Жетісуда мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік беретін спорттық-оңалту орталығы ашылды. Тірек-қимыл жүйесі зақымданған адамдарды қалпына келтіруге жәрдемдесетін нысан халыққа тегін қызмет етеді. Ең ғажабы, соңғы үлгідегі заманауи техникамен жабдықталған. Жүздеген жанның үмітін жаққан орталықта білікті мамандар жұмыс істейді.
Бұл орталықта негізінен омыртқаның түрлі жарақаттарынан, инсульттан, балалардың церебральды сал ауруы кезінде, І-ІІІ топтағы мүгедектіктен кейін оңалту жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс арқылы облыстық бюджеттен халыққа осы орталықта тегін негізде оңалту қызметтерін көрсету үшін 80 млн теңге бөлінген. Жылына 400-ге дейін адам қабылдай алады.
Маңызды әлеуметтік нысанның ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, орталықтың басшысы әрі негізін қалаушы Елдос Баялышбаевқа алғысын білдірді:
«Бүгін біз Талдықорған қаласында «Асар» оңалту кешенінің ашылғанына куә болып отырмыз. Бұл оңалту орталығы ерекше қажеттіліктері бар халыққа сапалы қызмет көрсетуге жәрдемдеседі деп санаймын. Баршаға кедергісіз, қолжетімді орта құру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты және бүкіл қоғамның міндеті. Бұл туралы Мемлекет басшысы үнемі айтып отырады. Биыл 162 әлеуметтік нысанды бейімдеуге 472,6 млн теңге бөлінді. Бұдан әрі осы бағыттағы жұмыс жалғасады, деді Б.Исабаев.
Жалпы, өңірде мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғаммен қатар өмір сүру үшін жағдай жасалып келеді. Мәселен, биыл Талдықорғанда «Қамқорлық» қорымен бірлесіп аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталық ашылған. Қазір оның базасында 18 жастан асқан азаматтар үшін де жағдай жасау жоспарланып отыр. Одан бөлек, Алакөл ауданының Ақши ауылында, шипалы көлдің жағасында биыл күрделі жөндеуден өткен аудандық резиденция базасында жазғы демалыс үшін балаларды оңалту лагері ашылды. Осы жазда 140 бала демалған. Бұған қоса Балқаш көлінің жағасында да осындай орталық салу жоспарда бар. Ең ғажабы онда қабылдайтын адам саны Алакөлдегі лагерьден көбірек болады. Бұл үшін алдымен жолды аяқтап, содан кейін инженерлік инфрақұрылым салу қажет. Қазір соған сай өңірде жұмыстар жүріп жатыр.
Талдықорғанда оңалту қызметтері 300 адамға көрсетіліп отырса, соның 54-і – бала. Осы ізгілікті істің басында жүрген оңалту орталығының басшысы Елдос Баялышбаевтың еңбегі зор. Оған облыс басшысы жұртшылық атынан алғысын білдірді.
«Мен бұл орталықта болғанмын. Бүгін ашылуы өткізіліп отырғанына қуаныштымын. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Мұнда газ тартып береміз, шамамен 1,5 ай ішінде жұмысты аяқтаймыз. Осындай орталықтар ерекше күтімге мұқтаж азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне, сондай-ақ көрсетілетін оңалту қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін», деген Б.Исабаев бұдан әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің құттықтау жеделхатын оқып берді. Онда Е.Баялышбаевтың әлеуметтік қорғау ісіне қосқан үлесі аталып өтіліп, орталық басшысы мен ұжымының атына тілектер жолданды.
Қатысушыларды орталықтың ашылуымен Талдықорған қаласының «Ер» тірек қимыл жүйесі зақымданған мүгедектердің қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Роза Ақжаркенова құттықтады.
«Елдос, сенің біздің қаламызда болғаныңа ризамын. Бәрі неден, қалай басталғанын білеміз және осындай жағдайға жетіп отырғаның – өзіңнің қажырлы еңбегіңнің нәтижесі. Көбісі орталыққа арбамен кіріп, оңалтудан кейін балдақпен шығады. Елдосқа қолдау көрсетіп, жобаны жүзеге асыруға көмектескендердің барлығына шын жүректен алғыс білдіремін, өйткені бұл жай ғана пайдалы іс қана емес, нағыз игі, ізгі іс. Дендеріңіз сау болсын, өмірді бағалаңыздар және бір-біріңізге қамқор болыңыздар», деді Р.Ақжаркенова.
Одан кейін орталықтың директоры Е.Баялышбаев қолдау көрсеткен әрбір азаматқа алғысын айтып, орталықтың құрылу тарихынан сыр тартты.
«2015 жылдан бастап осы жобаны іске асыра бастадым, үш жыл қатарынан «Сәби» қорының «өз бизнесіңді құр» конкурсына қатыстым. Үшінші жыл дегенде жеңіске жеттім. Сонымен қатар әр жылдары Жапония елшілігінің жабдық сатып алуға берілетін «Шөп тамырлары» грантын екі рет жеңіп алдым. Айтпақшы, халықаралық грантты бір адамның екі рет ұтуы әлемдегі екінші жағдай екен. Бұл заманауи жетілдірілген жабдықты сатып алуға үлкен қолдау болды. «Даму» қорының жеңілдік шарттары бар кредиттік қаражатын да пайдаландым. Әкімдік маған құрылыс салатын жер телімін берді. Жалпы, көп уақыт кетті, қаншама күш жұмсалып, жұмыс істелді. Соның бәрі нәтижесін берді. Бүгін орталық ресми түрде ашылып отыр. Біз хабарласқандардың барлығына көмектесуге тырысамыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз ұжымыма алғысымды білдіремін. Бастапқыда бізде 4-5 адам ғана жұмыс істеген, қазір олардың саны 30-ға жуықтады. Сіздер болмасаңыздар, осындай жетістікке жетпес едім», деді Е.Баялышбаев.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Асар» спорттық-оңалту орталығы ғимаратының жалпы ауданы 700 шаршы метрді құрайды. Физиотерапия, кинезотерапия кабинеттері, массаж және емдеу кабинеттері, психолог және логопед кабинеттері, буфет бар, кедергісіз орта қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Жобаның жалпы құны – 120 млн теңге. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы орталықта қызметтер тегін көрсетіледі, мұнда қызмет алу үшін дәрігердің тағайындауы қажет.
Жалпы, «Асар» спорттық-оңалту орталығының жоғары технологиялық жабдықтары ерекше. Мысалы, испандық экзоскелет адамға қайтадан жүруді үйренуге көмектеседі. «Бұл салмағы небәрі 17 кг болатын модель, ресейлік өндіріс моделінің салмағы – 46 кг. Елімізде мұндай модель жоқ, бұл модель қозғалыс датчиктерінің функциясына ие. Тренажердің құны – шамамен 107 млн теңге», деп түсіндірді орталық директоры.
Заманауи емдеу жабдықтарының тағы бірі – «Луна» көпфункционалды роботтанған оңалту жүйесі. Бұл ерекше тренажер неврологиялық және ортопедиялық патологиясы бар, бастан өткерген жарақаттары мен ауруларына байланысты қозғалыс бұзылыстары бар науқастарды емдейді. «Асар» орталығында АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Ұлыбритания, Испания, Польшадан әкелінген ересектер мен балаларды оңалтуға арналған 30-дан аса тренажер мен арнайы жабдық бар.
Жетісу облысы