек. Мысалы, 100 гек­­тар жерді пайдалану үшін ауыл­ша­руашылық техникалары керек. Мал басы көбейіп, егістік­пен қамтылуға тиіс. Ондай тір­лік бай­­қалмайды. Ендеше, «Жер ама­на­ты» комиссиясы атқа­ра­тын жұмыс ауқымды. Жыл­дың соңына дейін мемлекетке қай­тары­латын жер көлемі 11-12 мил­лионға дейін жетіп жығылуы әбден мүмкін.

Жер ресурстарын басқару ко­митеті 2022 жылы 5 мыңға жуық субъектіге тексеріс жүргізді. Жер кодексінің бұрынғы редакциясы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер екі жыл­дың ішінде игерілмесе, пайда­ланылмаса, мемлекеттік меншікке қайтарылатын, сотқа талап-арыз берілетін. Қазір бұл мерзім 1 жыл­ға азайтылды. Кей­бір жер ие­лері бойынша процесуалды мерзім өтпеген. 5-6 жылға жал­ға берілген жерлердің мер­зімдері енді аяқталып жатыр. Егер олар жерді игерме­се, жал­ға алу шарты жаңа мерзім­ге ұзар­тылмайды. Басқаша айт­қан­­да, ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жерлерді игеру-игер­меудің мәселесі заң аясында қарас­тырылып, жауапкершілік кү­шейтілді. Бас прокуратура мен Жер ресурс­тарын басқару комитетінің өзара үйлестіру жұмысы жолға қойылды. Ендеше, түпкі нәтиже әлі алда.

– Заңдарға енгізілген өзге­ріс­тер туралы айтып отырсыз. Нақты қандай түзетулер ен­гізіледі?

– «Жайылымдар туралы» заң аясында бірқатар өзгеріс жасалады. Басты мәселе «қо­ғамдық жайылым» ұғымы енгізіледі. Құжат бірінші оқы­лым­нан өтті. Енді заң жобасы екінші оқылымда қаралады. Бұ­рын Жер кодексінің талапта­рында және «Жайылымдар ту­ралы» заңда мұндай ұғым бол­ған емес. Игерілмеген, пайда­ланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтар­ғаннан кейін ол қоғамдық жайы­лым ретінде ресімделуге тиіс. Жер кодексінің 101-бабына сәй­кес соттың шешімімен қай­­та­рылып алынған жерлер ар­­найы жер қорына беріледі. Содан кейін жергілікті ауылдық әкім­діктің балансында болады. Осылайша, жер кадастры базасында қоғамдық жайылым деп есептеледі.

Қоғамдық жайылымда сол елді мекендегі барша тұрғынның малы еркін жайылуға тиіс. Ал оның көлемі, яғни қай ауылға қанша мөлшерде қоғамдық жайылым қажет екенін ауылдық округ әкімдігі аудандық мәслихатпен ақылдасып, анықтайды. Сондай-ақ «Жайылымдарды басқару жоспары» деген құжат бар. Соған сәйкес, әрбір ауылдық округіне мал жаюға қажетті жер көлемі анықталады. Ауыл әкімі елді мекенде қанша адам тұратынын, қанша мал басы бар екенін біледі ғой. Осыған сәйкес, нормативтерін есептеп, қажетті жайылым аумағын белгілейді де, оны Жайылымды басқару жоспарына енгізеді.

Өкінішке қарай, көптеген елді мекеннің маңындағы ауыл шаруашылығы жерлері же­ке­меншікке өтіп кеткен. Кейбі­реуі заң аясында жұмыс істеп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Жайы­лымды басқару жоспары­на сәйкес енді сол жер мал жаю­ға арналуы мүмкін. Ондай жағ­дайда Жер кодексінің 84-ба­бының 2-тармағының 5 және 6-тар­мақшасына сәйкес, мал жая­тын жер мемлекеттің қа­жеттілігі үшін алынады. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 62-1-бабына сай, жер мемлекет қажеттілігі үшін алынған жағдайда оның өтемақысы екі нысанда беріледі. Біріншісі, мү­ліктің нарықтағы құнына тең ақшалай өтемақы. Екіншісі, соған құны тең жер. Алынған жер арнайы жер қорына өткізіледі. Содан кейін ол ауылдық округтің қоғамдық жайылымы саналады.

– Қоғамдық жайылымның шекті мөлшері бола ма? Мы­салы, ауылдан 5 шақырым қа­шық­тыққа дейінгі жерлерді же­кеменшікке өткізбеу деген се­кіл­ді талаптар енгізіле ме?

