• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 09 Қазан, 2023

«Астана» тағы да жеңілді

157 рет
көрсетілді

Еурокубок ойындарының топтық кезеңіне қатысып жатқан елорданың «Астанасы» қатарынан екінші ойында жанкүйерлерін қуанта алмады. Конференция лигасының екінші туры аясында өз алаңында Чехияның «Виктория» командасын қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарына 1:2 есебімен жол берді.

Іргетасы 1911 жылы қалан­ған Пльзень қаласының командасы – өз елінің даңқты ұжымда­ры­ның бірі. Аталған клубтың академиясынан 2003 жылғы «Алтын доп» иегері Павел Нед­вед, өз заманында әлемнің ең үздік қақпашыларының бірі бол­ған Петр Чех және тағы басқа танымал футболшылар түлеп ұш­қан. Бір ғасырдан аса тарихы бар «Виктория» 1990 жылдан бері Чехия чемпионатында алты мәрте топ жарып, екі мәрте Чехия кубогі мен Суперкубогін жеңіп алған. Сонымен қатар жыл сайын Еурокубоктің әртүрлі лигаларында топтық кезеңде ойнап келеді.

Елордалық ұжым бұған де­йін Чехия командаларымен түрлі турнирлерде ойнағанымен, «Вик­тория» клубымен алғаш рет жасыл алаңда жолықты. Дегенмен чехиялықтар бір маусымда үшін­ші рет Қазақстан командаларымен жолдары түйісіп отыр. Ең өкініштісі, соның барлығында да Пльзень командасының бағы жанған. Биылғы Еурокубок ойын­дарының іріктеу кезеңінде «Вик­тория» Қостанайдың «Тобы­лымен» жолығып, екі ретте де жер­лестерімізді қапы қалды­рып кетті. Қостанайда өткен алғаш­қы матчта қонақтар 1:2 есебімен жеңіске жетсе, өз алаңындағы қа­рымта ойында «Тобылдың» қақ­пасына жауапсыз үш гол соқ­қан еді.

Конференция лигасының топ­тық кезеңінің жеребесі тартылып, «Виктория» «Астанамен» бір топқа түскенде ел жанкүйерлері елордалықтар «Тобылдың» есе­сін қайтарады деп күткен еді. Өкі­нішке қарай, «Астана» фут­болшылары жанкүйерлер сені­мін ақтай алмады. Тіпті ке­ше­гі матч алдындағы баспасөз мәс­­лихатында «Астана» бап­кері Гри­горий Бабаян «Тобыл­дың» жаттықтырушы құрамынан «Вик­­­­торияны» «қалай жеңуге бо­­лады» деп те ақыл-кеңес сұ­ра­ға­­нын жасырмай, жалпақ жұрт­қа жа­йып салған еді. Алайда екі бап­кердің айла-тәсілі бір чехия­лық жат­тықтырушының тактикасынан асып кете алмады.

20 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған елордадағы матч­ты «Астана» футболшылары белсенді бастап, ойынның 21-минутында Марин Томасов қар­сы­лас команда қақпашысының өрес­кел қателігінен кейін кезде­су­дің есебін ашқан еді. Бірақ ВАР жү­йесінде отырған төрешілер бас төрешіге Томасовтың голы ойыннан тыс жағдайда соғыл­ғанын дереу ескертіп, голды есепке алмай қойды. Сөйтіп, бірінші тайм тең есеппен аяқталды.

Кездесудің екінші бөлігін­де де Григорий Бабаян шәкіртте­­рі «Виктория» қақпасының ма­ңа­йындағы қауіпті шабуылдарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. 51-­ми­нутта оң қапталдан қақ­па­ға қа­рай жүйткіп келе жат­қан Дембо Дарбо бір қайырылып алды да, допты ашық тұрған Томасовқа ұзатты. Хорватиялық легионер өз әдетінен жаңыл­­май, алдымен қарсыластың бір-екі қорғаушысын алдап өтті де, доп­ты қақпаның оң жақ қапталына қарай шірене тепті. Жол-жөне­кей «Виктория» қорғаушысына ти­­ген доп бағытын өзгертіп, қақпа­ның сол жақ бұрышынан табылды – 1:0.

Дегенмен, «Астана» жан­кү­йер­лерінің бұл қуанышы ұзақ­қа созылмады. Айналдырған үш минуттың ішінде «Виктория» фут­­болшылары екі гол соғып, тара­зы басын өздеріне аударды. Алды­мен 54-минутта Томаш Хора допты басымен Йосип Чон­дрич қорғаған қақпаға дәл ба­ғыттаса, 57-минутта Лукас Каль­вач айып алаңының сыртынан дәл соққымен көзге түсті. Григорий Бабаян тең нәтижеге қол жеткізу үшін екінші таймда алаңға Абат Айымбетов, Макс Эбонг секілді футболшыларды шы­ғарғанымен, матч соңына де­йін таблодағы көрсеткіш өзгер­меді.

Осылайша, қатарынан екі матч­та жеңілген «Астана» өз то­бында соқыр ұпаймен көш со­ңында қалып қойды. Ал алғашқы екі турда 100 пайыздық нәтиже көрсеткен «Виктория» алты ұпай­мен көш бастады. Топтағы екінші ойында Косовоның «Балкани» командасы осы турдың сенса­циясын жасап, өз алаңында Хор­­ватияның «Динамосын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. «Балкани» бірінші турда «Викторияға» жол берген еді – 1:0.

«Астана» топтық кезеңдегі ке­лесі ойынын 26 қазанда сырт алаңда Косовоның «Балкани» ұжымымен өткізеді. Ал Загреб­тің «Динамосы» Хорватияда «Вик­торияны» қабылдайды.