Шөп бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Қараңыз, өңірде бір түк жоңышқаның бағасы 1800 теңге болса, бір орам жоңышқаның құны – 13-15 мың.
Шөппен айналысатын шаруалар жаңбырдың аз жауғанын алға тартып, қымбатшылыққа себеп айтуда. Ал кейбір елді мекенде шөпке шалғы өте кеш тиді. Бұрындары шілденің басында-ақ екінші орамды бастап кететін шаруалар, міне, күз ортасына келгенде ғана үшінші орамға дайындалып жатыр. Осыдан-ақ жемшөптің қыста тапшы боларын бағамдай беруге болады. Мәселен, Сарқан ауданына қарасты Қарабөгет ауылының фермерлері жаздың аптап ыстығынан көтеріле алмаған шабындықтың есесін егістік алқабынан алуды ойлап отыр. Сол себепті ауданда майбұршақ пен арпа сабандарын орап, түктеуде.
Мәселен, қазір бір түк жоңышқа 1500-1800 аралығында болса, айдың аяғы 2 мың теңгеге таппайсыз. Тіпті қамыс шөптің де бағасы ұшып барады. Ал былтыр жүгерінің бағасы сулылығына қарай кг 80-90 теңгеден, биыл да сол шамалас. Ал бидайдың бағасы шаруаларға тіпті қолайсыз болып тұр.
Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бізге берген ақпараттарына сүйенсек, 2023 – 2024 жылғы қысқы науқанға мал азығының қосымша қоры ескеріліп, аудан және қала әкімдіктеріне 2 205,5 мың тонна мал азығын дайындалып жатыр. Оның ішінде шөп – 1 236,7 мың тонна, пішіндеме – 116,7 мың тонна, сүрлем – 203,4 мың тонна, сабан – 184,7 мың тонна, жем 241,9 мың тонна қажет. Қазіргі таңда аталған тапсырманың орындалуы аудан және қала әкімдіктерінің ақпараттарына сәйкес қажеттіліктің 88,5 пайызы немесе 1 953,5 мың тонна мал азығы жиналған. Атап айтсақ, Ақсуда – 220,0 мың тонна, Алакөлде – 183,3 мың тонна, Ескелдіде – 96,4 мың тонна, Қараталда – 89,0 мың тонна, Кербұлақта – 167,5 мың тонна, Көксуда – 112,5 мың тонна, Панфиловта – 203,4 мың тонна, Сарқанда – 130,0 мың тонна, Талдықорғанда – 25,2 мың тонна, Текеліде 7,1 мың тонна мал азығы бар. Әрине, бұл өте аз. Аз дейтін себебіміз, биыл мал қыстату науқанына азықтың қажеттілігі 3 млн тоннаға дейін баруы мүмкін. Себебі қыстың былтырғыдай мінез көрсетуі ғажап емес. Қазір жемшөп дайындау жалғасуда және тұрақты бақылауда. Дәл қазір өңірде шамамен 559,6 мың ірі қара, 1 769,5 мың ұсақ мал, 189,8 мың жылқы бар.