– Осы ұсынысты 2021 жылы Үкіметтің жер комиссиясы отырысында көтерген едім. Көп ауыл өзінің жайылымдық жерінен айрылып қалған. Комиссияның мүшесі ретінде оның радиустық мөлшерін белгілеуді ұсындым. Мысалы, 5-6 шақырым деген секілді. Бірақ мұның да ескеретін тұсы бар. Ауылдар әртүрлі ғой. Кейбірін 100 отбасы мекендесе, келесісінде 500 тү­тін бар. Сол себепті жағдай әр­­түрлі. Мысалы, 100 отбасы бар ауылда 30 үй ғана малын өріс­­тетеді. Ауыл шаруашылығы мақ­­­са­тындағы 5 шақырым жер­ді жайы­лым мақсатында қалып­тас­­тырсақ, бірнеше мәселе туын­дайды. Біріншіден, 30 отбасына 5 шақырым көлемдегі жайылымдық жерді қайтаруға мемлекеттен қосымша қаражат бөлу қажет. Бұл – қыруар сома. Ал келесі жақта 500 отбасы мекендеген ауылдың 200 үйі мал жаюы мүмкін. Салыстырмалы түрде қарасақ, екіншісіне басымдық берген дұрыс емес пе? 30 отбасы мал жаятын ауылға қарағанда екінші ауылда 200 үй мал жайса, солардың радиусын 5 шақырым еткен әлдеқайда тиімді.

Мұндай шекті мөлшерді заңға тәуелді актілерде ескерген жөн. Үкіметтің жер комиссиясы менің ұсынысымды қабылдады, бірақ соңғы нұсқада радиус деген сөзді қоспаған. Жалпы, жер комиссиясы ұсынысымды қолдады, бірақ радиус сөзінің орнына «Жайылымдар туралы» заңның 13-бабына сәйкес, әрбір ауылдың ішкі және сыртқы шекарасы деген ұғымды енгізді.

– Жоғарыда мемлекеттің қажеттілігіне алынатын жерге өтемақы төлеу туралы айт­­тыңыз. Бұл норма нақты қалай жұмыс істейді? Мысалы, өтемақыны қасақана жоғары не төмен қойып төлеу деген се­кілді мәселе туындамай ма?

– Өте дұрыс сұрақ. «Мемле­кет­тік мүлік туралы» заңның да шикілігі бар. Тендерді жеңген ба­ғалаушы компания әкіммен не жердің иесімен сыбайлас болуы ықтимал. Айталық, әкім бағалаушының қызметіне төлем жасайтындықтан, оған өтемақы көлемі белгілі шектен аспауы керек деген секілді астыртын талап қоюы кәдік. Бәріне бірдей өтемақы мөлшерін белгілеу мүмкін емес. Өйткені біреу бас­пананы қымбат құрылыс материалынан салса, екіншісі арзан материал пайдаланады. Біреуі екі қабатты, екіншісі бір қабатты үй болуы мүмкін. Оның бәрін бірдей бағалау мүмкін емес. Осылайша, кейбір әкімдері жерді мемлекет қажеттілігіне алғанда бағалаушыны ыңғайына көндіріп, әкімдіктің пайдасына қарай әр жердің бағасын тө­мен­детеді. Ал халық бұдан хабар­сыз қалады. «Мемлекеттік мү­лік туралы» заңның 67-бабы бойы­н­­­ша жерді мемлекеттік мү­лік есе­­біне алғанда, нарықтық құ­ны­мен бағалануға тиіс. Іс жүзін­де әкімнің манипуляциясы мен қысы­мының салдарынан жер иесі тиісті дәрежеде өтемақысын ала алмайды.

Сондай-ақ екінші тараппен, яғни жер иесімен сыбайластық әрекетке барып, келісуі де ықти­мал. Мысалы, жерді мемлекеттік қажеттілік үшін бағалау сомасын бірнеше есе артық көрсетіп, түскен ақшаны өзара бөлісуі мүмкін. Осындай мысалдар көп. Түркістанда 2016-2018 жылдары бас жоспар бекітіліп, соған сәйкес мемлекеттік қажеттілікке жерлер алынды. Сонда Түркістандағы бағалаушылардың біреуіне қатысты мәселе туындады. Бірін­шіден, ол бұрын-соңды баға­лау жұмысымен мүлдем айна­лыс­паған. Мамандығы бө­лек, атал­ған салада білімі жоқ. Тіп­ті Алматы қаласында есірт­кі тасымалдағаны үшін қылмыс­тық жауапкершілікке тартылыпты. Соған қарамастан, баға­лаушылардың үш күндік курсынан өтіп, тендерді жеңіп, 100-ге жуық адамның жер мен мүл­кін бағалаған. Жұмысының қоры­тындысын қарасаңыз, шоши­сыз. Екі қабатты үйді бір қабатты деп көрсеткен. Әйнекті үйді әйнек­сіз деп белгілеген. Бір қабат­ты үйді екі қабатты үйдің құны­на теңестіріп бағалаған. Біреуі болмашы соманы әрең алса, дәл сондай басқа үй иесі қомақты қаражатты қалтасына қалай басады? Өте күрделі мәсе­ле. Мұндай баға­лау­шылар қай жерде де кездеседі. Одан да сорақысы, азаматтар жер­ді мемлекеттің қажеттілігіне алын­ған жағдайда заңмен қорғал­маған. Кей жағдайда әкімдіктер мен бағалаушылар реттеу коэффиценттерін өзгертіп, ба­ғалау сомасын төмендетіп жі­береді. Екі ортада қарапайым адамдар зардап шегеді. Сон­дықтан да бұл норманы өзгер­туіміз қажет. «Жайылымдар туралы» заңда осыны ескердік. Басқаша айтқанда, ауылдық округтің балансына тиісті бюджет бөлінсе, онда елді мекен маңындағы ауыл­шаруашылық жерлерін мем­ле­кеттік қажет­ті­лігіне алып, өтем­ақысын төлейді.

