«Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының қызмет көрсету залында өткен іс-шараға филиал ұжымы, жергілікті және республикалық баспасөз құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында «Тобыл» футбол клубының медиа-офицері Қасқырбай Қойшыманов ел газетінің ең қарт оқырманы, 99 жастағы майдангер-журналист Қасымхан Алдабергеновке «Egemen Qazaqstan»-ның бір жылдық жазылымын тарту етіп, түбіртегін қолына ұстатты.
– Бұрынғы «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егеменді» 77 жыл бойы үзбей оқып келемін. Салиқалы, салмақты ең бір сүйікті газетім. Оқып қана қоймай, кейбір көкейкесті мәселелер төңірегіндегі ой-пікірімді өзім де жазып тұрамын. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын «Терме деген терминді теріс бұрып барамыз» деген көлемді мақалам жарияланды. Ол кезде ел ішінде біреу «Әу» десе, «Өй, бұл термеші ғой!» дейтін бір үрдіс пайда болған. Соның жөнін айту мақсатында жазылған дүние еді, – дейді ардагер.
Акцияның ашылу рәсімінде «Қазпошта» АҚ Қостанай облыстық филиалының басшысы Қайрат Сағадиев газет-журналдардың қоғамдық ой-сананы ілгерілететін, күнделікті маңызды ақпараттармен хабардар етіп отыратын айтулы құрал екенін атап өтіп, көпшілікті 2024 жылғы жазылым науқанының басталуымен құттықтады.
– Биыл «Қазпошта» 30 жылдық белесін бағындырып отыр. Пошта қызметкерлерінің жалақысын өсіру мәселесі де біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Біз қазір мерзімді баспасөздің таралымын кеңейту, газет-журналдарды кешіктірмей оқырманға жеткізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Биыл өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылармен кездесіп, жазылым аясын ұлғайту жөнінде ұсыныс айтқан едік, өкінішке қарай, көбі қолдау білдіре қоймады. Сондай-ақ шалғай ауылдарға газет жеткізу мәселесі де толық шешіле қойған жоқ. Бұған шалғай ауылға қатынайтын көліктің, адамның тапшылығы қолбайлау болып тұр. Қыста ауа-райының қолайсыздығы кедергі болады. Бірақ биылдан бастап газет тасымалын бақылайтын КРІ жүйесі енгізіледі. Жаңа жүйе баспаханадан шыққан газеттің оқырман қолына қай уақытта тигеніне дейін онлайн бақылап отыруға мүмкіндік береді, – деді филиал басшысы.
Әрі қарай әр мерзімді басылым өкілдері өздеріне арнайы бөлінген жазылым орнына жайғасып, келімді-кетімді тұрғындарға газеттің шығу жиілігі, айлық, жартыжылдық, жылдық бағасы мен оған жазылу жолдары туралы ақпарат берді. Бірқатар баспасөз құралдары жазылым лотореяларын ойнатып, тұрақты оқырмандарына шағын кәдесыйлар тарту етті.
Қостанай облысы