Теннистен әйелдер арасындағы еліміздің бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Қытай астанасы Бейжіңде өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің финалына шыға алмады.
Отандасымыз турнирдің ширек финалында әлемнің бірінші ракеткасы беларустық Арина Соболенконы бір жарым сағатқа жалғасқан матчта небәрі екі сетте 7:5, 6:2 есебімен тізе бүктірсе, жартылай финалда әлемнің 22-ракеткасы ресейлік Людмила Самсоноваға шамасы жетпеді. Бірінші партияда екі теннисші де бір-бір мәртеден брейк жасағанымен, тай-брейкте ресейлік теннисшінің бағы жанды – 7:6. Екінші партияның сегізінші геймінде Елена допты матчқа қосқанда жиі қателесіп, қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Ал тоғызыншы геймде Самсонова 40:0 есебімен матчқа нүкте қойды – 6:3.
Кез келген спортшының спорттық карьерасында ыңғайсыз қарсыластары болады. Рыбакина үшін Людмила Самсонова – сондай теннисшінің бірі. Себебі осыған дейін екі теннисші үш мәрте кездесіп, соның үшеуінде де Самсонованың мерейі үстем болған. Әзірге Рыбакина Людмиланың осал тұсын таба алар емес.