Тағы бір өзгеріс – тұрғындар ауылдың маңында мал жайғанда мынандай мәселеге кезігеді. Кей елді мекен тұсында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар. Орман қоры, Іле Алатауы, Көлсай, Баянауыл, Қарқаралы деген секілді қорықтар секілді. Бірақ онда мал жаюға рұқсат жоқ еді. Енді, «Жайылымдар туралы» заң жобасы аясында ормандар, тоғайлар жоқ жерлерде, яғни ұлттық саябақтардың орман қорына кірмейтін, ашық аумақтарында ауыл тұрғын­дарының мал жаюына мүмкіндік берілмек. Бұрын оларды орманшылар кіргізбейтін, енді заң қабылданса, онда емін-еркін жайылым ретінде пайдалана алады. Осындай маңызды өзгерістер енгізілмекші.

– Мемлекет меншігіне қай­тарылған жерлер көрсетілген арнайы сайт ашылды. Бірақ сайттағы жерге қатысты деректер толық көрсетілмеген. Жерлердің иесі кім екенін, қайда екенін ашық көрсету керек шығар?

– Өте дұрыс мәселе. Мәжіліс­тің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі вице-ми­нистрі­не жер кадастры қашан ашық көрсетілетінін сұрадым. Жер кадастрын ашық көрсету туралы үшінші мәрте мәселе көтеріп отырмын. Бұған дейін Ак­тивтерді қайтару туралы заң жобасын талқылағанда да өз ұсынысымды айттым. Үкімет тарапы қабылдамады.

Игерілмей, пайдаланылмай жатқан, «Жер аманаты» комиссиясы аясында алынған жерлерді порталға енгізуіміз қажет. Қандай жерлер, қай аудан­да, көлемі қандай екені, схе­ма картасы салынып, нақ­ты шекарасы секілді деректер ашық көрсетілгені жөн. Себе­бі мемлекеттік меншік­ке қай­­та­рылған жерді жергі­лік­­ті әкім­дер басқа біреуге бе­ріп жібе­руі мүмкін. Туған-туыс, дос-жа­рандарына беру ықти­мал­ды­лығын ешкім жоққа шы­ға­ра алмайды. Сол себепті бә­рі ашық болса, халықтың күмә­н­і де сейіледі. Жаңа портал бар­лық сұраққа жауап беруге тиіс. Жердің орналасқан мекенжайы, оның нысаналы мақсаты, көле­мі, керек десеңіз, бұрынғы кадастр­лық нөмірі де көрсетілуі керек.

– Жасаған ұсы­нысым қа­был­данбады деп қалдыңыз. Сон­да жер кадастрын ашық көрсетуге кім ке­дергі?

– Негізі жер кадастры базасы ашық болуға тиіс. Жер кодексі­нің 43-бабының 14-тармақша­сында «ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы уақытша өтеулі жер пай­­да­­лану құқығына, ауыл шаруа­шылығы тауарлық өндірі­сіне, шаруа фермер қожалы­ғын жүр­гізуге берілген жер­лер­ді пай­даланушылардың аты-жө­ні­не байланысты ақпарат авто­маттандырылған ақпараттық жүйеде жариялануға тиіс» де­лінген. Бұл – заңның нор­масы.

Жер кадастры және мемле­кет­тік жер кадастрының автомат­тандырылған ақпараттық жүйесі басқармасы базасын қарасаңыз, онда жердің кадастрлық нөмірі, нысаналы мақсаты, санаты, кө­лемі, оның бөліну режімі, құ­қық­­­тық ауыртпалыққа шектеу, ор­­наласқан мекенжайы туралы ақ­парат ашық. Бірақ жер пайда­ла­нушының аты-жөні туралы мәлімет көрсетілмеген.

Қазақстан Орхус конвенция­сын бекітті. Осы құжатқа сәйкес мемлекеттің қабылдаған актілері туралы ақпараттан халық то­лыққанды хабардар болуы керек. Басқаша айтқанда, азамат құпия мәліметке кірмейтін нақ­­ты ақпаратты сұратса, оған қол жеткізуге тиіс. Яғ­ни интер­нет сайттарда, автомат­тандырылған ақпараттық жүйе­лерде, баспасөзде жария­ла­нуы қажет. Өкінішке қарай, Жер кадастры және мемлекет­тік жер кадастрының автоматтан­дырылған ақпараттық жүйесі басқармасы базасында бұл бай­қалмайды. Мысалы, 2016 жылы жерге байланысты митинг­тегі басты талаптың бірі – жер ка­дастрының ашықтығы болатын. Жер кадастрының ашықтығы туралы Активтерді қайтару туралы заң жобасына, «Жайылымдар туралы» заң жобасына ұсыныс енгіздім, бірақ өтпей қалды. Бұған Үкіметтің қарсылығы бар.

– Яғни біреулердің мүддесі бар ғой...

– Әбден мүмкін. Оны ашық көрсетпеудің негізгі себебі ретінде жеке дербес дерек дегенді сылтауратады. Бірақ ол жеке мәліметтің құпиялығы туралы заңда көрсетілмеген. Тек Үкіметтің қаулысында ғана бар.

– Бұл мәселе басқа елдерде қалай шешімін тапқан?

– Демократиялық даму жолын таңдаған мемлекеттер мұндай деректерді ашық көрсетеді. Жер кімнің атында, көлемі қанша, мемлекеттен қанша субсидия алады, қанша салық төлейді, қанша жұмысшы еңбек етеді, қандай ауыл шаруашылығы өнімін шығарады – бәрі-бәрі тайға таңба басқандай жазылып тұрады.

– Депутаттық сауалда­рыңыз­­да жерге қатысты көп­те­­ген мәселе көтеріп жүрсіз. Мәселен, тұрғындарға 10 со­тық­ жер беру туралы қойған сауа­лыңыз есімізде. Бұған Үкі­мет қалай жауап берді? Жауап­қа көңіліңіз тола ма?

– Қазақстанның кез келген азаматы Жер кодексінің 50-бабының 2-тармағына сәйкес, үш жерді ақысыз алуға мүмкіндігі бар. Соның ішінде ең өзектісі – жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 0,10 сотық жер. Жер кодексі 2003 жылы қабылданса да, содан бері аталған жерді иеленген адамдар саны көп емес. Ал тізімде 3,2 миллион адам тұр. Күннен-күнге оның саны ұлғайып келеді. Республикалық бюджеттен жыл сайын бұл бағытта қыруар қаражат бөлінеді. Соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған он сотық жерді әзірлеуге, су және электр жүйесін өткізуге, жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға, тиісті құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге жыл сайын 30-40 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылады. Мәселен, 2022 жылғы статис­тика бойынша облыстарға он соттық жерге тиісті инженерлік инфрақұрылымды әзірлеуге 51 миллиард теңге жоспарланған. Осы қаражатқа 2023 жылы әкімдіктер 49 мың жер телімін дайындап, тапсыруы қажет еді. Іс жүзінде 26 мың телім ғана да­йын. Қалғанына тиісті инженерлік құрылымдарды өткізу үшін бөлінген ақша іс-түзсіз жоғалған. Сондықтан он сотық жерге байланысты бірнеше ұсынысым бар. Жер кодексінің 50-бабына, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу туралы заңға тиісті өзгерісті енгізу керек.

– Сұхбат соңында біздің оқырмандарға айтар қандай тілегіңіз бар?

– «Egemen Qazaqstan» – елі­міздің бас басылымы. Әсі­ре­се, шалғайдағы ауылдарда оқыр­­маны өте көп. Сол се­беп­ті ауыл тұрғындарына қазір­гі Парламентте қызметінде оң өзгеріс бар екенін айтқым ке­леді. Алдағы уақытта «Жайы­лым­дар туралы» заң жобасы қабылданады. Жер үлескерлеріне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Соның аясында жер үлескерлерінің құқықтары қор­ғалады. Одан бөлек, сот-құқық­тық реформа аясында тағы бір заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек те көптеген тың өзгеріс енгізіледі. Басты мақсатымыз – халықтың мұң-мұқтажына жауап беретін заң қабылдау.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»